Сауап артып, күнә кешірілетін ай
Қасиетті Рамазан айы – жақсылықта жарысатын ай. Бұл – айлардың сұлтаны, мейірім мен кешірімге толы ай. Рамазан айы әр пенденің жүрегінде Жаратушысына деген сенімі мен иманы бұрынғыдан да күшейе түсіп, жақсы амалдарын арттыруға себепші болады. Пайғамбарымыз Мұхамед (С.А.У.) және мұсылмандардың Меккеден Мединеге көшуін «хижра» деп атайды. Осы жылдан бастап мұсылмандардың хижра жыл санауы бастау алған. Сол хижраның екінші жылы шағбан айының соңғы күні Алла Тағала мұсылмандарға рамазан айында ораза тұтуды парыз етті. Сол уақыттан бастап барша мұсылман қауымы жыл сайын рамазан айында ауыз бекітіп, ораза тұтады. Ораза тұту мұсылман кісіге, балиғат жасына толған балаға және ақыл-есі дұрыс барша мұсылманға парыз етілген.
Біле білгенге Әлемдердің Жаратушысы, он сегіз мың ғаламның иесінің адамзатқа парыз еткен амалдарының кез келгені рухани кемелденуге және денсаулыққа өте үлкен пайда әкеледі. Хақтың бұйрығына бойұсынып, айлардың сұлтаны рамазанда таза ниетпен ауыз бекіткен адам бес парызына бекем болса, күндердің сұлтаны жұмада жамағатпен бірге намазға тұрса, онда ақыретте жақсылыққа кенеледі. Мәңгі өмірде Алланың уәде еткен, адамның өлшеміне сыймайтын нығметтерге ие болады. Бір ай бойы ауыз бекіту адам ағзасының тазаруына да үлкен септігін тигізеді. Дерек бойынша, 2016 жылы жапон ғалымы Юсунори Асуми оразаның пайдасын дәлелдеп берген екен. Ол бұл еңбегі үшін тіпті Нобель сыйлығын алған. Сонда ол өз зерттеулерінде адам ашыққан кезде ағзадағы ауру, өлі жасушаларды тірі жасушалардың жей бастайтыны жөнінде айтыпты. Ол зерттеуінде «Ғылымда бұл «аутофагия» деп аталады. Яғни грек тілінде «өзін өзі жеу» деген мағына береді. Міне, сол секілді біз күні бойы ашыққан кезде ағзадағы ауру жасушалардың барлығын сау жасушаларымыз жеп қояды да, өзін-өзі тазартып шығады екен. Екіншіден, «Ораза ұстаған адам өзін қант ауруынан сақтайды» деген секілді көптеген пайдалы ақпараттарды көрсетіп, ауыз бекітудің пайдасын ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Дүниежүзі ғалымдары зерттеп, дәлелдеп шыққан ашығудың формуласы да, денсаулыққа әкелер пайдасы да дәл осы ораза кезіндегі адам ағзасындағы өзгерістерді көрсетеді. Осыдан-ақ оразаның адам денсаулығына пайдасы бұрыннан дәлелденгенін көреміз. Жалпы ораза тұту адам денесін май басудан, семіруден сақтайды және бүйрекке тас жиналудан қорғайды. Ораза ұстаған адамның ас қорыту жүйесі, оның қосалқы жүйесі жақсы жұмыс істеп, ас қорыту мен сіңіруге барлық мүмкіндік ашылады. Сонымен қатар ораза кезінде адам нәпсісін тияды. Бұл адамдардың жүйкелік және физикалық қажуын тоқтатады. Оразаның ақыл-естен айырылу дертіне қарсы да шипасы мол, ораза кезінде сусыз жүру адамның ми жұмысын жақсартып, оқып-үйрену қабілетін жоғарылатады, зердені ашып, есте сақтау қабілетін арттырады. Бұдан бөлек ауыз бекіту артық салмақтан арылуға көмектеседі. Өйткені артық салмақ, семіздіктің өзі – ауру. Ал ораза тұтып, тек ауызашар мен сәресінде ғана тамақтану осы аурудың бірден-бір емі деуге болады. Тағы бір пайдасы ораза ағзамыздағы тері ауруларынан айығуға көмектеседі. Яғни ашығу кезінде адамның ішкі құрылысында тазарту процестері жүргендіктен, сыртқы ағза да тазара бастайды. Сол себепті тері аурулары үшін де ораза – таптырмайтын ем. Оразаның денсаулыққа тигізер пайдасының тағы бірі – ашығудың 16-шы күні мен 30-шы күн аралығында ағзада дедакцикация процесінің жүруі. Бұл кезде ағза улы токсиндерден тазарып, оразаның соңғы күндерінде адам сергек болып, ойы, миы толық тынығады екен. Бұдан басқа ауыз бекіту қан қоюлануының алдын алуға, иммунитетті жақсартуға және көздің көруіне жақсы әсер етеді.
Ең бастысы оразада шын жүректен Алла тағалаға бойұсыну сабыр мен қанағат сезімін сыйлап, ол ағзадағы зат алмасу қызметін нығайтып, адамның тәні мен жанын сауықтырып, қуанышқа бөлейді. Ораза адамды жауапкершілік пен өзін-өзі тәртіпке шақыруға үйретеді, сондай-ақ адам төзімділікке, аштық пен шөлді, басқа да қолайсыздықты еш наразылық білдірмей көтеруді үйренеді.
Дегенмен, денсаулыққа пайдасын ойлап, «Бір ай ауыз бекітсем, ағзам тазарып, жақсы болады немесе артық салмағымнан арылатын болдым» деген секілді пенделік оймен ауыз бекітуге болмайды. Ондай ойлар адамды сауаптан құр қалдыруы мүмкін. Арықтау, денсаулығын жақсарту мақсатында ораза ұстау Аллаға құлшылық жасаған болып есептелмейді. Қасиетті рамазан айында ауыз бекіту таза жүрек, шын ниетпен орындалғаны абзал. Жалпы Алла тағала пенделеріне бір істі парыз етсе, ол іс міндетті түрде сол адамға пайдасын тигізеді. Хақтың әміріне бойұсынып шыдаған пенденің жан дүниесі нұрланады, денсаулығы жақсарады, тазарады. Ендеше, рамазан айын құр өткізбей, парызымызды орындау арқылы екі дүние бақытына жол ашайық.
Дайындаған Нұр НАУАН