Қырым-қанды безгегінің алдын алу шаралары
Көктем шығысымен-ақ ой мен қырда жасыл шөптер жайқалып, бау-бақшалар гүлдеп, бүкіл жан-жануарлар қайта тірілгендей болады. Күн жылынысымен табиғатта көп кездесетін жәндіктердің бірі – кене. Бұлар негізінен далалық жерлерде, бұталы өсімдіктердің басында, құмда, мал жайылымдарында, мал қораларда кездеседі. Бұталы жерлерден адам, мал өтетін болса кене тез арада олардың үстіне жабыса кетеді. Біздің үйімізге, ауламызға кенелер көбіне малмен келеді. Ол адамның, малдың денесінен өзіне қолайлы қан соратын жер іздейді. Адам денесінде негізінен басымызды, мойнымызды және ішімізді қолайлайды. Бұлардың қан соруы адамға білінбейді, ауырмайды, тұмсығын теріге енгізіп қанымызды қимылсыз сорады. Мұны біз бірнеше күнге дейін сезбейміз, кейін байқаусызда қолымызбен немесе қышығанда сезуіміз мүмкін.
Жалпы саяжайда, аңға шыққанда, балық аулап жүргенде, мал жайылымында өте сақ болуымыз керек. Кенелер паразиттік өмір сүріп, адамның және жануарлардың денсаулығына үлкен зиян келтіреді. Бұлардың шаққан жері қызара бөртіп, іріңдеуі де мүмкін. Кене әртүрлі аурулардың қоздырғышын адамға жұқтыруы мүмкін. Мысалға Ку-қайырағы, кене энцифалиті, қайтымды сүзек ауруы сияқты ауруларды жұқтырады.Біздің облысымызда өте қауіпті жұқпалы ауру қырым геморрагиялық безгегінің қоздырғышын тасымалдаушы ретінде кездеседі. Кене адамды шаққан кезде өзінің сілекей бездерімен вирусты адамның қанына енгізеді, міне осыдан кейін біз жұқпалы аурудың вирусын қанымыз арқылы қабылдап алып өте қауіпті ауруға душар боламыз. Кенені денеден жалаңаш қолмен алуға, оны езуге және қырқым кезінде қолғапсыз жұмыс істеуге тыйым салынуы керек. Кене шаққан кезде не істеу керек. Біріншіден, асып-саспау керек, кенені тез арада жұлып тастауға әрекет жасамаңыз, себебі кененің тұмсығы адам денесінде қалып қойса ол жер қабынып, іріңдеуі мүмкін. Сондықтан денеден тұмсығын бірге алған жөн. Бұл үшін жіңішке іс тігетін жіппен тұмсығын орап алып, жайлап ырғау арқылы кенені денеден аламыз да, орнына йод немесе спирт жағамыз. Денеден табылған кенені қайтадан жерге лақтырып тастамай, оны қағазға орап өртеп жіберу керек. Кене шаққаннан кейін 1-2 апта өтіп, адамның дене қызуы көтерілсе, дел-салдық жағдайға келсе тез арада дәрігерді шақыру керек.
Кененің қан соруына ірі қара және уақ мал ең қолайлы болып табылады, себебі олардың қалың жүніне жабысып, көзге туспей ұзақ уақыт қоректенеді. Қан сорып болғаннан кейін, кененің денесі бірнеше есе үлкейіп, малдан жерге түсіп қалып, індерге, бұталы өсімдіктердің түбіне, мал қораларға кіріп жұмыртқалайды. Келесі жылы көктем айында осы жұмыртқалардан көптеген кенелер пайда болады. Бұл аш кенелер жайылымға келген малға жабысып, қанын сорып, қайтадан жұмыртқа салуға жерге түседі. Кененің өсіп-өнуі осылай жыл сайын қайталанып отырады. Міне, осыған байланысты ерте көктемде (наурыз айы) малдарды залалсыздандыру жұмысын шұғыл түрде жүргізу керек, яғни кене малға жабыспай тұрғанда. Кененің личинкасы жабайы кеміргіштердің қанымен қоректеніп, олардан Қырым геморрагиялық безгегінің вирусын жұқтырады, яғни осы вирусты жұмыртқа арқылы шығатын ұрпағына жұқтырады. Егер уақытылы өз дәрежесінде малды кенеге қарсы залалсыздандыру жұмысы жүргізіліп отырса, кененің малда азайуына көп себебін тигізетін болар еді. Малды улау үшін қолданылатын дәрілер адамға зиянды, сондықтан, жұмыс барысында өте сақ болу керек, үстіңізге халат, қолыңызға резеңке қолғап, ауыз-мұрыныңызды жабатын қорғаныш, дәкеден жасалған маска болуы тиіс.
Қорыта келгенде адамға, мал шаруашылығына тигізетін зияны өте көп, сондықтан да жыл бойына кенеге қарсы жұмысты толастатпай жүргізіп отыру керек, әсіресе ерте көктемде.
М.Ажарбаева
ҚР ДСМ СЭБК «ҰСО» ШЖҚ РМК
Қызылорда облысы бойынша филиалының
Жалағаш аудандық бөлімшесінің
санэпид қызмет маманы