Білім жүйесіне серпін беретін Жолдау
Елбасының Жолдауын Қазақстан халқы асыға күтеді. Өйткені, жеткен жетістіктерімізді екшелеп, алға қарай адымдау үшін жаңа жоспарлар құрылып, жаңа міндеттер жүктеледі.
Президент Жолдауын теледидардан тікелей эфир арқылы көріп, елдің экономикасын ары қарай дамытуға бағытталғанын түсіндік. Тіпті, жаһандануға бет алған ғылым мен технология заманында әлемдік көштен қалып қоймас үшін жаңа мақсаттар белгіленген. Бұл өз кезегінде елдің әлеуетін арттыратын, болашағын жарқын ететін, «Қазақстан-2050» стратегиясында көзделген межелерге жеткізетін, болашаққа даңғыл жол салатын қадам болмақ.
Жолдауда Мемлекет басшысы Үкіметке келесі жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе арттыруды тапсырды. Сондай-ақ, келер жылды жастар жылы деп жариялауды ұсынды. Бұл жастар үшін үлкен қолдау екені анық.
Өзім мұғалым болғаннан кейін Елбасының педагогтардың статусы туралы заң қабылдау керек деген ұсынысын жылы қабылдадым. «Мұғалімдерге барлық жұмыс жүктеледі. Бірақ ол үшін ешкім ақша төлеп жатқан жоқ. Оларды бұл жүктемеден арылту керек. Тынымсыз тексерістер де бітпейді. Міне, заң осыларды тоқтату үшін керек», – деді Президент.
Мемлекет басшысының бұл бастамасы білім жүйесіне серпін берері сөзсіз. Жолдауда айтылған әрбір ойдың астында үлкен мән жатыр. Барлық идея 100 қадаммен ұштасып, елімізді дамыған мемлекеттердің көшіне қарай бастары айқын.
Дархан ІЛИЯСОВ,
Жалағаш ауданындағы №123 мектептің
тарих пәні мұғалімі.