» » ҰЛТАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ – ТЫНЫШТЫҚТЫҢ КЕПІЛІ

ҰЛТАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ – ТЫНЫШТЫҚТЫҢ КЕПІЛІ

Ел тәуелсіздігінің баянды болуы – ел ішінің тыныштығы мен тұрақтылығына байланысты. Жүзден аса ұлт пен ұлыс өмір сүріп отырған Қазақстанда бейбітшіліктің сақталуы үшін бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің өзара татулығы, ынтымағы аса маңызды. Біз көп ұлтты мемлекетпіз. Сонау бір жылдары тағдыр тәлкегімен жылы ұясын тастап, атамекендерінен үдере көшіп, пана іздеп келген жандарды құшақ жайып қарсы алдық, төрімізден жай ұсындық, қоныс бердік, қоңсы қондырдық. Олар діні мен тіліне, нәсіліне қарамай, ата-бабадан аманатқа қалған ұлан-ғайыр даламызға да, көлдей көңілімізге де сыйды, сіңді. Олардың әрқайсысын өз бауырымыздай көріп, қолымыздағы барымызбен бөлістік. Олар да халқымыздың қонақжай көңіліне, қылаусыз пейіліне қарыздар екенін біледі.

Біздің ауданымызда да ғасырға жуық уақыт бойы жергілікті халықпен етене араласып, қыз алысып, қыз берісіп, құда-құдандалы болып кеткен өзге ұлттың өкілдері тұрады. Тілімізге, салт-дәстүрімізге деген құрметі бөлек. Бір қазаннан ас ішкен олар татулықты тұмарындай сақтайды. Берекенің бастауы бірлік екенін біледі, бірлік, татулық бар жерге ырыс айналатынын ұғынады. Сондықтан да олардың тілегі – тыныштық, ниеті – татулық.
Жуырда Жалағаш аудандық арда­герлер кеңесі мен аудандық әйелдер кеңесі қоғам­дық бірлестіктері бірлесе отырып "Достық – бақыт мекені" атты өзге ұлт өкідерімен кездесу кешін ұйымдастырды. Аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығында өткен шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Кенжеғара Сүлейменов, аудандық әйелдер кеңесінің төраймы Әсия Мәдиева және Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Жалағаш аудандық филиалының төрайымы Дина Мейірманова қатысты.
Ауданымызда тұратын өзге ұлт өкілдерінің басын қосқан кешті Садық Әлиев ашып, шараның мақсаты мен маңызына тоқталды.
– Жер бетінде ғұмыр кешіп жатқан қандай халықтың да өз ана тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, ұстанымы болады және ол сол халықтың бойында сақталуы тиіс. Егер кімде-кім әр халықтың бойындағы сол ұлттық ерекшелігін жойып, табиғи тепе-теңдікті бұзуға қасақана әрекет жасар болса, оның салдары ұлттың жоғалуына алып келеді. Тіпті жер бетінде үлкен қақтығыстар орын алып, қантөгістер болуы әбден мүмкін. Ал, біздің көксегеніміз, жалпы адамзат баласының тілегі де, мақсаты да тек тыныштық. Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы мақсаты да сол – ұлтаралық татулықты сақтап, аңсап, талып қолымызды жеткізген тәуелсіздігімізге сызат түсіріп алмау. Бүгінде Мемлекет басшысы да бұл мәселеге аса мән беріп отыр. Елімізде мекен еткен әрбір ұлтқа тиісті дәрежеде жағдай жасалуда. Олардың ана тілін жетілдіріп, салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға қамқорлық көрсетіліп келеді. Міне, осындай салиқалы саясаттың арқасында елімізде күні бүгінге дейін қаншама ұлттар мен ұлыстар өзара ынтымағы, бірлігі жарасып, тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатыр. Тек енді біз осы бағытымыздан адасып қалмауымыз керек, – дейді Садық Әлиұлы. Одан соң сөз алған Кенжеғара Сүлейменов, Әсия Мәдиева және Дина Мейірмановалар да еліміздегі ұлтаралық татулықты дәріптеді, еліміздегі, ауданымыздағы өзге ұлт өкілдерінің тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, олардың қоғамға сіңірген еңбегін лайықты бағалайтындарын және алдағы уақытта да еліміздегі ұлтаралық келісім нығайып, аға буынның арасындағы өзара татулық ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретінін жеткізді.
Шараға қонақ ретінде шақырылған өзге ұлт өкілдерінің атынан сөз алған Софья Хайрудинова, Пак Лилия және Зулаш Мажиевалар кездесуді ұйым­дас­тырушыларға өз риза­шылық­тарын біл­діріп, қазақ халқына алғыстарын айтты. Сонымен бірге олар өздерінің Қазақстан деген бейбіт те байтақ елді мекендеген ұлттардың бірі екенін зор мақтанышпен жеткізді. Сондай-ақ кіндік қаны тамған туған жерінің түлеуіне, өркендеуіне, ынтымақ, бірлігінің сақталуына үлес қосатынын және ұрпағын да сол мақсатта тәрбиелеп жатқанын айтты.
Шара барысында құрметті қонақтарға аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығының өнерпаздары ән-жырларын арнаса, бірлестіктер атынан сый-сияпат жасалды.
Айта кетейік, Қазақстанда 130 өзге ұлттар мен ұлыстар мекен етсе, біздің ауданымызда әзербайжан, тәжік, өзбек, қырғыз, татар, шешен, кәріс, орыс, украйн секілді өзге этнос өкілдері Қазақстан деген қасиетті қара шаңырақтың астында бейбіт те, бейқам ғұмыр кешіп жатыр.


15 қыркүйек 2020 ж. 344 0