» » ТІЛДЕ БАР ДА, ДІЛДЕ ЖОҚ НЕМЕСЕ ИМАННЫҢ ӨЛШЕМІ БҰЛ ЕМЕС

ТІЛДЕ БАР ДА, ДІЛДЕ ЖОҚ НЕМЕСЕ ИМАННЫҢ ӨЛШЕМІ БҰЛ ЕМЕС

Кешегі қаңтардағы оқиға бізге белгісіз көп жайттың бетін ашып берді. Отыз жыл бойы мемлекет байлығының кейбір билік өкілдерінің қолымен аяусыз тоналғанын білдік. Жә, Мемлекет басшысы шетел асқан ол қаржылардың елге қайтатынын айтып, көп көңілін демдеді. Рас, ол – қазақ халқына ортақ қазына. Сондықтан біз де қайтқан қаржының қайыры қазаққа болса екен дейміз.

Ал енді сол қаңтардағы әр об­лыс­та өткен бейбіт шерулерді арам пиғылды үшінші топ өз мүд­де­леріне пайдаланып, ел ішіне лаң­кес­тер кіргізгені айтылды. Құқық қор­ғаушылар мен әскерилерді және қарапайым халықты қынадай қырды. Құдай қорғап, әруақ қолдап, елін сатқан опасыздардың арам ойы жү­зеге аспады. Кейін қаруланған сол содырлардың дені діни ағымдардың өкілдері екені анықталды.

Әдепкіде халық иегін сақал жап­қан жастарға қызықтап қараса, кейін­нен күдіктеніп қарайтын болды. Оған себеп, ел ішіне кіріп, әбден ұялап алған біздің зайырлы елімізде заң жүзінде тыйым салынған діни теріс ағымдардың арбауына түс­кен қаншама отбасының ойраны шық­ты, санасы уланған қан­шама қа­зақ жастары Алланың жо­лында соғы­са­мын деп Сирияға ба­рып, ажал құшты.

Зайырлы қоғамда адамдардың діни сенім бостандығына шектеу жоқ. Десе де оны арнайы органдар заң­дарда белгіленген өз құзіреттеріне сәйкес бақылап, қадағалайды. Алай­да, соған қарамастан елімізде діни экстремизмді насихаттап, тыйым са­лынған жат ағымдарды ұста­на­тындар ішкі саяси тұрақтылықты шайқағысы келеді. Бүгінде әлемнің түкпір-түк­пірінде "Ислам мемлекетін құру", яғни "Халифат құру" секілді идеяны ұс­танған радикалды ағымдар адам қанын судай ағызып жатыр. Ал біздің асыл дінімізде адамды нақақтан өл­ті­­руге, зорлық-зомбылық арқылы ел­ге үстемдік етуге қатаң тыйым салынған.

Қай жылы Алматы қаласында бір тойдың куәсі болдым. Бас қо­сып, шаңырақ көтерген қазақтың жас­тары бет ашу рәсімін жасамады. Ата-анасы ниет қылғанымен, жаңа қосылған жастар қарсы болыпты. Олардың ұғымында "беташар" Ис­лам қағидаттарына, яғни өздерінің ұстанымдарына қайшы екен. Әлгі қуанышта қазақ тойында жасалуы тиіс рәсімдерің бірі де болған жоқ. Тіпті жас жұбайлар үлкендердің батасын да қажет етпеді. Тойда әйелдер мен еркектерді екі бөлмеге бөліп тастады. Бірге отыруға болмайды екен. Музыка қосуға, билеуге қатаң тыйым салған. Домбыра тартылып, ән-жыр айтылған жоқ. Жасы не бары жиырмадағы отау құрған жігіттен бастап, оның жора-жолдастарының барлығының балағы шолтиған, сақалдары кеудесін жапқан, көздерінде жастықтың оты жоқ, түрлері сондай суық. Қыз-ке­ліншектері де хиджапқа оранып ал­ған. Ауыздарын ашса "Иншалла", "Алхамдуллах" дейді. Айтатын әңгі­ме­лері де жәннат пен тозақтың ай­наласы. Тәтті арман, мақсат, сезім­дері және болашаққа құрған нақты жоспарлары жоқ.

