РАМАЗАН – МЕЙІРІМ МЕН КЕШІРІМ АЙЫ
Қасиетті Рамазан айы – жақсылықта жарысатын ай. Бұл – айлардың сұлтаны, мейірім мен кешірімге толы ай. Рамазан айы әр пенденің жүрегінде Жаратушысына деген сенімі мен иманы бұрынғыдан да күшейе түсіп, жақсы амалдарын арттыруға себепші болады. Ауданның орталығында орналасқан «Иманқұл» мешіті жақсылықтың жаршысы, қайырлы істердің бастаушысы болып келеді. Қасиетті айда Алланың үйіне бас сұғып, мешіттің бас имамы Айбек Мәдиевпен әңгімелестік. Рамазан айының қасиеті, ораза тұту туралы кеңінен мағлұмат алдық. Соны назарларыңызға ұсынбақпыз.
– Айбек ағай, қазір қасиетті рамазан айы. Бұл айдың қадір-қасиетін кеңірек айтсаңыз?
– Бар ғаламды жоқтан бар етуші, бізге ризық-несібемізді беруші, иман нығметтерін нәсіп қылушы, бізді мұсылмандардан етіп жаратқан Аллаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын. Мұсылман қауымы үшін ең қасиетті әрі ерекше ай – рамазан айы. Жыл сайын асыға күткен рамазан айына жеткенімізге Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Ең алдымен барша мұсылман бауырларды рамазан айының келуімен құттықтаймын. Рамазан – айлардың сұлтаны. Басқа айларға қарағанда бұл айда мүміндерге ерекше мол сауап беріледі. Ораза ұстаған адамның жаны мен тәні тазарады. Сүйікті Пайғамбарымыз: «Рамазан келгенде жұмақтың қақпалары ашылып, тозақтың қақпалары жабылады әрі шайтан атаулының бәрі кісенделеді» деген (Имам Бухари). Ұлы ғұлама ғалым Хафиз ибн Раджаб: «Пайғамбарымыз өзінің сүйікті сахабаларын рамазан айының келуімен құттықтайтын» деген. Бұдан біз адамдардың бір-бірін қасиетті рамазан айымен құтықтауы шариғатта құпталған амал екенін білеміз.
Жалпы рамазан мейірім мен кешірім айы. Бұл турасында Салман Фариси атты сахаба былай деген екен. «Алла Елшісі шағбан айының соңғы күндерінде айтқан құтбасында бізге былай деді: «Ей, адамдар, ұлы және қасиетті ай жақындады, төбелеріңе көлеңкесі түсті. Бұл айда мың айдан да қайырлы Қадір түні бар. Алла сол қасиетті айдың күндізінде оразаны парыз қылды, түндерінде нәпіл намазын заңды қылды. Үлкенді-кішілі жақсылық жасаған адам басқа айларда бір парызды орындағандай сауап алады. Бұл айда парызды орындау – басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі. Бұл – Алла үшін аштық пен шөлдің, құлшылық пен тағаттың машақаттарына сабыр мен төзімділік айы. Сабырдың қайтарымы – жұмақ. Сондықтан бұл – жәрдемдесу айы, мүміндердің ризығын арттыратын ай. Кім ораза тұтқан мүмінге аузын ашатын бір нәрсе беретін болса, жасаған бұл ісі күнәларының кешірілуіне және тозақтан құтылуына себеп болады. Ораза тұтқан адамның сауабы азаймастан соның алатындай сауабына ие болады». Осындай нығметтер жасырынған айдың қадірін біліп, әрбір сәтінен құр қалмау үшін мүміндер барын салады. Сондықтан да Алла Елшісі бір хадисінде: «Егер адам баласы рамазан айының не екенін лайықты түрде түсіне білсе, бір жылдың бастан-аяқ рамазан болуын қалар еді» деген. Бірақ бұл ай жылына бір-ақ рет келеді. Сондықтан ғибадат айында ерекше іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға тырысу қажет.
– Иә, қасиетті рамазан айының басқа айлардан ерекшелігін айтып тауысу мүмкін емес. Осы бес парыздың бірі ораза алғаш рет қай уақытта парыз болды?
