» » РАМАЗАН – АЙЛАРДЫҢ СҰЛТАНЫ

РАМАЗАН – АЙЛАРДЫҢ СҰЛТАНЫ

Он сегіз мың ғаламды, барша адамзатты жоқтан бар еткен бір құдіретті күштің барына сенеміз. Күллі мұсылманның жүрегіндегі бұл сенім сол жаратылыстың барлығын Жаратушыға деген ерекше сүйіспеншілікті орнатты. Ата-бабамыз да асыл дінімізден ажырамай, әрқашан тура жолды ұстанып, келер ұрпағының салиқалы да сабырлы, иманды да ибалы болуы үшін тәрбие негізін берік қалауды мақсат етті. Жыл сайын келіп жететін қасиетті рамазан айы барша мұсылман үшін сауапқа толы ай. Рамазан айы әр пенденің жүрегінде Жаратушысына деген сенімі мен иманы бұрынғыдан да күшейе түсіп, жақсы амалдарын арттыруға себепші болады. Биылғы жылы да аман-есен құлшылық айына жеттік.

Біле білгенге Әлемдердің Жаратушысы, он сегіз мың ғаламның иесінің адамзатқа парыз еткен амалдарының кез келгені рухани кемелденуге және денсаулыққа өте үлкен пайда әкеледі. Хақтың бұйрығына бойұсынып, айлардың сұлтаны рамазанда таза ниетпен ауыз бекіткен адам бес парызына бекем болса, күндердің сұлтаны жұмада жамағатпен бірге намазға тұрса онда ақыретте жақсылыққа кенеледі. Мәңгі өмірде Алланың уәде еткен, адамның өлшеміне сыймайтын нығметтерге ие болады. Бір ай бойы ауыз бекіту адам ағзасының тазаруына да үлкен септігін тигізеді. Дерек бойынша, 2016 жылы жапон ғалымы Юсунори Асуми оразаның пайдасын дәлелдеп берген екен. Ол бұл еңбегі үшін тіпті Нобель сыйлығын алған. Сонда ол өз зерттеулерінде адам ашыққан кезде ағзадағы ауру, өлі жасушаларды тірі жасушалардың жей бастайтыны жөнінде айтыпты. Ол зерттеуінде «Ғылымда бұл «аутофагия» деп аталады. Яғни грек тілінде «өзін өзі жеу» деген мағына береді. Міне, сол секілді біз күні бойы ашыққан кезде ағзадағы ауру жасушалардың барлығын сау жасушаларымыз жеп қояды да, өзін-өзі тазартып шығады екен.

Екіншіден, «Ораза ұстаған адам өзін қант ауруынан сақтайды» деген секілді көптеген пайдалы ақпараттарды көрсетіп, ауыз бекітудің пайдасын ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Дүниежүзі ғалымдары зерттеп, дәлелдеп шыққан ашығудың формуласы да, денсаулыққа әкелер пайдасы да дәл осы ораза кезіндегі адам ағзасындағы өзгерістерді көрсетеді. Осыдан-ақ оразаның адам денсаулығына пайдасы бұрыннан дәлелденгенін көреміз. Жалпы ораза тұту адам денесін май басудан, семіруден сақтайды және бүйрекке тас жиналудан қорғайды. Ораза ұстаған адамның ас қорыту жүйесі, оның қосалқы жүйесі жақсы жұмыс істеп, ас қорыту мен сіңіруге барлық мүмкіндік ашылады.

Сонымен қатар ораза кезінде адам нәпсісін тияды. Бұл адамдардың жүйкелік және физикалық қажуын тоқтатады. Оразаның ақыл-естен айырылу дертіне де шипасы мол, ораза кезінде сусыз жүру адамның ми жұмысын жақсартып, оқып-үйрену қабілетін жоғарылатады, зердені ашып, есте сақтау қабілетін арттырады. Бұдан бөлек ауыз бекіту артық салмақтан арылуға көмектеседі. Өйткені артық салмақ, семіздіктің өзі – ауру. Ал ораза тұтып, тек ауызашар мен сәресіде ғана тамақтану осы аурудың бірден-бір емі деуге болады.

Тағы бір пайдасы ораза ағзамыздағы тері ауруларынан айығуға көмектеседі. Яғни ашығу кезінде адамның ішкі құрылысында тазарту процестері жүргендіктен, сыртқы ағза да тазара бастайды. Сол себепті тері аурулары үшін де ораза – таптырмайтын ем. Оразаның денсаулыққа тигізер пайда­сының тағы бірі – ашығудың 16-шы күн мен 30-шы күн аралығында ағзада дедакцикация процесінің жүруі. Бұл кезде ағза улы токсиндерден тазарып, оразаның соңғы күндерінде адам сергек болып, ойы, миы толық тынығады екен. Бұдан басқа ауыз бекіту қан қоюлануының алдын алуға, иммунитетті жақсартуға және көздің көруіне жақсы әсер етеді.

