Ұлт тәрбиесі – көркем әдебиетте
Жас ұрпаққа көркем әдебиетті оқыту бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отыр. Әр қала, аудан, ауылдық елді мекендерде кітапханалар жүйесі жұмыс істейді. Тіпті қазірде іздеген кез келген шығармаларды мектеп кітапханаларынан да табуға болады.
Кітап қоры жыл сайын толығып отыр. Бірақ балалар кітапханаға барғысы жоқ. Неге? Осы сұрақ қоғамды мазалап отыр. Қазіргі Z ұрпаққа кітап оқыту үшін олардың ағзасының ажырамас бір бөлігіне айналған смартфондардағы қызықтармен бәсекелесе алатын дүниелер ойлап табуымыз керек. Яғни біз осы заманға лайық көркем әдебиетті жасауға тиіспіз. Оның алғышарттары фантастикалық жанрдағы қызықты шығармалар. Оның өзі ұзын-сонар болмауы керек.
Қазіргі тик-токпен тәрбиеленіп келе жатқан балалар шұбалыңқы шығармаларды оқымайды, оған жүйкесі шыдас бермейді. Сондықтан баланың қиялын жетілдіретін әрі жақсылыққа тәрбиелейтін мағыналы әрі қысқа-нұсқа қызықты әңгімелер керек.
Бүгінде балаға кітап оқытудың түрлі тәсілдері бар. Бірақ оны ата-аналар мен кітапханашылар қолдана да, біле де бермейді. Ең алдымен баланы қызықтыра отырып ынтасын ояту маңызды. Бұл түрлі қызықты ойындар арқылы орындалады. Кеше соған куә болдық.
Қызылорда қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Қаламы қала салдырған – қаламгер» атты кездесу кеші өтті. Алдымен рухани шараға арнайы шақырылған балалар ақыны Рахат Наурызбаева, балалар ақыны, журналист Қуат Адис, ақын, журналист Толқын Қабылша, айтыскер ақын, ұстаз Ержеңіс Тастыбайұлы, ақын, "Рухани жаңғыру" орталығының директоры Мақсат Дауылбай және драматург Тілеген Бекарыстанов аталған білім ордасының бай кітапханасында "Сыр өңірінің әдебиеті" бағдарламасы барысында кітап оқуға құштар оқушылармен кездесті.
Көркем әдебиетті үш тілде бірдей оқып, санасына сіңіріп жүрген 7 сынып оқушылары кездесуге келген қонақтардың авторлық шығармаларын талдап, алған әсерлерімен бөлісті.
Кездесу кеші барысында мектептің педагог-кітапханашылары Гүлмариям Түбекбаева мен Бағдат Төлепбергенова түрлі тақырыпта интеллектуалды ойындар ойнату арқылы оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыра түсті және оған ата-аналар да қатысты. Одан бөлек ізденімпаз балалар өздеріне алдын ала берілген тапсырмалардың нәтижесінде оқыған шығармаларынан алған әсерлерін қағаз бетіне түрлі-түсті қаламмен немесе бояумен бейнелеу арқылы жеткізіпті.
Ақындар қабырғаға ілінген әр алуан тақырыпта салынған суреттерден өздерінің шығармаларындағы кейіпкерлерді немесе табиғат көріністері мен оқиғаларды жазбай таныды. Бұны да балаға кітап оқытудың, көркем әдебиетке қызықтырудың тың тәсілі деуге болады.
Одан бөлек бірнеше үстелге топ-топ болып бөлек-бөлек жайғасқан оқушылар алдарына жазылып қойылған авторлардың бір шумақ өлеңдері мен әңгіме үзінділерін ауыстырылып қойылған аты-жөндерімен байланыстыра отырып дұрыс тапты және әңгімелердегі оқиға желісін немесе өлең мазмұнын авторлардан кезекпен сұрап, тереңірек танып білді.
Жалпы қазір балалар шығармашылығымен айналысып жүрген қаламгерлердің өздерінің кішкентай оқырмандарымен және ішінде мұғалімдермен, ата-аналармен жиі кездесіп тұруы құптарлық іс. Өйткені автор мен оқырман арасында тығыз байланыс орнағанда ғана ғажап туындылар дүниеге келеді және оқырмандар да көбейеді.
Кездесу барысында мәдениет саласына еңбегі сіңген руханият жанашыры, балаларға арнап көптеген сахналық қойылымдар жазып келе жатқан драматург және ұзақ жыл "Қоғам ТВ" телеарнасында тілші, жүргізуші болған Тілеген Бекарыстанов пен балалар ақыны Рахат Наурызбаева балаларға көркем әдебиетті оқытуда өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, оқушыларға ақыл-кеңес айтты. Мәселен, Тілеген ағамыз өз дәуірінде кітап оқитын жастардың көп болғанын және әрбір үйдің жеке кітапханасында бірнеше мыңға дейін кітап қоры болғанын айтып, көпшілікті таңғалдырды.
Кездесу кешінің екінші бөлімі мектептің үлкен залында жалғасты. Келешек елімізді әлемге танытуға талпынған жаңаша ойлайтын зияткер оқушылар қонақтарға сауалдарын қойып, тағылымды әңгімелерін тыңдаса, ақындар өлеңдерін оқыды. Кешті Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Бақыт Жұматай және мектеп директорының орынбасары Ләззат Абдраймова қорытындылап, Сыр бойы руханиятының өркендеуіне үлес қосып жүрген қаламгерлерге шығармашылық табыс тілеп, құрмет көрсетті.
Жандос Жазкен