» » ШАТТЫҚ ШҰҒЫЛАСЫ ШАШЫЛҒАН КҮН

ШАТТЫҚ ШҰҒЫЛАСЫ ШАШЫЛҒАН КҮН


Қуанса – бала қуансын. Бала қуанса дүниені шаттыққа бөлейді. Бейбіт күндегі балалардың күміс қоңыраудай күмбірлеген күлкісінен асқан әлемде әдемі әуен жоқ. Бүгінгі бүлдіршін – еліміздің ертеңгі болашағы. Сондықтан біздің елдегі бар жақсылық балаларға жасалады.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесінде балалар мен бүлдіршіндер орталық алаңды шат-шадыман қуанышқа бөледі. Тәуелсіз елде қам-қайғысыз бақытты өмір сүріп жатқан өскелең ұрпақтың өкілдері ашық аспанды ән-жырымен жаңғыртып, бойларындағы бұла өнерлері арқылы бейбітшілікті бедерледі. Әсіресе, мерекеде әсем әуен ырғағымен сап түзеп жүріп өткен балалардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі және тотыдай түрленіп, мың бұралған бүлдіршіндердің биі көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Орталық алаңдағы ерекше сән-салтанатпен безендірілген сахнаға көтерілген аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев атаулы күні балалар мен бүлдіршіндерге өзінің кіршіксіз тілегін арнады.
– Жаз мезгілінің бірінші күніне дәл келетін балаларды қорғау күні – халықаралық мерекелердің бірі, бүкіл әлемде 1950 жылдан бастап балаларды қорғау күні ретінде аталып өтуде. Жыл өткен сайын бұл күннің өзектілігі артпаса кеміген емес. Ауданымызда дәл осы күні балаларға ерекше назар аударылып, көптеген мәдени шаралар өткізіледі. Балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды басты бағыттарының біріне айналдырдық.
Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Қазірден бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Бар жақсылығын баларына көрсетіп, олардың жан-жақты тәрбиелі, саналы, білімді болып ер жетуіне қамқорлығын аямайтын мемлекеттің болашағы да жарқын болмақ. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етілуіне қол жеткізу мақсатында жеке меншік әріптестік аясында ауданымызда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын арттыруға біршама жұмыстар атқарылуда.
Бұл күн – сіздер үшін ең маңызды күн. Ендеше, ауданның барша тұрғындарын, әсіресе бүлдіршендерімізді осы тамаша мереке – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіз Қазақстанмен бірге өсіп-өніңіздер. Еліміздің патриот азаматы болыңыздар, өйткені еліміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Өмірде өз орындарыңды табуларыңа тілектеспін, - деді Қайратбек Әубәкірұлы.
Сондай-ақ аудан басшысы осы атаулы күні білім, спорт, өнер саласында жетістіктерге жетіп жүрген балғындар мен көп балалы отбасының балаларына (барлығы 18 оқушыға) Көкшетау қаласына және 20 оқушыға Астана қаласына туристік саяхатқа, 100 оқушыға Жаңақорғандағы «Талдысу» лагеріне және 452 оқушыға «Ақтерек» тынығу лагеріне жолдама табыстады.
Дәл осы күні жас қылқалам шеберлері «Астанаға – 20 жыл» тақырыбы аясында алуан түсті бояулармен Арқа төсіндегі жаңа Астананы әр қырынан айшықтап, әлемді тамсандырған әсем қаланың сұлулығын арттыра түсті. Сонымен бірге биылғы Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейлі мерекесіне орай жас суретшілер Алаш жұртының алғашқы астанасы болған Сыр бойындағы көне шаһардың бүгінгі жаңарған жасампаз келбетін шығармаларына арқау етті. Қазылардың көңілінен шыққан үздік сурет иелері арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтсақ, қатты қағазға түскен суреттердің ішінен қанық бояулы, мазмұнға бай айшықты туындылар айырықша бағаланып, Өміртай Нұржайна І орынның жүлдесін жеңіп алса, ІІ орын Баймырза Бейбарыстың үлесіне тиді. Ал, ІІІ орынды Рахымбек Ақбота иеленді.
Сонымен бірге осы шаттық шұғыласы шашылған күні «Жеңіс» саябағындағы «Фотосушка» атты фотосурет көрмесін тамашалаған аудан басшысы күн өткен сайын жаңарып, жасарып, көркейіп келе жатқан кентіміздің көрікті жерлерін фотоаппарат объективіне сыйдырған жас әуесқой фотосуретшілердің ішіндегі жеңімпаздарын марапаттап, оларға осы көрмені ұйымдастырған Жалағаш ауданы жастарының «Темірқазық» қоғамдық бірлестігі дайындаған арнайы «Алғыс хаттары» мен бағалы сыйлықтарын тапсырды. Айта кетейік, көрмеге қойылған барлық авторлық фотосуреттер алдын ала әлеуметтік желіге салынып, көпшіліктің таңдауы бойынша дауыс беру арқылы жеңімпаздар анықталды.

Қуат АДИС.
05 маусым 2018 ж. 1 222 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930