Туған жердің тартылыс күші жібермейді
Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша тіл бар, сонша таным-түсінік бар. Әр халықтың өзіне ғана тән болмыс-бітімі бар. Әр халық өз ұлтының танымына сай ойлайды және солай әрекет етіп, тіршілік кешеді. Салт-дәстүрлері мен өмірлік ұстанымдары да бір-біріне ұқсамайды, қабыспайды. Бірақ мына құдіретті қараңыз, бір-бірінің тілін түсінбейтін, бір-бірінің салт-санасын жатсынып, жатырқап, қабылдай алмайтын Жер тұрғындарының сын сағаттағы тілегі бір екен. Барлық ұлттың өкілі де өздері мен ұрпағының келешегі үшін бейбітшілікті тілейді екен. Мылтық дауысын естімей, тыныштықта өмір сүруді қалайды екен. Жалпы адамзаттың жан қалауы тыныштық қой. Ал енді сол тыныштықты жер бетінде ғұмыр кешіп жатқан барлық адам тілегенде, олар бір-бірін сол тілектері арқылы түсінісіп, ұғынады екен. Татулық та, жақсылық та сол тілсіз түсінісуден бастау алатын көрінеді.
Біздің ауданымызда да тұрмыс-тіршіліктері өзара үйлесім тауып, бір-біріне деген тілектері арқылы түсінісіп ғұмыр кешіп келе жатқан бірнеше өзге ұлт өкілі тұрады. Олардың бәрі де жергілікті халықпен тонның ішкі бауындай болып араласып кеткен. Ынтымағы жарасып, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Тіпті арасында жергілікті халық – қазақтармен құда-құдандалы болғандары да бар.
Асалаева Малика Вахидқызы – шешен ұлтының қызы. Ауданымыздың тұрғыны. Әкесі Асалаев Вахид пен анасы Лабазанова Байзан өз отбастарымен бірге өткен ғасырдың қырықыншы жылдары Қазақстанға келіп, осы Жалағаш жерінен тұрақ тауыпты. Қаншама ұлт Сталиндік қанды саясаттың құрбаны болды. Солардың бірі – осы Асалаевтар отбасы. Кіндік қаны тамған атамекенінен ауа көшу кімге де болса ауыр. Алайда тағдыр желі айдаса, адам пенденің басы қаңбақша домалайды емес пе?!.
Сонымен Вахид ағамыз бен Байзан анамыз Қапқаз тауынан қазақ жеріне келгенде бірі 18 жасар бозбала, бірі 4 жасар қыз екен. Екеуі алпысыншы жылдардың басында шаңырақ көтеріп, отбасын құрады. Ауданымызда түрлі салада жұмыс істей жүріп, жеті бала өсіріп, тәрбиелейді. Бүгінде екеуінен тараған ұрпақ осы ауданымызда тұрып, еңбек етіп жатыр.
– Көптеген шешен ұлты екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Қапқаз тауларының баурайынан Қазақстанға көшкен. Соның ішінде менің де әке-шешем бар. Туған жерін тастап, жат елге мәжбүрлі түрде қоныс аударудың ауырлығын қазақ халқы да жақсы біледі ғой. Әке-шешем қазақтарға алғысын жаудырып отыратын. Шешен ұлтының өкілдерін жергілікті халық құрақ ұшып, құшақ жайып қарсы алыпты. Жоқ-жітігін түгендеп, дастарханындағы барын бөліп беріпті. Шын мәнінде, ол кезде Қазақстанда да жағдай мәз болмағанын білеміз. Соған қарамастан жат жерден жеткен жабырқаулы жандарды жатырқамай, бауырына басып, барымен бөліскен қазақтарға елімізді мекендеген өзге ұлт өкілдерінің барлығы да ризашылық көңілмен алғыс айтуы тиіс деп ойлаймын. Мен осы ауданда туып-өстім. Отбасым бар. Жарым Ибрагим екеуміз алты бала тәрбиелеп отырмыз. Отбасымызбен қазақ тілінде сөйлейміз, қазақтың салт-дәстүріне құрметпен қараймыз. Алайда әрбір ұлт қай жерде жүрсе де өз тілін білуге міндетті. Ол – парыз. Біздің де бойымызда сол перзенттік парыз бар, оған қиянат жасауға болмайды. Өйткені ол – ата-бабаның аманаты. Үйде ұлтымыздың салт-дәстүрін де орындаймыз. Мәселен, басқа ұлттардағы бала туылғаннан бастап жасалатын жөн-жоралғының барлығы бізде де бар және соны жасаймыз. Сонымен бірге дастарханымызға ұлттық тағамдарымызды да қоямыз. Қасиетті Рамазан айында біз де ораза ұстаймыз. Міне, айт мейрамы басталды. Біз де сол мұсылмандар мерекесін әулетімізбен, отбасымызбен бірге ерекше атап өтеміз. Айт мейрамына асқабақ қосып дайындайтын өзіміздің ұлттық тағамдарымыз бар. Оның барлығы – мұсылман баласы өтейтін парыз және Құдайға деген ішкі құлшылығы, – дейді Малика Вахидқызы.
