Бірлік – береке бастауы
Қазақстан – әлемдегі саяси тұрақтылығы бекем елдердің бірі. Біздің елімізде саналуан ұлт өкілдері татулық пен бейбітшіліктің туын берік ұстап, өзара әлемдік дамудың көшбасшысы болуға ұмтылып келеді. Ұлтаралық татулықты нығайтуға Қазақстанда әрбір ұлт өкілі үлес қосып отыр. Қазақ халқының кеңдігіне, қонақжайлылығына риза болған өзге ұлт өкілдері Қазақстанды ортақ Отанымыз деп санайды. Себебі, жері кең, көңілі дархан ел оларға өз Отанынан артық болмаса, кем емес. 130-дан астам ұлт өкілі мекен ететін егемен ел өз береке-бірлігімен, тату-тәтті өмірімен көпке өнеге десек те артық айтқандық емес. Біздің ауданда да бірқатар өзге ұлт өкілі тұрады. Олардың барлығы бір-бірімен тығыз байланыста, жақсы қарым-қатынаста күн кешіп отыр. Оған дәлел, «Жалағаш – достық мекені» қоғамдық бірлестігінің нәтижелі жұмысы.
Жуырда Мәдениет және өнерді дамыту орталығында «Біз сіздермен біргеміз, ажырамас іргеміз» атты этнос өкілдерінің арнайы қатысуымен қорытынды шара өтті. Онда «Нұр Отан» партиясы Жалағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева этносаралық татулық пен қоғамдық келісімнің сақталуына, жас ұрпақты қазақстандық патриотизм құндылықтарына тәрбиелеуге бағытталған шараларға белсене қатысқан этнос өкілдеріне аудан әкімінің арнайы «Алғыс хатын» табыстады. Мұнан соң шешен этносының өкілі Алимаш Орсиханова, №31 мектеп гимназия оқушысы, Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының қорытынды шарасына «Асыл сөз» мектебі шешендік өнерге баулу байқауы бойынша марапат иесі Жанель Хамиева сөз алып, өздерінің жүрекжарды лебіз білдірді.
Сонымен бірге, «Жалағаш – достық мекені» қоғамдық бірлестінің төрайымы Дина Мирман жыл бойы өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен түрлі шаралар өткізгенін айтып, қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының нәтижесінде этносаралық тұрақтылық қалыптасқанын жеткізді.
Жиын соңы аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ.