» » АДАМ КӨРГЕН АЗАПТЫҢ СҰРАУЫ БОЛАДЫ

АДАМ КӨРГЕН АЗАПТЫҢ СҰРАУЫ БОЛАДЫ

Қазақ не нәрсенің де ақырын Құдайдан тілейді. Жақсылықтың да, жамандықтың да қайтарымын Алладан күтеді. "Құдай көріп тұр", "Құдайға тапсырдым", "Құдайдан қайтсын" деген сөздерді көп айтатын да біздің халық. Демек, қазақтың Құдайы бар. Бар сенері де, сүйенері де сол – Хақ...

"Қаңтар қырғынынан" соң мыңдаған адам ұсталып, қамалды. Бәрі де уақытша ұстау абақтысында тергеліп жатыр. Биліктің айтуынша, қаңтарда болған сол толқуды пайдаланып, арандатушы топтар елімізге жиырма мың лаңкес кіргізген. Алайда Президенттің мәлімдемесінде айтылған бұл сөзді кейін халық сан-саққа жүгіртті. Әсіресе әлеуметтік желі бетінде көп талқыланды. Қалай болғанда да сол қырғында ел ішіне іріткі салып, бейбіт шеруде қантөгіске апарған арандатушы топтың араласқаны айдан анық. Ал билікті күшпен басып алудан дәмесі бар арампиғылды топтың сырттан лаңкестер кіргізуі әбден мүмкін.

Айтқалы отырғанымыз, сол күндері бей­біт шеруге шығып, қантөгіске қатысы бар кү­дікті ретінде ұсталып, қамалып жатқандар жайын­да. Күн сайын әлеуметтік желіде полиция қыз­меткерінен "жендетке" айналғандардың әлгі кү­діктілерді тергеу барысындағы адам жаны төз­гісіз іс-әрекеттері жарияланып отыр және ол бейнежазбаларға қараудың өзіне жүрегі бар жан төзбейді. Көбі өрімдей жастар. Тіпті бозбалалар да бар. Аяусыз ұрып-соғып, тепкілегеннен көбінің бас сүйектері, аяқ-қолдары сынып, бүйрек, бауыр секілді ішкі ағзалары езіліп кеткен. Тергеу алдында жеке камераларда құқық қорғау саласының қызметкерлері "қылмысын мойындату" үшін қамаудағылардың денесіне қызған үтік басып, қайнаған су құйып күйдіріп, тырнағының көбесіне ине сұғып, тіпті тырнақтарын темір қысқышпен түбімен жұлып, әбден азаптаған азаматтардың фотосуреттері көпшіліктің жанын түршіктірді. Көбі "азаптау машинасының" қысымына шыдамай сол уақытша ұстау абақтысында көз жұмып жатыр деген ақпарат та тарады.

Әрине, билікті басып алуға әрекет жасап, еліміздің тәуелсіздігіне қауіп төндіріп, қантөгіс ұйымдастырғандар және соның арасында болған содырлар, леңкестер, тіпті қаланы өртеп, қиратып, тонаған бұзақылардың барлығы жазасын алуы тиіс. Алайда ол ежелгі дәуірдің жаналғыш жендеттерінің жабайы тәсілімен емес, өркениетті қоғамның, демократиялық мемлекеттің заңына сәйкес орындалып, жүзеге асуы керек.
Еуропада, өркениетті елдерде қандай да бір қылмыстық іске қатысы бар күдіктінің қылмысы дәлелденген жағдайдың өзінде оны азаптауға жол берілмейді. Біздегі орын алып жатқан бұл сұмдық жағдай адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдарды да алаңдата бастады.
Әрине, әу баста полиция бет-жүзіне бір қарап "осы күдікті" дегендерді көшеден, үйінен ұстап алып кетіп, абақтыға тоғыта берген.

Солардың ішінде қаншама жазықсыз жандар жапа шегіп жатыр. Соған байланысты елімізден "Аманат" қоғамдық комиссиясы құрылып, жазықсыз жандарға ара­ша сұрауда және солардың араласуымен ақы­рындап жазықсыз абақтыға жабылғандар босап шығып жатыр. Халық та белгілі заңгерлер мен адвокаттардан және қоғам белсенділерінен құ­ралған аталған комиссия тобына үн қосып, құқық қорғау қызметкерлері тарапынан болып жатқан қысымның, адам құқын таптаудың, азаптаулардың тоқтатылуын талап етуде.

Абақтыдағы осы жантөзгісіз азаптаулар өзгенің емес, өз қандастарымыздың қолымен жасалып жатқаны өкінішті. Мұхтар Шахановтың "Отырардың күйреуі" поэмасында Шағатай Отырар қаласын жаулап алып, үш күннен кейін Шыңғысханның алдына Қайырхан мен қақпаны ашып берген сатқын Қарашоқыны алып келгенде сатқын мен қағанның арасындағы диалогта әмірші:

"Рас, менің нөкерлерім безбүйрек,
Зұлымдықты ерлік деп те таниды.
Олар тіпті өкшесімен езгілеп,
Кете алады жазығы жоқ сәбиді.
Одан да әрі хайуандыққа жете алады төзімі,
Өзім бәрін үйреткенмін о баста.
Қаталдық пен аяушылық сезімі,
Жауынгердің жүрегінде түспеу керек таласқа", – дейді түнеріп.

Иә, Шыңғысханның әскері аяушылық дегенді білмепті. Оларда мейірім мекендейтін жүрек деген ағза болмапты. Жүрегі жоқ, аяушылық сезімі жоқ адамның жыртқыш хайуаннан қай жері артық?! Қайта хайуанаттардың тіршілігін көрсететін те­ле­арналардан жапанда жүрген шөпқоректі жануар­лардың өзге тұқымдастарын жыртқыш аң­дардан жанұшырып арашалап жүргенін көріп жүрміз.

"Қаңтар қырғынына" қатысы бар деп ұсталып, азапталып жатқан қандастарымызды көргенде жаның ауырады. Өздері жараланып жатқан адамдарды ауруханадан шығарып алып, азаптап, қорлап жатқан біздің полиция қызметкерлерін қатыгездікке, қаныпезерлікке кім үйретіп отыр? Полиция тәртіп сақшысы екені рас. Алайда полиция баскесер емес, халықтың қорғаны емес пе?!

Жоғарыда халқымыздың нақақтан күйдіріп, қорлық көрсеткен жанды бір Құдайға ғана тапсыратынын айттық. Иә, жамандықты да, жақсылықты да Құдай көріп тұр және түбінде оның Хақтан да, халықтан да сұрауы болады...

Қуат АДИС

15 ақпан 2022 ж. 816 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930