Ибрагим мен Маликаның балалары қазақ мектебінде оқиды. Отбасында шешен, қазақ және орыс тілінде сөйлеседі екен. Бірақ көбінде қазақ тілі қолданыста екенін айтады және онысын мемлекеттік тілге деген құрметіміз деп түсіндіреді. Кішкентай ұлдары мен қыздары да көрші қазақ балаларымен тату-тәтті жарасып ойнайды екен.
– Үйдегі бауырларымыздың барлығы да қазақы ортада туып-өстік. Құрбыларымыздың да көбі қазақ болды. Қазіргі көршілерім де қазақ. Тағы да айтайын, жалғыз шешендер ғана емес, қиын-қыстау жылдары түрлі себептермен Қазақстанға келіп қоныс тепкен басқа да ұлт өкілдері жергілікті халықтың көңіліне қарыздар. Біз әулетімізбен жергілікті халықпен бір туғандай араласып кеттік. Жақсылығына ортақтастырды, біздің қайғымыз болса бөлісті, басымызға түскен ауыртпалықты бірге көтерісті. Сүрінсек тұрғызды, құласақ қолтығымыздан демеді. Адам баласына тек жүректен шыққан жылы сөз бен таза көңіл ғой керегі. Соның барлығын біз қазақ халқынан сезіндік. Сол үшін жат ұлт деп жатырқамай, көңілінің шуағы мен жүрегінің жылуын аямаған халыққа алғысымыз шексіз. Бұл ешқандай көлгірсу емес. Сөзімнің жалғандығы жоқ. Мен егер өзімнің тарихи Отаныма қайтадан көшіп бара қалсам да, ол жақтағы шешендерге қазақтардан көрген қамқорлығымды және қонақжайлығын, қайырымдылығын, мейірбандығын, көпшілдігін мақтанышпен айтып жүрер едім. Өйткені қазақ халқында «Бір күн дәмін татқанға қырық күн сәлем бер» деген әдемі нақыл бар. Менің ұлтым шешен болғанымен, Қазақстан азаматымын. Осы жердің суын ішіп, нанын жеп отырмын. Бұл – менің кіндік қаным тамған туған жерім. Сол үшін Қазақстан, соның ішінде осы Жалағаш топырағы мен үшін киелі. Өзге қалаға уақытша қыдырып барсақ та осы туған жерімізге оралғанша тағат таппай, сағынамыз. Қазақы ортада тәрбиеленген соң жаным да қазақ болып кеткен. Тарихи Отанына оралып жатқан өзге ұлттар көп. Заман тынышталды, біз де Шешенстанға көшіп барсақ, қандастарымыз құшақ жайып қарсы алады. Бірақ менің әке-шешем мен бір әпкемнің сүйегі осы жерде. Қалған бауырларым да жанымда. Оның үстіне кіндігіңнің қаны тамған киелі топырақтың тартылыс күші жібермейді ғой. Осы жерге кіндігімізден байланғанбыз, – дейді Малика Асалаева.
Бейбітшіліктің, татулықтың, бірліктің туы тек халықтардың жүрегіндегі тілегі тоғысқанда ғана желбірейді екен. Оны Маликаның әңгімесінен көргендей болдық.
Қуат АДИС