МАЛЫҢДЫ ИЕСІЗ ЖІБЕРСЕҢ, ҰРЫҒА ӨКПЕЛЕМЕ...
Қазақ жиғанын жанына садаға еткенімен, маңдай термен тапқан ақ адал малын ұры-қарыға алдырса қарап қалмаған. Тұрмыс-тіршілігі төрт түлікке тәуелді болған халқымыздың амандық сұрасуды мал-жаннан бастайтыны да сондықтан. Бүгінде жұртшылық төрт түліктің қажеттілігін толық сезініп, мал шаруашылығына көңіл бөле бастады. Мемлекетті ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз ету бағытындағы бағдарламалар арқылы шаруасын ширатып отырғандар бар. Төрт түлік жесең – тамақ, кисең – киім, сатсаң – пұл, мінсең – көлік. Қысқасы, бүгінде қолда малың болса мұқтаждық көрмейсің, тұрмыстық қажеттілігіңді өтеп тұр. Мал асырап, оны көбейту үшін аз тер төгілмейді, тынымсыз еңбек етуге тура келеді. Алайда, маңдай теріңді төге жүріп, бейнетпен тапқан сол малыңды айдың, күннің аманында ұры айдап кетсе қандай күйге түсесіз?
Иә, қазақ қанындағы мал ашуы – жан ашуы әлі де бар. Жаугершілік пен барымтаның заманы артта қалса да, соңғы жылдары аудан тұрғындарының өрісте саяқ жүрген бірлі-жарым жылқы, сиыры, қорадағы қой-ешкісі жоғалып кетуі жиіледі. Алдындағы адал асынан айырылып, аһ ұрып қалғандар мұндайда ең алдымен құқық қорғау орындарына шағымданады. Ұрлық жасау – қылмыс. Ал, қылмысты ашу үшін шұғыл қылмысты іздестіру тобы құрылып, әрекет етуі керек. Алайда, малын ұрыға алдырғандардың көбі құқық қорғау саласының қызметіне көңілдері толмайтынын айтады. Олардың айтуынша, індетіп, із кесу жұмыстарына полиция немқұрайлы қарайды, соның салдарынан қылмыстың ашылуы кешеуілдейтін көрінеді. Тіпті бір емес, бірнеше бас малы қолды болып ашынған кейбір ағайындардың ішінде осы қылмыстарды ашуға құқық қорғау қызметкерлерінің құлықсыздық танытуының астарынан сыбайластық іздейтіндері де бар. Шынында қорадан немесе өрістен жоғалған төрт түліктің қайсысы болса да жер астына түсіп немесе аспанға ұшып кетпейді. Оның үстіне қазіргі дамыған заманда қылмыс қаншалықты көбейсе, оны ашу да соншалықты жеңілдеді. Бақылау бейнекамералары және одан басқа да түрлі жетілдірілген заманауи құрылғылардың көмегіне жүгінуге мүмкіндік бар. Осы тұрғыдан қарасақ, көмек күткен тиісті орындардан қайран болмай, амалы құрыған тұрғындардың полиция қызметкерлеріне деген сенімсіздігі, олардан күмәндануы заңды секілді. Алайда бұл, полиция қызметкерлеріне деген біздің пікіріміз де осыған саяды деген сөз емес. Десе де біз халықпен санасуға, олардың жанайқайын құзырлы орындарға жеткізуге тиіспіз. Сондықтан қос тарапты да тыңдап, кейбір жағдайда мал ұрлығы қылмысын іздестірудің соңы сиырқұйымшақтанып кетуінің себебін білу мақсатында аудандық ішкі істер бөлімімен байланысуды жөн көрдік. Біз ең алдымен аудандық ішкі істер бөлімі криминалды полиция бөлімшесінің бастығы Есенғали Даутовке жолығып, «Сайда саны, құмда ізі қалмай, ұшты-қилы жоғалып кетіп жатқан ұрлық малдар мен ұстатпай жүрген ұрылар шынында қайда жүр?» деген сауалымызды қойдық.
