Қызылорданың ауыл тұрғындары шыбын-шіркейден тері ауруының таралуына алаңдаулы

Әлеуметтік желі беттерінде Жаңақорған ауданының Түркістан облысымен шектесетін Көктөбе, Қалғансыр, Қандөз, Қашқанкөл, Қаратөбе елді мекендерінде шыбын-шіркей қаптап кеткені айтылған. Олардың шаққан жерінен адамдарда жара пайда болып жатқаны жазылуда. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, бұл жағдай кейінгі 3-4 жыл көлемінде Сырдария өзенінің суы ұлғайған кезде байқалып отыр. Дарияға жақын орналасқан елді мекендерде 10 күн шамасында шыбын-шіркей пайда болады. Ол 1 ай мерзім көлемінде қайта жойылып кетеді.
«Бұл шыбын-шіркейдің лейшманиоз ауруын тасымалдау жағдайы тіркелген жоқ. Лейшманиоздар қауіпті қансорғыштар арқылы таралады. Ол трансмиссивті паразитарлық аурулар тобына жатады. Тері лейшманиоздың табиғи резервуары кеміргіштер – үлкен құм тышқаны болса, оны москиттер тасымалдайды. Облыста москиттердің бірнеше түрі кездеседі. Олардың ішінде лейшманиоз аурудың қоздырғыш паразитін Рlasmodium Papatasi деген түрі тасымалдайды. Тері лейшманиозы ауруының негiзгi табиғи ошағы – Жаңақорған ауданының Түркістан облысына жақын орналасқан елді мекендері. Облыс көлемiнде терi лейшманиозы соңғы рет 2003 жылы тіркелген», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Салтанат Жақыпова.
Аталған сырқат өткен жылдың қараша айында 18 жылдан кейін алғаш рет тіркелді. Қараша-желтоқсан айларында 3 жағдай анықталса, биылғы жылдың үш айында – 4 жағдай (оның ішінде 2-уі Жаңақорған ауданында, 2-уі Қызылорда қаласында).