Қостанайлық қария бөтелкеден салған үйінде тұрып жатыр (фото)
Лиманное ауылының тұрғыны бөтелкеден салған үйінде тұрып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Владимир Авхимович тұрып жатқан қамыс үй өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында салынған екен. Қабырғалары әбден тоза бастаған соң ол бөтелкелердің көмегімен жаңартуға бел буыпты. «Бастапқыда жүрексіндім, күз айы болатын. Не керек, қыс түскенше аяқтап үлгердім. Негізі мен сияқты үй салып алғандар туралы теледидардан көргенмін.
Жұбайыммен ақылдаса келе, біз де осы шаруаға кірісіп кеттік. Шығын өте аз болды», – деп еске алады үй иесі. Авхимович аталған құрылысқа қажетті бөтелкелердің өзін жарты жылдай жинаған. Бала кезден бері шашылып жатқан темір-терсек, қағаз қалдықтарын, қоқыстарды жинауға әуес болыпты. «Әйтеуір, бір керегі болатынын білетінмін», дейді ол.
Үйдің үш қабырғасы бос бөтелкеден қаланып, арасы балшықпен сыланған. Мұндай шыны қабырғалар жауынға мүжілмейді, тіпті аяздарда сынбаған. «Бастысы, үйдің жылуы ғой. Егер тағы да бос шөлмектер жинасам, бассейн, фонтан қабырғаларын қалауға болады. Хауызға су толтырғанда жарықпен шағылысып тамаша көрінеді. Бірақ бұл үшін аздаған қарапайым құрылыс технологиясынан хабардар болған жөн және бос шиша қауіпті болғандықтан мұқият қарау керек», – деп кеңес берді Владимир Авхимович.
http://stan.kz
Пікір 1