Мен сол тойдан қатты шаршап, тіпті тойға емес, жаназаға барғандай құлазып қайттым. Ата-бабасының жолынан тайып, өз қағынан жеріп, адасқан жастардың қорқынышты түр­лері көпке дейін көз алдымнан кетпеді. Жаңа түскен келінді жапырлай жүріп күтіп алып, екі абысыны екі жағынан қолтықтап босағаға әкеліп, табалдырық алдына тұрғызып, үлкен кісілер отқа май құятын, жұбайлар сол отқа қолын тақап, беттерін си­пайтын, одан соң ақ шымылдыққа кір­гізіп, басына ақ жаулық тағатын, айналасына жастар жиналып домбы­рамен ән шырқап, күй төгетін, одан соң абысындары жас келіннің жүзін бүркеп, қолтықтап қошемтпен ел ал­дына алып шығып, асаба бетін ашып, елге таныстырып, сол әулеттің үлкен­деріне сәлем салғызып, батасын алғы­затын халқымыздың қазыналы да берекелі, көңілді, думанды тойы көз алдыма мөлдіреп тұра қалды...

Иә, өз ұлтының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ширк деп, мәдени-ру­хани құндылықтарын мансұқтап, та­ри­хын жоққа шығарып, өзге діни ағым­дар­дың жетегінде жүрген жастар әлі де бар. Олармен сөз таластырып жеңе алмайсыз. Олар өте ызақор және кекшіл болады. Ислам кекшілдікті, қия­натты құптамайды. Керісінше, асыл дінімізде адам бойындағы көр­кем мінезді тек мейірімділікпен, кешірім­ді­лікпен, кішіпейілдікпен сипаттайды.

Ауылда бір ініміз болды. Мектеп бітірген соң үлкен қалаға оқуға кетті. Бітіруге таяу қалғанда ұстанған діни бағыты үшін оқудан шығарылды. Көз жанарында намаз оқымайтындарға деген өшпенділік оты шапшып тұратын, болмысымен қазақтың салт-дәстүріне қарсы, қаба сақалы кеудесін жапқан он сегіз-он тоғыз жасар жігіттің көзқарасы мен діни ұстанымдары айналасындағы жастарға, тіпті тұтастай қоғамға қауіп­ті ғой. Сол бала қазір отызға таяп қалды. Үлкен қалалардың бірінде тұ­рады. Әлі сол ағымның жетегіне еріп, сорлап жүр. Дініне беріктігі емес, әбден миы уланып қалған ғой. Еш­кімді тыңдамайды. Қатарларының ай­туын­ша, ол қазір қазақы ортадан оқшау өмір сүріп жатқанға ұқсайды. Ағайын, туыс-туған, ауылдастардың, сыныптастардың қуанышы мен қа­засына бармайды екен. Қатынасты үзген. Тек өзі секілді "намазхан" топпен араласатын көрінеді. Ол үшін намаз оқымайтындар – кәпір, дінсіздер. "Сен­дер намаз оқымайсыңдар. Дәрет­терің жоқ" деп артынан іздеп барған әке-шешесін үйіне кіргізбепті дегенді естігенде, жаным түршікті. Сорлап қалған баласына емес, қалада балам мен немерелерім бар деп ауылдан құрт-майын арқалап қуанып барып, еңіреп қайтқан әкесі мен анасына қатты жаным ашыды.

"Жаңа Қазақстан" жаңа бағытта дамиды деген сенім пайда болды халықтың көкейінде. Шынында ен­ді елімізді сақал қойып, ата-баба дәс­түріне қарсы шыққан, ұлт­тық құнды­лықтарымызды мойын­да­майтын, Ата Заңға бағынбайтын әсіредіншілдерге емес, өткенінен сабақ алып, ана тілін қастерлеп, тарихын қадір­лей­тін ұлтжанды, отаншыл, жаңа­ша ғы­лым-білімге, өркениетке ұм­тыл­ған жастарымыздың қолына тапсы­руы­мыз керек.

Қуат АДИС


02 сәуір 2022 ж. 246 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930