» » Атаңның баласы болма, адамның баласы бол

Атаңның баласы болма, адамның баласы бол

Қазақ даласында қазақы болмыс өзгеден ерек тұратын. Біздің халықты басқадан даралайтын қасиет – кеңпейілділік пен мәрттік. Жұртымыздың пейілінің қаншалықты кең екенін білеміз. Өйткені салт-дәстүріміздің басым бөлігі осы қасиетімізден хабар беріп тұрады. Жазбай тануға, айтқызбай түсінуге де болады. Ал мәрттік деген ше? Иә, мәрттік – қазақтың қанында қайнап жатқан қасиеттердің бірі. Отан алдындағы серті, ата-ана алдындағы перзенттік парызы барлығы серттің салмағын ұғына алатын адам үшін құнды болмақ. Ал сол сертті ұстап тұру адамның мәрттігіне байланысты. Тектілігімен танылатын қазақтың қазақтығы ең бірінші оның мәрттігі, ірілігі, жомарттығы, бауырмалдығында болса керек.

Бізде «Атышулы ұлың болсын, аты шықпаған қызың болсын» деген сөз бар. Астарына үңілсек, тәрбиенің негізі жатыр. Яғни бұл жерде қызды да, ұлды да табиғатына сай тәрбиелеудің маңыз­дылығы айтылған. “Атышулы ұлың болсын” дегені – “Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі” дегені. “Аты шық­паған қызың болсын” дегені – “Қызға қырық үйден тыйым” салғаны.

Бала дүниеге келісімен қоршаған ортаны та­нып-білуге деген қызығушылық ояна бастайды. Осын­дай білсем, көрсем деген ынта-ықыласын жық­пай, әрбір сұрағына жауап беріп, әр қимылын түзеу арқылы тәрбиенің де негізін санасына сіңіре бастаймыз. Кезіндегі көшпенді қазақ тұрмысында ер балалар тез есейді, тез қатайды. Себебі сырт­тан келетін жаудың қай күні қай тұстан аяқтан шалатынын болжау қиын еді. Қазақты жауынгер халық қылған да сұқтанған сырт көздің сұсты көзқарасы сияқты.

Жалпы қазақ менталитетінде ер балаға жүктелетін жауапкершіліктің салмақтылығы сонша, он үште отау иесі дейді. Текті халық ұлды енді ес жиып, тілі шыға бастағаннан үлкендермен бірге кеңеске, жиын-тойға қосатын болған. Бұл ақылгөй ақсақалдардың сөз саптауынан, ересектердің ірі мінезінен үлгі алсын, көрсін, үйренсін, санасына түйсін дегені еді. Бала нені көрсе жастан, ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан дейді. Ұлылыққа жетелейтін ұлы мінез де, адамгершіліктің ақ туын құлатпайтын алғаусыз пейіл де, қара қылды қақ жаратын әділ қалып та адам бойына бала кезінен, туып-өскен ортасынан, ата-анасынан, өсіп-өнген қара шаңырағынан дариды. Егер ата-ана мен бала өз рөлдерін білмесе, баланың көзінше әкені ана қор қылса, ер азаматтың басын қадірлемесе, ондай ұядан долы әйел мен ез еркек қана шығады. Қазақ айтады, әйеліңе балаң жоқ жерде ақыл айт, балаңа адам жоқ жерде ақыл айт дейді. Тереңіне үңілсеңіз, астарында бүтіндей ұлтты тәрбиелей алатын тектілік тұнған сөз жатыр.

«Атымды адам қойған соң, қайдан надан болайын?!» деген екен қазақтың бас ақыны. Расымен дүниеге келгенде азан шақырып ат қойған соң, сол атыңа лайық болу, ата-анаңның артқан сенімін ақтап, елдің үкілеген үмітінен шығу – перзенттің парыз. Баланы отбасы, ошақ қасында тәрбиелегенімізбен, әрбір бала сол ұлттың бір-бір кірпіші екенін естен шығармау керек. Ат ізін тай басар демекші, бүгінгі бала – елдің ертеңгі тұтқасын ұстар тұлға, бүгінгінің жалғасы.

Ұлы ойшыл Әл-Фараби атамыз: – «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі тиіс, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» – деген. Жастайынан жүйелі тәрбие берген ата-анаға перзенті мәңгілік қарыздар және сол тәлім-тәрбиені өз қажеттіліктерімен қатар ел мүдесіне жұмсауы да азаматтықтың бір шыңы. Ол да бір қоғамға қосқан үлесінің үлкені болары сөзсіз. Бала бойына жастайынан сіңген тәрбие мен ақыл, болашаққа деген жарқын көзқарас, қабілет пен ынта – келешектің нұрлануының айқын кепілі.

Ата-баба салған сара жолды іле жалғап кету де – жас ұрпақтың міндеті. Сол себепті қазақ халқы «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» дейді. Біле білсек, әрбір жеткіншек өзі үшін, өзінің отбасы үшін ғана емес, еліне, Отанына да қыз­мет етуі қажет. Қазіргі күні біздің көптеген жас­тарымыз шетелде оқып, жан-жақты білім алуда. Өз білімдерін өзге елде жүріп дамытып, ал оның жемісін өз Отанына келіп пайдаланса құба-құп емес пе?! Өзге елде ұлтан болғанша, өз еліңде сұл­тан болып, алған білімді өз жұртының өскелең ұр­па­ғына үйрете білсе, міне, сол отансүйгіштік емес пе?!

Кешегі тектілік тұмарын тегімен бірге сақтаған халықтың бүгінгі ұрпағын көргенде кеудені ерекше мақтаныш кернейді. Жастарымыз көзі ашық, көкірегі ояу, білімге құштар болғаны біз үшін үлкен олжа дер едік. Білекпен емес, біліммен бағындыратын заманда осындай қабілетті буын­ның қалыптасып келе жатқаны еліміз әлі талай биікті бағындырады деген сөз.

Әрбір перзент ата-анам салып берген ұлы жол­дан адаспаймын деп жүрсе, ұлылықтың шыңына жете алар еді. Алланың разылығы ата-анада екенін білер еді. Ұлы жол үйіңнен басталатынын көкірек көзімен ұғынар еді. Ағаның жолы – аманаттың жолы екенін де жазбай таныр еді. Кісілікпен де, кішілікпен де жол беру – ұлы сахараны ме­кен­деген көшпелі дала халқына тән мінез. Аға сыйлау арқылы іні ізетін көрсетеді, ініге ірілігін көрсету арқылы ағаның абыройы асқақ­тайды. Ағаңа белдігіңді бергеннен беделің тө­мендемейді, қайта елдігің артып, ерегіскен дұшпан алдында Алаш тұлғасы айбарлана түседі.

Нұр НАУАН
26 сәуір 2022 ж. 910 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930