» » Диқан – мәрт, жер – жомарт

Диқан – мәрт, жер – жомарт

Еңбек бар бақыттың алтын қақпасы екенін кезінде данагөй ата-бабаларымыз көрегендікпен айтып, ұрпаққа ұлағат етіп қалдырған. Данышпан Абай атамыз «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп маңдай термен табылған нанның тәтті екенін тереңнен толғаған.

Иә, еңбек туралы айтылар аңыз да, өсиет пен өнеге де көп. Көктем келіп, дала төсінде дүбірлеген еңбек май­даны басталып та кетті. Диқандар Жер анаға топырақтай төселіп тер төксе, баданадай дәннен көл-көсір өнім алып, елдің ризық-несібесін молайтады. Оның үстіне биыл жауын жиі жауып, ен да­ланың төсін жібітіп тұр. Жуырда «Сәрке батыр» ЖШС Ақсу ауылына қа­расты «Бостай» егістік алқабына алғаш дән себу рәсімін өткізді.

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Алтынбек Дәрібаев қа­тысып, диқаншылар қауымының ең­бегінің табысты болуына тілектестік біл­дірді. Мұнан соң сөз алған ауыл ардагері Кенжебек Бекбергенов адал еңбектің қашанда бақытқа жол ашатынын тілге тиек қылып, еңбеккерлердің жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, шаруашылық өткен жылы 1300 гектарға дән сеуіп, одан 7 мың тонна өнім алған. Биыл 1000 гек­тарға күріш егу жоспарланып отыр. Соны­мен қатар 100 гектарға мақсары, 100 гектарға мал азығы жоңышқа егілді.

Ерте көктемде науқан жұмыстарына кірісіп кеткен шаруашылық ұжымы бұдан бұрын 50 гектар алқапқа бидай және 100 гектар жерге мақсары орналастырып үлгерген. “Сәрке батырлықтар” былтыр да осындай көлемде бидай мен мақсары еккен. Одан жиналған өнім де жаман болған жоқ. Биыл да үлкен өнімнен үмітті. 2021 жылы шаруашылық 1 300 гектар алқапқа Сыр салысын орналастырса, одан шыққан орташа өнім гектарынан 55 центнерді құрады. Ал алды 80 центнерге дейін өнім жиды. Мұндайда еткен еңбек лайықты бағаланса, келер жылы диқан­дарға үлкен шабыт болары анық. Былтыр үш бірдей диқан су жаңа темір тұлпарды еншіледі.

Агроном Өркен Мейрамбекұлы – тә­жіри­белі маман. Ол күріштің күтімі әуе­лі осы жерді дұрыс сүдігерден өткі­зу­ден басталатынын айтады. Былтыр ша­­руа­шылық тек “Янтарь” мен “Лидер” сұр­пын ексе, енді олардың қатарына өзіміздің өңір­де дайындалған “Сыр сұ­луы” қосылып отыр. Жаңа сұрыпты олар тә­жірибе үшін тек 20 гектар алқапқа сеппек.

Бір қуантарлығы, «Сәрке батыр» ша­руа­шылығы ақсулықтардың бүкіл қуа­нышты сәттеріне куә болып, дәстүрлі мерекелерде ардагерлерге, спорт сүйер жастарға құрмет көрсетіп, демеушілік жасап келеді. «Ауылына қарап, азаматын таны» дейді дана қазақ. Жасыл же­лекке бөлеп, ауылды абаттандыру да назардан тыс қалмайды дейді шаруа­шылық төрағасы Ерлан Оңласынов.

Шаруашылықтағы 150 адамды жұ­мыспен қамтып отырған серіктестіктің алдағы жоспарлары ауқымды, жұмысы ширақ, әрі тыңғылықты. Ең бастысы оларға ел риза.

Г.АСҚАРҚЫЗЫ


04 мамыр 2022 ж. 273 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 824

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031