» » ҚАЗАҚТЫҢ ДӘМ-ТҰЗЫ ЖІБЕРМЕЙДІ

ҚАЗАҚТЫҢ ДӘМ-ТҰЗЫ ЖІБЕРМЕЙДІ

«Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» дейді бабаларымыз. Халқымыздың басына талай мәрте зұлмат замандардың қара бұлты төнді, тар жол, тайғақ кешулерден өтті. Бірақ бойындағы қадір-қасиетінен айырылған жоқ. Әсіресе, дархан даланы мекендеген халықтың сол даладай қонақжай пейілі, мейірбан көңілі суымады. Иә, қазақ – қонақжай халық. Алайда біз осы сөзбен өзіміздің арамызда ғана мақтанамыз. Ұлтымыздың қонақжай көңілін, бойындағы қадір-қасиетін өзінен бұрын өзгелер біліп, айтуы тиіс емес пе?! Елімізде бейбіт те бақытты, еркін де шат-шадыман ғұмыр кешіп жатқан жүзден аса ұлт пен ұлыстың өкілдері бар. Бүгінде олар тек бір мемлекетте тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан өзара ынтымағы жарасқан жандар ғана емес, қазақтың тұрмыс-тіршілігімен біте-қайнасып, туыс болып кетті. Өйткені олар сонау зұлмат жылдары бастарына күн туғанда тағдырдың тәлкегімен туған Отандарынан үдере көшіп қазақ жерінен пана тапты, жергілікті халықтың көңіліндегі көлдей мейірімге бөленіп, жүрегінің жылуын сезінді. Қиын-қыстау кезде өздері әзер жан бағып отырса да сол ұлттардың бірін де қазақ халқы өзекке тепкен жоқ, құшақ жайып қарсы алып, бауырына басты, төріне шығарып, дастарханындағы дәмін ауыздарына тосты. Халқымыздың өзге ұлттарға айқара ашылған сол ыстық құшағы әлі күнге дейін суыған жоқ. Сондықтан болар, елімізде тұрып жатқан өзге ұлттар қазаққа алғыс айтып қана қоймай, ана тілімізге, салт-дәстүрімізге құрметпен қарайды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде тұрып жатқан өзге ұлттардың көбі тарихи Отанына оралды. Бейбіт елді және сол елдегі жүзі жарқын, пейілі таза халықты, туып-өскен жайлы қонысты, ауылдасты, ас аяғы араласып отырған көршілерін қимай-қимай көшті. Бірақ қазақ жерінде туып, өсіп-өнген олар әлі күнге дейін Қазақстанды сағынатынын айтады екен. Өзге ұлт өкілдерінің бірқатары тарихи Отанына үйрене алмай, туған жері Қазақстанға қайтып келді. Иә, қазақ даласының қасиеті де сонда шығар. Дәм-тұзынан бір мәрте ауыз тиген адам қасиетті топырақтан кіндігін үзіп кете алмайды. Елімізге бірнеше күнге саяхаттап келген шетелдік меймандардың өзі осынау ұлан-ғайыр аймақтың табиғи ерекшеліктерін, тұмса сұлулығын, халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, қонақжай пейілін өмір бойы тамсанып айтып, ризашылықпен еске алып отыратынын естіп, көріп жүрміз.
Әлеуметтік желідегі Қазақстанда туып-өсіп, кейін атамекеніне оралған неміс ұлтының өкілдерінің туған жеріне, ондағы қазақ халқына деген сағынышы көптің көзіне жас үйірді. Албанияда жүріп ұл-қызының тойларын қазақ дәстүрімен өткізген бейнежазба расымен көңіл толқытады. Үстеріне қона қалған қазақтың ұлттық киімін өздері қорашсынбайды. Оюлы қалпақ пен шапан, зерлі қамзол мен ақ жаулық бойларына құйып қойғандай жараса қалған. Той дастарханынан да еуропалықтардың үнемшілдігі байқалмайды, қазақтың пейілі секілді молшылық білінеді. Бастысы, табақ-табақ ет тұр, тіпті бас тарту дәстүрін де ұмытпаған. Қонақтарға ұлтымыздағы кәде-сыйлардың бәрін жасап жатыр. Ең әрісі, тойшыл қауымды билеткен де қазақ эстрада жұлдыздарының әндері. Оны айтасыз, дастархан басында қазақтың халық әндерін барлығы қосыла шырқап отыр. Осыны көріп отырып қалай көңілің толқымайды?! Неміс халқы тойларын еріккеннен немесе қызық үшін қазақ дәстүрімен өткізіп жүрген жоқ. Олардың дәл сол сәттегі көңіл-күйлерінен өздері туып-өскен осынау ұлы далаға, ондағы ақ жарқын халыққа деген сағынышын аңғаруға болады. Егер адамзат болып әлемдегі ең тілегі түзу, пейілі таза, қонақжай ұлтқа алғыс айтуы тиіс болса, сол алғысты естуге қазақ халқы әбден лайық.
P.S. Көршім бар еді. Ұлты – шешен. Бірақ, қазаққа әбден сіңіп кеткені соншалық, әр сөзін мақалмен дәйектеп сөйлейтін. Қазақ­тың біз ұмыта бастаған ескі салт-дәстүрлерін де жақсы білетін. Осыдан бірнеше жыл бұрын сол көршім отбасымен атамекеніне қоныс аударды. Кетерінде айыр­ылысу көже жасады. Қоштасарда ауыл-аймақ азан-қазан болды. Қимастық шығар, әйелі сол маңайдағы барлық көрші-көлемді құшақтап жылап қоштасты. Балалары "Бұл жерден ешқайда кетпейміз" деп шырқырап жылап үйді айнала қаш­қан­да көңілі боса­маған жан қалмады...

Қуат АДИС
29 ақпан 2020 ж. 614 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930