Дәстүрді бұрмалау болмысымыздан айырады
Қазақ – көңілі қаншалықты кең болса, соншалықты әр нәрсенің қадірін білетін текті халық. Кезінде адамдық қасиетке кереғар, мұсылмандыққа жат әдеттердің жұрнағы пайда бола бастағанда-ақ ұлы Абай ел-жұртын адасудан алып шықпаққа тырысқан еді. Сол Абайдың өлең жолдарында кездесетін жат қылықтар, надандықтың көріністерін оның алдындағы би-шешендер де айтып кеткен болатын. Кейінгі ұрпақтың көзсіздікке салынып, қанындағы тектіліктен айырылатынын да дөп басып айтты. Әсіресе осы ұлы тұлғалар меңзеген қасиеттердің төресі ысырапшылдық пен құр даңғазалық екен. Осыны қазіргі қоғамның бір бөлігі дәлелдеп те жүр.
Ысырапшылдықты бұған дейін де талай мәрте тілге тиек еттік. Бұл турасындағы заманауи олқылықтарды тізбектемес бұрын, қолымызға қалам алдырған мына бір мәселені айта кетейік. Бұл да қазақы менталитетімізден алыс емес дүние. Бірақ қазіргі таңда сәл-пәл бұрмаланып, құндылығын, мән-маңызын жоғалтып бара жатқандай. Мәселен, қыз ұзату тойлары.
Әрине, біреудің үкілеген қызын ата-анасының разылығымен қолдан ұзатып алғанның артығы жоқ. Бірақ қара шаңырақтың киесін ұмытып бара жатқандаймыз. Қыз біткенді жын-ойнақтың ортасы мейрамханалардан ұзатып тұрып, құтты орнына қонуын тілейміз. Ақ жол тілейміз, барған жерінде бақытты болсын, бақытты қылсын дейміз тағы. Алайда, “Ата-бабадан жеткен дәстүр ескіріп қалғаны ма?” деген сұрақ туады. Қызды оң жақтан, оңаша отырғызып, ел көзінен тасалап барып, өмірлік жарына дәл уақыты келгенде ғана жеңгелері тапсырушы еді. Қара шаңырақтан ұзатылған қыз, құдды бір аманат секілді өз үйінің табалдырығын оң аяқпен аттамаушы ма еді?! Қызды қонақ деп қадірлеп, қызым – өрісім, қызым – намысым дейтін текті халықтың бүгінгі жалғасы неге алақанындағы аппақ құсын мейрамханадан емес, өз шаңырағынан ұзатпайды?!
Қазіргі күннің ұзату тойы үйлену тойымен бірдей, сән-салтанаты келісіп тұр. Тіпті ұзатудағы ең басты көзге түрпідей тиер үрдіс – ұзатылатын қыздың қақ төрде күйеу жігіт, қыз жолдас пен жігіт жолдастың қатарласып отыруы. Бұл көрініс негізінен жігіт жақтағы тойға көбірек жарасар еді. Ал қазақ қызының күйеуге шыққанын «менмұндалап» көрсетіп, қақ төрде болашақ күйеуімен қатар отырып, әке-ағасының көзінше жөн-жоалғысымен құдалар жаққа тапсырылмайынша емін-еркін араласуы оғаш көрінетін секілді.
Заманауи ұзату тойындағы тағы бір өрескел қателік – қызды ұзататын жеңгелердің орнын ер адамның басқаны. Иә, өзіңіз де куә болып жүрген шығарсыз, қазір ер жігіттер де қыз ұзата береді. Кәдімгідей, қаншама халықтың алдында ұзатылып бара жатқан қызға сыңсуын айтқызып, қолынан ұстап, күйеу баланың қолына тапсырғанша жеңгесі секілді ақ матаның бойымен жүріп өтеді. Қарап отырсаңыз, тектілігі қанында тулап тұратын халықтың бүгінгі болмысы, салт-дәстүрді ұстануы бұрынғыдан өзгерек деуге болады.
Тағы бір көзге түрпідей тиетін ұзату тойындағы бір жоралғыны айта кетейік. Той орта шеніне жақындағанда асаба ортаға қыздың ата-анасы мен күйеу жігітті және қызды алып шығады. Мұнан соң «қол ұстату» дәстүрі жасалады. Бірақ ең басты қателік бұл дәстүрді қыздың өз әкесі орындайды. Қызға қырық үйден тыйым айтатын халықтың бүгінгі әкелері өз қызын жігітке өзі тапсырып жатады. Әсілінде, қыз бен жігітті таныстыратын да, жарастыратын да, табыстыратын да, яғни ортадағы дәнекерші жеңгесі болушы еді бұрынырақта. Бұл да бір салт-дәстүрдің бұрмалануына алып келетін қателік деп есептейміз.
Бойымыз үйреніп келе жатқан тағы мынадай қисынсыз дүние бар, қызды үйден шығарып саларда төселетін тазалықты, адалдықты білдіретін ақ мата «Ақ жол» үстіне кейінгі кездері раушан гүлінің гүлжапырақшаларын шашу пайда болды.
Бұл бәзбіреулерге әсемдіктің бейнесі сияқтанып көрінетін шығар, десе де, осы жайында кезінде этнограф, зерттеуші ғалым Жағда Бабалықұлы: «...Қазақтың әрі-бері тарихында көкті жұлғанды кім көрді? Сол жұлып-жұлмаланған «тірі организмді» ұзатылып бара жатқан қыздың аяғының астына төсеу деген не сұмдық? Гүлді шашқанды қою керек. Қазақта «көктей солған» деген сөз тіркесі бар. Ырым жаман ғой» деп айтып кеткенін естіген едік. Осындай бірер салт-дәстүріміздің өзгеріске ұшырап, мән-маңызынан ауытқып баратыны тайға таңба басқандай білінеді. Алты жыл аш болсақ та атамыздың салтын сақтау – парызымыз. Оның өзінде өз қалпында, бар болмысынан ажырамай сақталып, соны көзінің қарашығындай алып жүретін ұрпақ болса игі еді.
Ал әңгімемізде басында айтқан ысырапшылдыққа әлі күнге түбегейлі тосқауыл болмай тұр. Кешегі карантиннің кезінде біраз саябырсыған салтанатты сарайлардағы той-томалақ қайтадан жандана бастады. Сол баяғы шашылу, баяғы аста-төк ас пен бір-бірін танымайтын қонақтар. Жақсылықты бөліссең, көбейетінін білеміз, бірақ көрпеге қарай көсілу керек екенін де ескерген жөн. Екі сағаттық тойға шашылып, кейін жылдар бойы титықтап күн кешіп кететінімізді неге ойламаймыз?! Қазақы менталитетіміз де, асыл дініміз де ысырапшылдықты құп көрмейді. Сондықтан ата діннен безіп, ұлттық болмысымыздан ажырамаудың жолын іздейік. Қуаныш қара шаңырақта бөліске түссе, сол қырықтың бірі қыдыр болып шаңыраққа құт кірмей ме?!
Жалпы қыз ұзатыларда ата-ана қуанады әрі жылайды. Қуанатыны– қызым өсті, өрісім кеңейді дегені, жылайтыны – қолындағы әлпештеген қызын қимағаны. Не десек те қыз – жатжұрттық, өзгенің бағы. Бірақ барлық жақсылық өз орнымен, сәнімен, мәнімен жасалса, құба-құп дейміз.
Нұр НАУАН