Ең бастысы оразада шын жүректен Алла тағалаға бойұсыну сабыр мен қанағат сезімін сыйлап, ол ағзадағы зат алмасу қызметін нығайтып, адамның тәні мен жанын сауықтырып, қуанышқа бөлейді. Ораза адамды жауапкершілік пен өзін-өзі тәртіпке шақыруға үйретеді, сондай-ақ адам төзімділікке, аштық пен шөлді, басқа да қолайсыздықты еш наразылық білдірмей көтеруді үйренеді.

Рамазан – тақуалық айы. Оразада адам дене қалауларын тәрбиелеп, нәпсінің құлы болып кетуден өзін азат етеді. Ауызды астан ғана емес, жаман сөздерден, ғайбаттан тыйса, көзді харамға қараудан, құлақты харам нәрселерді естуден тыяды. Көп ұйқы мен көп тамақтану иманның әлсіреуіне алып келеді. Тамақты қажетті мөлшерінен асырып жеу – адамның зейінін бұзады, ар-Рахманға бойұсынуда денені ауырлатып, адамдағы шайтанның жолдарын азықтандырады.

Сондықтан ораза ұстаған адамның әрі денесі, әрі рухы тынығады. Ең бастысы адамның қас дұшпаны болған нәпсіні тазартып, Раббысына жақындай түседі. Себебі, адам үшін ең ұлы күрес – ол нәпсімен болатын күрес екенін Алла елшісі де (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ескертіп кеткен еді. Нәпсіге тойтарыс беріп, көркем мінезділікке, тақуалыққа қадам басу – мүміннің жеңісі болмақ. Сондықтан да, біз қадірін түсінгенше зулап өте шығатын Рамазан айындағы зор нығметтерден құр қалмайық, ағайын! Алла Тағала Рамазанның әрбір сәтінен өз үлесімізді алып, жұмақ қақпаларынан жүзіміз жарқын боп кіруді нәсіп еткей!

Жалпы оразаның артықшылығын түсін­ген адам баласы бұл айда өз нәпсісін тыйып, жаман нәрседен, яғни ғайбат сөй­леуден, ауыр күнә жасаудан, жала жабудан аулақ болып, жақсы нәрселерге, өзін са­быр­лыққа, шыдамдылыққа, тақуа­лыққа тәр­биелеуі керек. Ораза адам баласы мен Ұлы жаратушының арасындағы сыр. Кісінің ораза тұтып жүргені бір Аллаға ғана аян. Сондықтан Исламда иманның, сенімнің жоғары тұратындығы осыған дәлел. Әлдебіреу ораза тұтқан адамның көңіліне тиіп, балағаттаса, ауыр сөз айтып, қол жұмсағысы келсе, әлгі аузы берік кісі: «Мен оразамын», – деп үш мәрте айтуы керек. Пайғамбарымыз Мұхаммедке бір кісі келіп: «Ей Алланың Елшісі! Маған айтыңызшы, қай амалды істесем, жұмаққа кіремін?» – деп сұрапты. Сонда Алланың Елшісі: «Оразаң сені алып кіреді» – деп жауап береді. Әлгі кісі Пайғамбарымызға келіп, тағы да әлгі сұрақты қойған уақытта жоғарыдағы жауабын қайталапты.

Сонымен бірге Рамазан – кешірім айы. Пайғамбарымыз Мұхаммед: «Кімде-кім ауыз бекітсе, Алла Тағала оның істеген күнәларын кешіреді» – деген. Бұл айда игілігі мың айдан да артық қадір түні бар. Ол түнде Алланың әмірімен бүкіл періштелер және Жәбірейіл періштенің өзі де жерге түседі екен.

Айта кетейік, қасиетті айдағы құлшы­лықты денсаулыққа пайдасын ойлап, «Бір ай ауыз бекітсем, ағзам тазарып, жақсы болады немесе артық салмағымнан арыла­тын болдым» деген секілді пенделік оймен ауыз бекітуге болмайды. Ондай ойлар адам­ды сауаптан құр қалдыруы мүмкін. Арықтау денсаулығын жақсарту мақсатында ораза ұстау – Аллаға құлшылық жасаған болып есептелмейді. Қасиетті рамазан айында ауыз бекіту таза жүрек, шын ниетпен орын­далғаны абзал. Жалпы Алла тағала пенде­леріне бір істі парыз етсе, ол іс міндетті түрде сол адамға пайдасын тигізеді. Хақтың әміріне бойұсынып шыдаған пенденің жан дүниесі нұрланады, денсаулығы жақсарады, тазарады. Ендеше, рамазан айын құр өткізбей, парызымызды орындау арқылы екі дүние бақытына жол ашайық.

Нұр НАУАН


29 наурыз 2022 ж. 618 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 727

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031