Мемлекеттік қызметші өзгелерге үлгі болуы керек
Бүгінде мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән беріліп келе жатыр. 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің 5-тармағының талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылған сынға себепкер болмауға тиіс екендігі көрсетілді. Қазіргі таңда аталған мәселе Әдеп жөніндегі уәкілдің тікелей бақылауында және үнемі қатаң қадағалануда. Осыған орай, барлық мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыру жүктелді.
Осы тарауларда мемлекеттік қызметшілердің моральдік бет-бейнесі мен этикасына айрықша көңіл бөлінетіндігін атап өткен жөн. Мемлекеттік қызметшілердің өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы, әділдігін және ашықтығын қамтамасыз ету, жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбау, іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау жатады. Яғни мемлекеттік қызметшілер азаматтармен, ұжымда сөз сөйлеуде сыпайылық пен әдептілікті ұстануы қажет. Өз кезегінде, халықпен өзара қарым-қатынасының негізгі көрсеткіші мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы болады. Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта да жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге тиіс.
Мемлекеттік қызметші жан-жақты дамыған тұлға болуы тиіс, үнемі салауатты өмір салтын ұстануы және отбасы құндылықтарын насихаттауы қажет. Бұдан басқа, жұмыстан тыс уақытта бізге рухани баю қажет. Бұл ретте, адамның ар-намысына тіл тигізу, заңнаманы бұзу, қоршаған адамдардың тәртібі мен қауіпсіздігіне қол сұғу сынды адамгершілікке жатпайтын қылықтарға жол бермеу керек. Жұмыстан тыс уақытта мемлекеттік қызметшіге беделін түсіретін және қоғам тарапынан сын мен айыптау тудыратын жағдаяттардан қашқақтау қажет. Жол қозғалысы ережесін бұзу, алкогольді мас күйде автомобиль басқару, сондай-ақ, жол полициясы қызметкерлеріне бағынбау өрескел әдеп бұзушылық болып табылады.
Мемлекеттік қызметкерге жалпы қабылданған этикет сақтау өте маңызды, себебі ол тікелей адаммен жұмыс жасайды және әр түрлі адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы қызмет атқарады. Сондықтан мемлекеттік қызметкердің сыртқы бейнесі, киім-киісі, қимыл-әрекеттері, сөйлеу мәнері, ой-пікірі, жеке қасиеттерінің барлығы да адамға нұқсан келтірмейтіндей болуы керек.
К.КАИПБАЕВА,
Жалағаш аудандық «Қазынашылық» басқармасының бас маман-бас қазынышысы