» » ҰЛЫ МАҚСАТТАРҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ЖОЛДАУ

ҰЛЫ МАҚСАТТАРҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ЖОЛДАУ

Қазақстанның алдында жаңашылдыққа бағытталған, ұлы мақсаттарға байланған ауқымды істер тұр. Жас мемлекетіміздің алпауыт елдермен иық тіресуі керек, дамыған отыздыққа енуі тиіс, ең бастысы жаңарған, жасарған, жасампаз елдің салтанат құруы қажет. Мемлекет басшысының да, халықтың да мақсаты һәм қалауы осы, жаңа Қазақстанды құру, әлемге өзімізді паш ету. Ата-баба аманаттаған ұлан-ғайыр жерді жат табанына таптатпай, келер ұрпақ үшін мол мұра ретінде қалдыру, ұлттық болмысымызды, құндылықтарымызды да көздің қарашығындай сақтап, кейінгіге желісін үзбей жеткізу бүгінгінің парызы деп білеміз.

Ұлттық рухымыз түспей, қуатымыз тасып, өткен тарихымызды бағалап, келе­шекке батыл қадамдар жасай білсек, жоғарыда айтқандардың барлығына қол жеткізе аларымыз анық. Ұлтарақтай жер болса да, өз перзентінің табаны тисін деген текті елдің ұрпағымыз, ендігі жерде тектілік тұғырынан түспеу де өз қолымызда. Қазақ даласында бұған дейін небір дәуір, нәубет кезеңдер өтті. Елдің бастан кешпеген қиындығы жоқтың қасы. Кешегі бабаларымыздың арманы еді бүгінгі күн. Азаттықтың ақ таңын көру үшін қасық қаны қалғанша беріспей, намысын қайрап өткен болатын. Шүкір дейміз, бүгінгінің азаматтары тәуел­сіз, бейбіт қоғамда күн кешуде. Енді тек Қазақстанның кемел келешегіне қадам жасау қалды. Болашақты бүгіннен жа­сауды ниет қылуда. Әрине, бір елдің ауызбіршілігін, татулығын сақтауда сол жұртты алып шығар көшбасшы керек.

Ал біздің көшбасшы деп отырғанымыз – қазіргі Ел Президенті. Саяси аренадағы еліміздің абырой-беделінің артуы да осы көшбасшының, үкіметтің көрегендігіне ті­ке­­лей байланысты екені даусыз. Халық би­ліктен тек жаңашылдықты, игі бастаманы және әлеуметтік-экономикалық өзгерісті кү­теді. Жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауда айтылатын әрбір тараудағы мәселелерге ерекше ден қояды. Қоғамды жасайтын әрбір отбасы болса, әр отбасындағы әрбір азамат – біздің байлығымыз.

Жалпы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаң­ғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаңа Қазақ­стан­ды құрудағы бастамаларға, ең бастысы татулық пен тұрақтылықты сақ­таудың маңыздылығына тоқталды. Биылғы Жолдау он тараудан тұрды, мұнда Прези­денттің өкілеттігі, өкілді билік тармағын қайта құру, сайлау жүйесін жетілдіру, партиялық жүйені дамыту мүм­кін­діктерін кеңейту, сайлау үдерісін жаңғырту, құқық қорғау институттарын күшейту, бұқаралық ақпарат құрал­да­рының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту, еліміздің әкімшілік-аумақтық құ­ры­лымын жетілдіру, дағда­рыс­қа қарсы кезек күттірмейтін шаралар туралы нақты әрі тұщымды ой мен ұсы­ныстар қамтылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі саяси құжатта жыл басында орын алған қаңтар оқиғасы тәуелсіздік атты ұғымның қаншалықты қымбат екенін ұғындырғанын да жасыр­мады. Бұл жолда қаншама жазықсыз жан­ның өмірі қиылды, қанша қайғылы жағдайларға тап болдық, қиындықтарды бастан кештік. Осы еге­мендік дегеніміз жәй ғана жалаң ұран мен жалынды сөз емес екенін қадап айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы оның қымбат құндылық еке­нін тағы бір тарқатты.

Жалпы тарихи дүм­пулерге қарсы тұрып, намысты қолдан бер­меген батыр баба­ларымыздың да жүрек түкпірінде жаңғырған бір ғана мақ­­саты болды ол да – азаттық. Енді міне, талай кезеңді артқа тастап, сол ар­ман­да­ған азаттықтың ақ таңы атқалы отыз жыл. Отыз жылда бәрін жаңадан бас­таған жас мемлекетіміз көштен қалмауға тырысты.

Саяси құжатта баса назар аудартқан тағы бір жайт халыққа қажетті рефор­маларды жүзеге асыру Мемлекет бас­шысының басты назарында екені деуге болады. Өйткені, саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеу­меттік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес.

Бұл ретте Президент Президенттен бастап ең жоғары лауазымды мемлекеттік басшылардың партияға мүше болудан тыс болуы жөніндегі, елдегі сайлау жүйесін өзгерту, сайлауға партияға мүше емес азаматтардың да қатыса алуы туралы ұсыныстардың да маңыздылығына тоқ­талды. «Саяси жаңғырудың басты мақ­саты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру. Бұл жұмысты сайлау үдерісі арқылы да жүзеге асырамыз.

Біз осыдан 15 жыл бұрын консти­ту­циялық реформа аясында Мәжіліс депу­таттарын прапорционалды тәсілмен сай­лауға көштік. Ал 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайлайтын болдық. Бұл қадамдар еліміз­дегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін берді. Алайда оның жағымсыз тұстары да байқалды. Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Расында олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды.

Ашығын айтсақ, “қазір жұрт депутат­тар­ды аса тани бермейді” деген Прези­дент осындай жағымсыз жайттарды ес­ке­ре отырып, аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынған болатын. Бұл дегеніміз ендігі жерде сайлауға кез келген азамат құқылы деген сөз. Бұл да болса сайлау науқанының әділ әрі бұдан да тиімді бола­тынын көрсетеді.

Жалпы Жолдауда мемлекетті өркен­дету жолындағы барлық жұмыстар, ал­дағы міндеттер толығымен талданған. Жос­парлар, мақсат-мүдделер нақты ата­лып, осы бағыттағы жұмыстар көр­­се­тілген. Алда Қазақстанның әлем елде­рімен иық тіресіп, дамыған мемле­кет­тердің қата­рына қосылатынына тағы бір мәрте сенім арттық. Енді біз “Жаңа Қазақстан” тұжы­рымдамасын жүзеге асыруға баршамыз жауапты екенімізді сезінуіміз керек.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

29 наурыз 2022 ж. 520 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 824

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031