– Пайғамбарымыз Мұхамедтің және мұсылмандардың Меккеден Мединеге көшуін «хижра» деп атайды. Осы жылдан бастап мұсылмандардың хижра жыл санауы бастау алған. Сол хижраның екінші жылы шағбан айының соңғы күні Алла Тағала мұсылмандарға рамазан айында ораза тұтуды парыз етті. Сол уақыттан бастап барша мұсылман қауымы жыл сайын рамазан айында ауыз бекітіп, ораза тұтады. Мұның қадір-қасиетін түсіндіру үшін Алла Тағала: «Сендерге санаулы күндерде ораза тұту міндеттелді. Ал сендерден кім ауырып қалса не жолаушы болса онда ұсталмай қалған оразаның қазасын басқа күндерде өтесін. Ораза тұтуға қиналатындар қарт кісілер, жазылмайтын ауруға шалдыққандар фидиф ретінде бір міскінді тамақтандырсын. Ал кім өз еркімен қосымша бір іс жасаса, ол өзі үшін қайырлы. Егер білсеңдер ораза ұстағандарың өздеріңе қайырлы. Рамазан айы сондай ай, онда адамдар үшін басшылық әрі тура жол және ақиқат пен жалғанды ажыратудың анық дәлелдері ретінде Құран түсірілген. Сендерден кім бұл айда болса, ораза ұстасын. Ал кім ауырып қалса немесе жолаушы болса онда ұсталмай қалған оразаның қазасын басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік қалайды, ол сендерге қиыншылық қаламайды. Әрі санын толтырыңдар және Алланы ұлықтаңдар. Сендерді тура жолға салғаны үшін және шүкір етулерің үшін» дейді Бақара сүресінің 184 аятында. Осы аятта айтылғандардың барлығы түсінікті әрі толық түрде баяндалған. Осыдан-ақ, қасиетті айда ораза тұтудың қаншалықты сауабы мол екенін аңғарамыз.
Негізінен ораза тұту мұсылман кісіге, балиғат жасына толған балаға және ақыл-есі дұрыс барша мұсылманға парыз. Тұтқан оразаңыз дұрыс болуы үшін ниет ету, оны бұзатын нәрселерден аулақ болу және негізсіз болмағаны абзал.
– Айбек Тынымбайұлы, шариғатта жолаушы кісілерге ауыз ашуға рұқсат етілген. Бірақ оның да белгілі бір әдебі бар шығар...
– Сапарда болған жолаушыларға оразасын ұстауға міндеттелмеген. Егер де 90 шақырым қашықтыққа жол жүретін болса. Бірақ, жолда жүргенде ораза тұту қиындық туғызбайтындай болса ұстай беруге болады. Сонымен бірге, оразаны бұзатын істер бар. Оны ораза ұстаушылар білуі керек. Әдейілеп аузын ашатын болса, оған айып ретінде кәфарат төлеу немес ораза қазасын екі есе етіп өтеу міндеттелді. Яғни, екі ай бойы ораза тұту қажет. Ал ораза уақытында аузы берік екенін ұмытып, білместікпен тамақ жеп қойса, оның қазасын өтемейді. Бұл турасында Пайғамбарымыз: «Кімде-кім ораза екендігін ұмытып, ішіп-жеп қойса, Алла Тағаланың ол кісіні тамақтандырғаны» дейді.
Тағы бір айта кететіні, оразаның мұстахабтары, яғни әдептері болады. Мұстахаб дегеніміз – істесе сауабы болатын, істемесе күнәсі жоқ амалдар. Мысалы, сәресі. Таң қараңғысында ниет етіп, дәретін алып, сәресіге тұру. Өйткені, сәресі ішуде көп береке, мол сауап бар екендігі айтылған. Оразада көп қойылатын сұрақтардың ішінде сәресі ішу кездеседі. Сәресін ішу – жоғарыда айтылғандай мұстахаб. Ал сәресін ішу күн шығысымен емес, таң намазы уақытының кіруімен есептеледі. Ауыз ашуға асығу да бар. Ораза тұтқан кісіге күн батқаннан кейін немесе ақшам намазының азаны айтылғаннан кейін бірден ауыз ашу сауапты іс. Пайғамбарымыздың хадисінде айтылғандай, мүмкіндік болса құрмамен болмаса таза сумен ауыз ашу керек. Күнделікті ауыз ашқан кезде тілек-дұғалар жасау да қайырлы. Бұған байланысты Пайғамбарымыз: «Әлбетте, ораза тұтқан кісінің ауыз ашқандағы дұғасы қайтарылмайды, яғни тоқтаусыз қабыл етіледі» деген. Демек түгел ораза айында бір ай бойы Алладан кешірім сұрап, дұға-тілегімізді тілеп жүруіміз қажет.
– Хадисте айлардың қайырлысы – Рамазан, түндердің қайырлысы – Қадір түні, күндердің қайырлысы – Жұма екені айтылған. Қадір түні мың айдан артық. Осы түнде нендей амалдарды жасаған дұрыс?
