Батыр бабалардың өр рухы өлмек емес
Отан қорғаушы. Әдемі әрі әсерлі естілетін сөз, ә?! Отан деген ұғымның өзі қастерлі ғой. Алла адамды жаратқанда Отанымен бірге жаратып, сол Отанға кіндігінің бір ұшын байлап қояды екен ғой. Сондықтан Отан оттан да ыстық, жаннан да қадірлі болады екен.
Алла тағала: «Мен ана дүниеде оңаша отырып, өз күнәсіне өкініп жылаған көзді және Отанын қас қақпай күзеткен көзді шірітпей аман сақтаймын» депті. Ендеше, әр адамның перзенттік парызының басында Отанына адал қызмет ету тұрады екен. Ал Отанға қызмет қылудың басында оны жаныңды беріп қорғау тұр. Бірақ Отанға атылған қорғасын оққа кеудеңді тосып, ажалға басыңды байлаумен ғана перзенттік парызың өтелмейді. Отанды да, өзін де қорғаған адам – нағыз ер. Өйткені ол – ертеңгі сол Отанды көркейтуші, гүлдендіруші.
Ілгеріде үлкен кісілер кішкентай балалардың тындырымды ісін көргенде: – «Әй, бәрекелді! Мына бала жігіт болып, әскерге баруға жарап қалыпты ғой», – деп арқасынан қағып, марқайтып қоюшы еді. Иә, тезірек ержетіп, әскерге баруға асығып жүрген әлгі бала үлкендердің мынадай мақтау сөзінен кейін-ақ бойын түзеп, өзінің әрбір ісіне есеп бере бастайды. Өйткені олардың ойынша әскерге баратын бала қай жағынан да осал болуға тиісті емес. Нысана көздеп, мылтық атуға машықтанатын әскери өмірдің тәртібі темірдей екенін там-тұмдап болса да ересектерден естіп білген. Әсіресе физикалық тұрғыдан мықты болып өсуі керек. Сол үшін олар қол еңбегіне ерікті түрде жегіліп, спортпен де тұрақты түрде айналыса бастайды. Әскери дайындық жаттығуларының көбін үйінде жүріп үйреніп өседі. Кәмелет жасқа толып, әскери комиссариат шақырғанда шымыр денесі шиыршық атып, дайын сарбаз болып барады. Бойында күш-қуаты тасып тұрған бозбаланың әскери өмірге психологиялық жағынан да тез бейімделетіні белгілі. Жүректегі батырлық рух көп жағдайда ер жігіттің санасында өзіне деген сенімділік пайда болғанда оянады. Сондықтан шығар, өткен ғасырда әскерге барып келген азаматтарға көрсетілетін құрмет ерекше болды.
Ал қазір кәмелет жасқа толған балаларды көшеден қуып жүріп ұстап алып, әскерге алып кетіп жатыр дегенді естіп, жағамызды ұстадық. Өйткені қазіргі жастардың көпшілігі әскерге баруға құлықты емес. Әскери комиссариат арнайы шақырту жібергенмен де дәрігерлік тексеруден өтуге келмейді. Оның сантүрлі себебі де бар. Бір ата-аналар баласының отбасында жалғыз ұл екенін желеу етсе, енді бірі баласының денсаулығында кінәрат барын алға тартады.
Ең басты себеп, әрине ата-аналар соңғы уақытта әскери тәртіптің мүлдем босаңсып кеткенін, соның салдарынан әскери міндетін өтеп жүрген сарбаздардың жұмбақ жағдайдағы өлімі көбейіп кеткенінен қорқып, балаларын Қазақстан Республикасының қарулы күштері қатарында әскери қызметін өтеуге қарсы екендерін ашық айтып та келеді. Иә, расында соңғы кезде өрімдей жігіттердің әскери борышын атқаруға ауылынан өз аяғымен аттанып, денесі темір табытпен оралып жатқан қайғылы оқиғалар көбейіп кетті. Әрине ол жағдайлардың барлығы Ішкі істер Министрлігінің назарында тұр және жан-жақты зерттеліп жатыр деген сенімдеміз. Десе де бейбіт күнде оқ тимей ажал құшып жатқан сарбаздар өлімінің жиілеп келе жатқаны кімді де болса ойландырады. Ата-ананың да қорқатыны сол. Әрине әрбір бала ер жетіп, Қазақстан Республикасының азаматы деген атқа ие болғаннан бастап, ол әскерге барып, темірдей тәртіпке бағына жүріп, бұйрық орындап, бар жағынан шыңдалуға міндетті. Бірақ тағы да айтайық, жас сарбаз тәртіпсіздіктің құрбаны болуы үшін емес, Отан қорғайтын жауынгер атану үшін барады әскерге.
Жоғарыда айттық қой, бұрын әскерге барып-келу әр азаматқа үлкен мәртебе, абырой еді. Бүкіл ауыл болып құрметпен қимай шығарып салып, қошеметпен сағынып күтіп алатын. Әскерден оралған жігіт те көп ішінде кеудесін тік ұстап, маңғазданып отырушы еді. Тіпті ауылда жүргенде бұзықтау, ожарлау болған кейбір жігітті әскердегі екі жыл бірден есейтіп, салмақты, салауатты етіп жіберетін. Құрбы-құрдастарының арасында отырып, әскери өмірдің өз қиындықтары мен қызықтарын айтады. Сосын бірі жұлдызшасы бар сәнді шәпкесін, бірі жұлдызшасы бар тоғасы жалтыраған жалпақ қайыс белбеуін, бірі төсбелгілерін алуға келген өзінен кейінгі інілеріне әскерге барып Отанға қызмет ету, күні-түні шекараны дұшпаннан қорғау нағыз жүректі жігіттің ғана қолынан келетін іс екенін айтып, түсіндіріп, Отан деген қастерлі ұғымды олардың саналарына кішкентайынан сіңіре беретін.
Ел шетіне жау тисе, қолына қару алып, ел басына күн туса, арғымаққа ер салған қаһарман ұлттың ұрпағы ұсақталуы мүмкін бе? Мүмкін емес! Ендеше, бізге сол айта беретін ұлттық идеологияны қалыптастыру керек. Ұлттың рухы оянбай, Отан деген ұғымның қадірі де, қасиеті де болмайды. Отанын тек рухты жауынгерлер ғана қорғай алады.
Бүгінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесінің маңызы тек орталық алаңдарда өтетін кішігірім әскери шерулер мен патриоттық әндер шырқалатын сазды-әуенді шаралармен ғана шектеліп жүр. Енді үстеріне әскери форма киіп, сол шерулерге қатысып жүрген мектеп оқушылары Отан деген сөздің тереңіне бойлау керек. Ал ол үшін оларға берілетін патриоттық тәрбиені әлі де күшейтуге тиіспіз. Мектеп оқушылары, соның ішінде ер балалар Отанын өз әке-шешесін танығандай танығанда, өз әке-шешесіндей көріп құрметтегенде ғана әскерге өз еркімен сұранып барып, ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, Отанын қорғайтын есіл ерлер шығады. Күннің астын күркіреткен Күлтегін бабамыздың өр рухының жаңғырығы бүгінгі ұрпағына жетпеуі мүмкін емес.
Қуат АХЕТОВ