» » НАҚТЫ ЖОСПАР – МЕМЛЕКЕТ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

НАҚТЫ ЖОСПАР – МЕМЛЕКЕТ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Елдің аузында "Жаңа Қазақстан" деген сөз жүр. Қалай болғанда да бұл – халықтың ертеңге деген сенімі, үміті. Қандай да бір мемлекет өзінің қалыптасу кезеңінде түрлі оқиғаларды бастан кешіреді. Бірақ одан кейін тарих доңғалағы тоқтап қалмайды, өмір көші алға жылжи береді. «Қаңтар қырғынынан» соң қалыпты өмірге қайта орала бастадық. Иә, өткенге – салауат. Енді еліміздің алдағы жағдайына алаңдап, әлдебір арандатушы топтардың жетегінде кетіп қалмай, келешекке сенуіміз керек. Өйткені, Мемлекет басшысы елімізде орын алған жағдайға байланысты жасаған мәлімдемесінде «Жаңа Қазақстан құрамыз» дегенді айтып, толқыған бұқараның көңілін орнықтырды және сол сөзді күлбілтелемей аса сеніммен айтты. Жаңарудың басы басталды. Оны күнделікті ел жаңалықтарынан естіп, көріп отырмыз. Ендеше, біз осындай қиындықтардан кейін басталған ұлы мұрат жолындағы игі іске халық болып бірігіп, Президентке барынша қолдау көрсетуге тиіспіз. Бірлігі жоқ елдің берекесі де болмайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мә­­­­жі­лісінде алдағы атқарылатын міндеттерді нақтылады.

«Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай бір­тұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұн­­дай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қа­­жет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қа­сіреттің себептерін саралап, оның сал­да­ры­на нақты баға беру – алдымызда тұр­ған өте маңызды міндет» деп бастады Президент сөзін.

Одан соң бейбіт шерумен басталып, қан­төгіске ұласып, қайғымен аяқ­талған қасі­ретті қаңтар оқиғасының тұтануы мен өрбіп, күрделеніп, шиеленісуінің басы-қа­сында Ота­нына сатқындық жасаған опа­сыздардың бол­ғанын және олар еліміз үшін аса қатерлі операцияны бірнеше жыл бұрын арнайы ұйымдастырғанын, халықтың бейбіт шеруін пайдаланып, арандатушылар арқылы билікті басып алуды көксегенін тағы да жіктеп, тармақтап жеткізді. Содан соң ел ішінде әлеуметтік желілерде, жұрт аузында әлі де басылмай тұрған жалған ақпараттар мен шетел БАҚ-тары арқылы таралып жатқан қауесеттердің бар екенін және оларды әлгі өз ішімізден шыққан арандатушы топтың қитұрқы әрекеттері екенін атап өтті. Президенттің сөзінен кейін көп көңіліндегі күмән сейілгендей болды.

«Енді алғашқыда атқаратын жұмыстың бағытын айқындап бергім келеді. Бірінші: антитеррорлық қимылдарды табысты аяқтау қажет. Азаматтарымыздың қалаларда, елді мекендерде және ауылдарда жақындары мен балаларын уайымдамай жұмыс істеп, еркін жүріп-тұрып, оқи алуы үшін құқықтық тәртіпті толықтай қалпына келтіру керек» деді Президент.

Сонымен бірге бейбіт тұрғындарға оқ атып, ажал құштырған лаңкестерді және сол қылмыстарға қатысы бар сыбайластарын жазалап, олардың артында қандай арам­пи­ғыл­ды ықпалды күштер тұрғанын анықтау ке­ректігін айтты. Расымен сол қасіретті қаңтар қырғынында еліміздің бірнеше қаласында жүздеген әскери қызметші, тәртіп сақшылары мен бейбіт тұрғындар қаза тауып, мыңдаған адам оқ пен таяқтан түрлі деңгейдегі дене жарақатын алып, ауруханаға түсті. Кей­біреу­лерінің әлі күнге дейін хәлдері өте ауыр. Қасым-Жомарт Кемелұлы сол қаза бол­ғандардың отбасына көмек көрсетілетінін жеткізді. Сонымен бірге қазірде ел үшін ең маңызды мәселе, қираған дүние-мүлікті қайта қалпына келтіруді, қаржы жүйесін, көлік саласын қайта жолға қоюды, тұрғындарға азық-түлік жеткізуді және олардың бағасына қатаң бақылау жүргізуді Үкіметтен құрылған арнайы комиссия атқарып жатқанын айтты.

Ел қауіпсіздігі үшін әскери қарулы күштерді нығайту, Ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау құрылымдарының жұмысын қайта құру, мемлекеттік шекараға бақылауды күшейту міндеттерін шұғыл іске асыру керектігі және халық арасындағы әлеуметтік теңсіздік мәселесі де назардан тыс қалмады. Иә, халықты алаңға алып шыққан негізгі себеп те осы әлеуметтік ахуал еді. Бұл орайда Президент былай деді: «Халықты сапалы өмірмен қамту мен әл-ауқатын жақсарту – мемлекеттің басты міндеті және бұл сөздерді шынайы іске айналдыру қажет. Халықтың табысы экономикамен қатар өсуі керек. Бұл өзгермейтін аксиома біздің жағдайымызда жұмыс істемей тұр».

