Ар жазасы бар жазадан ауыр

Әзіртамақ, әзір ас.
Сыртың – пысық, ішің – нас,
Артын ойлап ұялмас» деген уытты өлеңін бүгінгі замандағы қоғамның дамуына тежеу болып жүрген жең ұшынан жалғасқан парақорлыққа арнап айтқандай көрінеді.
Шынында адамның ақыл-ойын бұзатын, асыл қасиеттеріне нұқсан келтіретін, парасат пайымына, рухани көркеюі мен өсіп-өркендеуіне өзіндік салқынын тигізетін, оңай олжа табуға, алаяқтыққа бастайтын жемқорлықтан жапа шегіп жатқандар қаншама?! Біз неге көз алдымызда өтіп жатқан жиіркенішті көріністерден, замандастарымыздың шалт басқан қадамынан өзімізге сабақ алмаймыз? Бүгінде бұл кеселмен күресті мемлекетіміз ең бірінші назарға қойып, жемқорлық туралы заң пәрменділігін арттырғанын жалпақ жұрт біледі. Білгенмен көз жұма қарағаны қалай?
Біз мүлдем жаңа қоғамда өмір сүріп, Жаңа Қазақстан құруға талаптанып жатырмыз. Жаңа қоғамның сипаты – іскерлік болса, бұл жолда жетістіктеріміз аз емес. Ал шешімі күрделі мәселелер де жеткілікті. Ол – әлеуметтік мәселе. Бұл салада түбегейлі шешімін таппай тұрған – сыбайлас жемқорлық. Әлеуметтің қасіретіне айналған жемқорлықтың саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.
«Қауіпті кеселді» мүлдем жойып жіберу мүмкін болмай тұр. Алайда оның алдын алу жолында заңдар қабылданып, күрес жүргізу саясаты жанданып, атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік.
Тағы да Ұлы Абайға жүгінсек, ол өзінің он бірінші қара сөзінде «Осы елдің үнем қылып жүргені немене? Екі нәрсе. Әуелі – ұрлық, ұры ұрлықпен мал табам деп жүр. Мал иесі артылтып алып, тағы да байимын деп жүр. Ұлықтар алып берем деп, даугерді жеп, құтқарамын деп ұрыны жеп жүр. Қарапайым жұрт ұрлық айтып мал алам деп, ұрыға атымды сатып пайдаланамын деп, не өткізбесін арзанға түсіріп аламын деп жүр... Екінші – бұзақылар біреудің ойында жоқ пәлені ойына салып, бүйтсең бек боласың, бүйтсең кеп боласың, бүйтсең кек аласың, мықты атанасың деп, ауқаттыларды азғырғалы әлек болып жүр...
...Ұлықтар пәлі-пәлі, бұл табылған ақыл деп, мен сені бүйтіп сүйеймін деп, ананы жеп, сені бүйтіп сүйеймін деп, мынаны жеп жүр» деген екен.
Абайдың заманынан айылын жимаған осы дерт шындығында дәл қазір дендеп отыр. Тәннің дертіне шипа тапсақ та, осы бір жанды жегідей жейтін кеселге дауа таппай отырмыз.
Бұл індетпен күресте жеңетін бір-ақ күш, ол – бірлігі бекем халық күші. Бойында қазақы қаны бар, «арым жанымның садағасы» деп білетін ақжүрек ағайынның бірлігі, басшылықтың парасаттылығы жемқорлықтан ада қылады деп сенеміз. Әр жұмырбасты пенде үшін ар жазасы бар жазадан ауыр екенін ескерген жөн деп ойлаймын.
Өмірбек Жақсылық,
аудандық қазынашылық
басқармасының басшысы