– Қадір түні – түндердің ең қайырлысы. «Анығында, Біз Құранды Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні періштелер мен Рух Раббыларының әмірімен жерге түседі. Ол таң ағарып атқанша жалғасады», – деп, Құранның «Қадір» сүресінде айтылғандай, Қадір түнінің басты ерекшелігі – мың айдан да қайырлы болуында. Яғни, осы түні көп құлшылық жасаған адам 83 жыл мінәжат еткендей сауапқа кенеледі. Расында, «Қадір түнінің» қасиеті «Қадір» сүресінде ашық баян етілген. «Ал бұл түнді жіберіп алған кісі көп нәрседен құр қалады» дейді Пайғамбарымыз. Алла Елшісі бұл туралы: «Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалатын болса, шын мәнісінде көп нәрседен мақұрым қалғаны» дейді. Бұл түні жасалатын сауапты істер көп. Түнді құлшылықпен өткізу. Ардақты Пайғамбарымыз: «Кімде-кім Қадір түнінің қасиетіне сеніп, сауапқа кенелемін деген мақсатта түнді құлшылықпен өткізсе, онда оның өткен күнәлары кешіріледі» деген. Бұл түні сонымен бірге құран оқу, Алладан кешірім тілеп, одан дүние-ақыретімізге пайдасы тиер нәрселерді сұрау, дұға-тілекте болу керек.
Биылғы қасиетті рамазан айының қадір түні – мамыр айының 31-нен маусым айының 1-не қараған түн. Имам Бухари Айша анамыздан риуаят еткен хадисте: «Қадір түнін рамазан айының соңғы он күндігінің тақ түндерінен іздеңдер» деген. Көптеген ғалымдарымыздың айтуынша, Қадір түні тақ түндерде келеді.
– Қазіргі таңда мешітте шәкірттер білім алуда. Оларға дәрістен бөлек қандай насихат жұмыстарын жүргізесіздер?
– Иә, бос уақыттарын текке кетірмей Алланың тура жолынан адаспай, мешітте сабақ алып жүрген шәкірттер бар. Бүгінгі күні 25-30 шәкірт араб әліпбиін үйреніп, Құран оқуды қолға алып жүр. Сабақ барысында шәкірттер Құран оқуды, ардақты Пайғамбарымыздың өмірін, құлшылық негіздерін, ақиданы оқып білуде. Сонымен бірге, мұнда 10-15 қыз бала да сауат ашып, сабаққа қатысып жүр. Балиғат жасына толған балалар мен қарт кісілерге дейін ұстаздар тарапынан діни сауаттарын ашуға әрдайым дайынбыз.
Биылғы келген жақсылықта жарысатын ай – қасиетті рамазанды біз асыға күттік. Аудандағы 70-80-ге жуық көліктің әйнегіне барша мұсылманды қасиетті рамазан айымен құттықтап жазып, жапсырып қойдық. Орталық көшеге билборд ілінді. Аудан халқы үшін «Иманқұл» мешітінде үздіксіз уағыз айтылады. Ораза ұстап, ауыз бекіткен кісілерге күн сайын ауызашар беріліп отыр. Осындай сауапты істер жалғасын тапсын дейміз.
Барша мұсылман бауырларды тағы да қасиетті рамазан айының келуімен құттықтаймын. Бұл айда адамның жан-тәні тазарып, нәпсісінен тыйылады. Раббысына жақындай түседі. Сондықтан да қасиетті рамазан айындағы зор нығметтерден құр қалмайық. Алла Тағала ұстаған оразаларымызды қабыл етіп, жұмақ қақпаларынан жүзіміз жарқын боп кіруді нәсіп еткей. Елімізде тек тыныштық пен бейбітшілік болсын!
– Әңгімеңізге рахмет!
Түйін: Алла Тағала: «Шынында, ораза мен үшін ұсталады және оның сыйын мен өзім беремін. Өйткені, адам өз қалауларын қанағаттандырудан және өз тамағынан мен үшін бас тартады!» дейді. Адамдар оразаның парыз екенін қаншалықты ұғынады? Айталық, екі дүниедегі бақытын ойлаған, иманы берік адамдар Алла алдындағы бес парызының бірін орындауға асығады. Енді біреулер ораза ұстауды «диета» деп санап, Жаратушы бұйырған парызды пенделік ойымен шатастырып жатады.
Алла тағала пенделеріне бір істі парыз етсе, ол іс міндетті түрде сол адамға пайдасын тигізеді. Хақтың әміріне бойұсынып шыдаған пенденің жан дүниесі нұрланады, денсаулығы жақсарады, тазарады. Ендеше, рамазан айын құр өткізбей, парызымызды орындау арқылы екі дүние бақытына жол ашайық.
Әңгімелескен
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.