Мобильді топ өкілдері М.Шәменовте
Жуырда Мемлекет басшысы, «Amanat» партиясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партияны модернизациялауды тапсырғаны белгілі. Соған сәйкес партияны қайта жаңғырту бағдарламасы аясында түрлі жұмыстар қолға алынды. Нәтижесінде партия өкілдері жергілікті халықпен қоғамдық қабылдау өткізіп, мұң-мұқтажына құлақ асуда. Әсіресе елді мекендерде ұйымдастырылған мобильді топтың қоғамдық қабылдауы көптеген мәселенің түйінін тарқатуға сеп болуда.
«Amanat» партиясының мобильді топ өкілдері М.Шәменов ауылында тұрғындармен кездесу өткізді. Топ мүшелігінде облыстық партия филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлнар Есқалиева, аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет, партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Нұрлан Әбдікәрімов, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Жұлдызай Айтжанова, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық заң консультанттары палатасының заң кеңесшісі Гүлбаршын Әбдіқалықова, облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің бөлім меңгерушісі Ғалымжан Садықов, «Amanat» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева, аудандық мәслихат депутаты Нарбота Серәлі болды.
Ауылдық жерлерде мәселе жоқ емес. Әсіресе тұрғындар көкейіндегі талап-тілек, ұсыныс-пікір мен мұң-мұқтажын аудан орталығына келіп жеткізе беруге мүмкіндік бола бермейді. Ал партияның жаңа бағыты, жаңа қарқындағы жұмысы осындай қиындықтарды ескере отырып, басшылардың тиісінше ауылдарға іс-сапармен барып, халықпен қабылдау өткізуіне жағдай жасауда. Жоғарыда аталған азаматтар осының ізімен ауыл халқының үніне құлақ түріп, барлық мәселелерді партиялық бақылауына алды. Партия өкілдеріне ұсыныс айта келген жұртшылық ауылдағы барлық мәселеге бей-жай қарамайтынын байқатты.
Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар жұмысқа орналасу, ескі мектеп ғимаратын бұзу, елді мекенде электр желілерін күрделі жөндеуден өткізу, спортпен айналысатын орынның қажеттігі, «Түмен әулие» кесенесіне баратын жол салу, ауылдағы туризмді дамыту, елді мекенді аяқ сумен қамтамасыз ету, №18 «Бөбек» бөбекжай ғимаратының тозығы жеткені, жаңа ғимарат салынуы керектігі, ауылдық округтің кіреберісіне бейнебақылау камерасын орнату, ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланбай жатқан жер мәселесі, елді мекендегі көшелерге жарық шамдар орнату мәселелерін көтерді. Ауылдық округтегі әрбір тұрғынның өтінішін тыңдаған мобильді топ өкілдері мәселелердің біршамасына нақты жауап берсе, қалғанын партия өз бақылауына алды.
Партиялық бақылаудың нәтижесінде қазіргі таңда түйінді мәселелердің бірқатары шешімін тауып, кейбірі назарға алынып, тиісті жұмыстар жасалуда. Ауыл мектебі апаттық деп танылып, ғимаратты бұзу жұмыстары қолға алынса, тиісті мекемелер арқылы ауылдағы электр жүйелерін жаңғыртуға жоба-сметалық құжаттар әзірленуде. Елді мекендегі жер мәселесіне қатысты аудандық жер қатынастары бөлімі мамандары жауап беріп, аяқ су мәселесін шешу үшін аудан қазынасынан қаржы қаралатынын жеткізді.
Қарап отырғанымыздай, ауылдық жерлерде мәселе жоқ емес. Әсіресе аяқ судың тапшылығынан басталатын мұндай түйткілді мәселелер бәрімізге таныс. Көптің көкейінде жүрген мәселелердің оң шешімін табуына ықпал жасауды, әлеуметтік, қоғамдық және өзге де ортақ түйіткілді мәселелердің шешілуіне ықпал етуді, бағыт-бағдар беруді көздеген топ өкілдері әрбір тұрғынның өтінішіне құлақ асып, министрліктерге жеткізуді жауапкершіліктеріне алады. Қолдан келетін болса, оң шешімін табуға жұмыс жасалады.
Бұған дейін де партия өкілдері Есет батыр, Жаңадария елді мекендерінде болып, тұрғындармен кездескен болатын. Шалғай ауылдардағы ағайынның талап-тілегіне құлақ асқан мобильді топ өкілдері олардың бірқатарының шешімін табуына жұмыс жасады.
Нұр НАУАН