» » ҚАБЫЛОВТАҒЫ “ҚАСАПХАНА” немесе ұрлықты кәсіп еткен қор болады

ҚАБЫЛОВТАҒЫ “ҚАСАПХАНА” немесе ұрлықты кәсіп еткен қор болады

Осыдан біршама уақыт бұрын жалғыз Жалағаштың емес, жалпақ жұрттың жағасын ұстатқан мал ұрлығы әшкере болып, барымташылар құрықталған еді. Мамыр айының басында оларға сот үкімі шығып, бүгінде жазаларын өтеп жатыр. Біз оқырман назарына атышулы істің жай-жапсарын ұсынғанды жөн көріп отырмыз.Жалпақ жұрттың жағасын ұстатты дегенде, ұрылардың таңдай қақтырғаны сол, олжасын алыстан іздеп, болмаса, жұрт көзінен тасаланып әуре болмапты. Тек, өрістен қайтқан малдың есік алдынан өткенін тал түсте үйге кіргізіп алып, жайрата берген.
Хош, сонымен, әңгімені басынан бастайық. Өткен жылы қыс түсісімен, күн суыта әдеттегідей мал ұрлығы алаңсыз күшейіп кетті. Әсіресе, өрістегі төрт түліктің із-түссіз кету оқиғасы жиіледі. Даланың қасқырынан келген болса, өлексесі бір жерден шығуы тиіс-тұғын. Өкінішке орай, адамның қасқыры қылғандықтан, жоғалған малдың талайы ізін таптырмады. Тіпті, тәртіп сақшылары да қауқарсыздық танытып, ұрыларды ұстау белгілі себептермен мүмкін болмай қалды. Сондықтан, малды бақташы арқылы бағудың қажеттігі қайта айтыла бастаған. Әсіресе, бұл мәселені елді мекендерде ретке келтірмесе жағдай ушыға түскендей еді. Осылайша, өріске қараусыз жіберген малынан айрылып, қапа боп отырған елді желтоқсан айының соңындағы жаңалық елең еткізді. Яғни, кент тұрғындарының ертеңгілік бақташының алдына салып берген сиырлары жоғала бастады. Аз уақытта кенттегі онға жуық тұрғынның сиыры ұшты-күйлі кетті. Бала-шағаның ағарғанын айырып отырған жалғыз сиыры жоғалғандардың бірі Рысбай Кәрімов бастаған топ тәртіп сақшыларына жүгінгенмен малы түспегір ізім-қайым жоқ. Ал, бақташы болса ант-су ішіп, алдындағы сиырынан көз жазбағанын айтады. Сонда сайда саны, құмда ізі жоқ жануарлар қайда кетті? Аспанға ұшып кетті ме, әлде жер жұтты ма? Қарша бораған арыздың астында қалған ішкі істер бөлімінің қызметкерлері ұрыны ұстауға қанша тырысқанмен, оңайлықпен қолға түспеді. Әйтеуір, наурыз айының басында барымташылар қылмыс үстінде құрықталды.
“Бақсақ бақа екен” демекші, ұры алыстан келмепті. Анығы, бүгінде темір тордың ар жағына аттанған басты күдіктілер Н.Наршаев пен Д.Ильясов өрістен қайтқан сиырды үйге жетектеп кіргізіп, сойып ала берген екен. Бұл “идеяның” иелері қасапхана орны ретінде кенттегі Қабылов көшесіндегі №37 үйді таңдаған. Өйткені, үй бос, бірінің қайынатасына тиесілі там оңашада ойындағын жүзеге асыруға қолайлы болғандай. Сонымен, оңай олжаға құныққандар алдымен кент тұрғыны А.Қыстаубаевтың сиырын пышаққа іліндіріп, етін Н.Наршаевтың көлігімен Қызылорда қаласына жеткізген. Сөйткен де, сатып алушыға 110 мың теңгеге өткізіп, түскен қаржыны қалаған жеріне жұмсаған. Дәл осындай сценариймен екінші кезекте арада төрт күн өткен соң желтоқсанның 27-сі күні Р.Кәрімовтің сауып отырған сиырын Қабыловтағы үйде сойып алып, арзан етті Қызылордаға аттандырған. Айналдырған 4-5 күнде 220 мың теңге пайдаға кенелгендер, не керек, сиырлардың өрістен қайтуын иесінен бетер күтуге көшкен. Қысқасы, 23 желтоқсан мен 25 қаңтар аралығында, толық бір айда қылмыстық топ 9 сиырды Қабыловтағы “қасапхананың” есігінен кіргізіп үлгіріпті.
Сонымен, “сиыр ұстау операциясы” мұнымен тоқтамай, қылмыстық топ 11 наурыз күні кент тұрғыны Күмісбаевтың ірі қарасын жәукемдеп жатқан жерінде тәртіп сақшыларының тұзағына түсті. Иә, ұрлық түбі – қорлық. Біреудің ақ адал малына көз тіккеннің ақыры – осы.
Атышулы мал ұрлығына қатысты алғашқы сот отырысы аудан орталығындағы мәдениет үйінде өтті. Ашық сот отырысына жиналған жұртшылық, жәбірленуші тарап қылмыскерлердің қатаң жазалануын талап етті. Сондай-ақ, іс бағыты бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан тыс қалған жоқ. Өйткені, бұрын-соңды мұндай ұрлық тіркелмеген шығар. Тіркелген күннің өзінде ұры сабаздар бұлайша ар-ұятты алаңсыз ысырып қоймаған болса керек. Айтқандай, «кейіпкерлеріміз» арасында “қарап отырмайық” дегендей, кент тұрғындарының бірнеше қойын үптеп кеткен тұстары да бар.
Сонымен, сот талқылау барысында Н.Наршаев пен Д.Ильясов барлық жасаған қылмыстарын мойындап, жасағандарына өкініш білдірді. Ал, олардың ұрлық етін тасып бергендер мен сатып алушылар мән-жайдан хабардар болмағандықтан, іске куә ретінде жауап берді. Ал, жәбірленуші тараптарға келтірілген шығын көлемі 3 млн теңгеге жуықтады.
Мамыр айының 5-і күні мал ұрлығына қатысты істің судья А.Мизанбаев соңғы нүктесін қойды. Нақтылағанда, Н.Наршаев пен Д.Ильясов ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 2-бөлігінің 1,2,3-тармақтарымен кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 айға бас бостандықтарынан айырылды. Оларға жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленді. Сондай-ақ, жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеу міндеттелді.
Иә, қылмыстың өтеуі – жаза. Ұрлықпен көсегесін көгерткісі келетіндер Алланың қаһарына ұшырап, өз өмірін қор ететіндері айдан анық. Айтқандай, екі сотталушының сот үкімімен келіспей Қызылорда облыстық сотына түсірген аппелеяциялық шағымы қазіргі таңда қаралу үстінде.

27 маусым 2018 ж. 807 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930