Президенттің айтуынша, алдағы уақытта барлық салада жаңару, жаңғыру болады. Яғни Қазақстан енді басқаша жолмен жаңарады. Жиында Президент баса назар аударған тағы бір мәселе ол – қарулы күштерді қайта жасақтап, құрылымын нығайту. Бұны сөзіміздің басында да айттық. Алайда тағы да тоқталуға тура келіп тұр.

«Көптеген жас азаматымыз Қарулы күш­тер қатарында әскери борышын өтеу­ден қашады. Әскери билетке ие болу жас­тардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек. Біз – мықты халықпыз. Төл тарихымызда талай жаугершілік заманды, ашаршылықты және басқа да алапат қиындықты бастан өткердік. Соңғы күндердегі қайғылы оқиғалар біз үшін тағы бір сынақ болды. Оны еңсеріп, бұрынғыдан да мықты боламыз».

Басы әскери борышын өтеуге немқұрайлы жастарға деген сәл базынамен басталып, соңын жастарды қайраумен түйінделген Президенттің бұл сөзі келешек Отан қорғаушылардың намысын жанып, жігер береді деп ойлаймыз.

Расымен, соңғы уақытта Отан алдындағы әскери борышын өтеуден қашатын жастардың қатары көбейіпті. Бұл мәселені газет бетінде бір жылда төрт мәрте көтердік. Жергілікті әскери комиссариаттың айтуынша, бүгінде «мені әскер қатарына алыңдар» деп өз еркімен сұранатын жастар азайып барады. Оның бірнеше себебі бар секілді. Алдын ала медициналық тексерулердің нәтижесінде жасөспірімдердің көбінің денсаулығы әскер қатарына қабылдауға жарамсыз болып шығады. Денсаулықтары жарағанымен көп жастардың өздері құлықсыз. Олар әскери өмірді босқа жұмсалған уақыт деп санайды екен. Ал кейбіреуінің ата-анасы отбасындағы жалғыз ер бала екенін желеу етіп, әскерге баруына қарсы болатын көрінеді. Ата-ананың алаңдайтын да жөні бар. Қазірде әскердегі әлімжеттіктің салдарынан Отан қорғауға кеткен кейбір боздақтар табытпен қайтып жатады. Жуырда ғана әскерге сау кетіп, ақыл-есінен айырылып келген жас жігіттің жағдайы әлеуметтік желі арқылы елді дүр сілкіндіріп еді. Демек, бұл да назар аударатын мәселе. Ал жалпы қазіргі жастардың әскерге баруға құлықсыздығы бұл бізде ұлттық идеологияның қалыптаспағанын, ер балаға отбасында ата-анасы, мектепте мұғалімдер әскер қатарында азаматтық парызын өтеу – әрбір ер азаматтың ел алдындағы міндеті, Отан алдындағы абыройлы борышы екенін, ер бала әскери өмірде шынығатынын, шыңдалатынын өз дәрежесінде түсіндірмейтінін білуге болады.

Кешегі елімізде болған қантөгісте біздің әскери қарулы күштеріміздің шамасы байқа­лып қалды. Әскери күш айбынды, жауынгер айбарлы болуы үшін ер баланы жастайынан отаншылдыққа, елжандылыққа баулуымыз керек. Әскерге барып, жауынгер атану бас­бұзар болу емес. Әскер қатарында қызмет ету мақтаныш, абыройлы, мәртебелі міндет қана емес, үлкен жауапкершілік. Отан алдын­дағы жауапкершілік. Әскерде жауынгер тек нысана көздеп, мылтық атып, соғыс өнерін ғана үйренбейді. Яғни физикалық тұрғыдан ғана шынықпайды, сонымен бірге әскери өмір ер азаматты моральдық, психологиялық тұрғыдан да тәрбиелейді. Әрине, жауынгер бағынышты басшылықтан берілген бұйрықты орындайды. Алайда қазіргі қолына қару алған әрбір қазақ жауынгері адам өлтіруші емес. Олар кез келген жағдайда оңтайлы шешім қабылдай алуы керек. Әсіресе, өз елінің тыныштығын күзету барысында. Кешегі қантөгісте халыққа қорған болады деген әскерилердің де бейбіт тұрғындарға қарсы оқ атқаны айтылып жатыр. Бұл жоғарыда айтқан сөздерімізге дәлел. Қысқасы, Президент айтқандай, расымен бізге қазір ең алдымен Қазақстанның қарулы күшін қайта жасақтау және нығайту қажеттілігі туындап отыр. Өйткені мемлекетіміздің қауіпсіздігі әскери күшіміздің әлеуетіне тікелей байланысты. Ендеше, ата-аналар әскер қатарына жасы толған баланы өбектемей, азамат болған ұлына сенім артып, мақтан тұтып, арқасынан қағып әскерге аттандыруы керек.

Ертеде жаугершілік заманда бір әйел қалмақтарға қарсы қол жинап жатқан қол­басыға келіп: «Менің мына ұлымды да қа­тарларыңа қосып, майданға алып кетіңдер. Өзі науқастау. Бірақ еркек қой. Жауды қырып салмаса да бірнешеуінің астындағы атын үркітеді ғой тым болмаса. Еркек кіндіктің бәрі елін қорғауға аттанғанда бұл қалай үйде отырады» – депті.

Қуат АДИС

25 қаңтар 2022 ж. 736 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930