Есенғали Кенжеғалиұлының айтуынша, соңғы жылдары мал ұрлығы үлкен мәселеге айналып отыр. Мәселен, алдыңғы жылы аудан бойынша 76 мал ұрлығы тіркеліп, жедел іздестірудің нәтижесінде олардың 14-і ашылса, өткен жылы 41 мал ұрлығы тіркеліп, оның 19-ы ашылған. Сол әшкереленген 19 қылмыстық істерге тоқталсақ, 5 адамнан құрылған 1 топ, 3 адамнан құрылған 2 топ, 2 адамнан құрылған 1 топ барлығы 4 қылмыстық топ құрықталып, 10 қылмыстық іс аудандық сотқа жолданған. Нәтижесінде сот шешімімен 1 азамат (1977 жылы туылған Қ.З) 3 жылға бас бостандығынан айырылып, 5 азамат (1989 жылы туылған Ш.М, 1967 жылы туылған Б.С, 1980 жылы туылған К.Е, 1992 жылы туылған А.С және 1992 жылы туылған О.М) 1 жылдан 3 жыл аралығында бас бостандығын шектеу жазасына сотты болған. Сонымен бірге екі тараптың өзара бітімгершілікке келуіне байланысты 9 қылмыстық іс өндірістен қысқартылған.
Биыл да жыл басталмай жатып өрісте жүрген жұрттың малын тап бір нағашысы бәсіреге байлағандай алдына өңгеріп алып жүре беретін «жиендердің» қарасы көбейген. Мәселен қаңтар, ақпан айларында барлығы 26 мал ұрлығы тіркеліп, жедел іздестіру нәтижесінде оның бесеуі табылды. Ал, қалғандарынан хабар жоқ. Неге? Бұл жедел іздестіру тобының қылмысты ашуға соншалықты қауқарсыздығынан ба әлде расымен жоғарыда айтылғандай қылмыскер мен құқық қорғаушылардың арасында бармақ басты, көз қыстылықтың бар болғаны ма? Көкейімізде кептеліп тұрған бұл сауалымыздың жауабын аудандық ішкі істер бөлімі криминалды полиция бөлімшесінің бастығы Е.Даутовтен алдық.
– Халықтың олай ойлауы заңды. Қазақта «бір қарын майды, бір құмалақ шірітеді» деген тәмсіл бар. Қай салада болмасын келеңсіздіктер кездеседі және қызметін асыра пайдаланып, жең ұшынан жалғасып, сыбайластыққа барған бір қызметкердің кесірінен сол салаға деген халықтың көзқарасы өзгеріп, сенімі жоғалады. Алайда, құқық қорғау орындарының қызметкерлері заңға сәйкес халыққа мейілінше қызмет көрсетіп, оларға заң тұрғысынан қорған болуға тиіс, болып та келеді. Ал, тұрғындардың, соның ішінде малын жоғалтып, арызданғандардың біздің қызметімізге деген сенімсіздігі, бізге деген теріс көзқарасы көбіне біздің ішкі жұмысымыздың жай-жапсарын жете түсінбегендіктен туындап жатады. Сондықтан олардың көкейіндегі күмәнін сейілту үшін қылмысты іздестіру бағытында атқарылатын жұмыстардың жүйесін баяндап өткеніміз жөн.
Бізге аудан тұрғындарынан малы жоғалғаны жөніндегі арыз келіп түскен мезетте жедел іздестіру тобы құрылып, жұмыс бастайды. Арыз бойынша қылмыстық іс қозғалғаннан кейін, сотқа дейінгі тергеу әрекеттері мән-жайларын жан-жақты толық және объективті зерттеу үшін заңда көзделген барлық шаралар жүргізіледі. Егер 2 ай мерзім ішінде іс бойынша құқық бұзған адам анықталмаған жағдайда, қылмыстық істің мерзімі уақытша тоқтатылады. Алайда, бұл қылмыстық іс мүлдем жабылып қалады деген сөз емес. Іс бойынша криминалды полиция бөлімшесімен жасырын тергеу әрекеттері жүргізіле береді, егер күдікті тұлға анықталса, қылмыстық іс қайта жаңғыртылып, заңды процессуалдық шешім қабылданады. Ал, мұны халық басқаша түсінеді. Көп жағдайда мал ұрлығы қылмысының уақытында ашылмауы – тұрғындардың дер кезінде құқық қорғау орындарының көмегіне жүгінбеуінен, ашып айтсақ, құқықтық сауатының төмендігінен болады. Яғни малының жоғалғаны жайында полицияға хабарласпай, өз бетінше іздеп, уақыт өткізіп алады. Ең қиыны, олар жоғалған малын өз бетінше таба алмай, әбден күдерін үзген кезде барып бізге арыз түсіреді. Біздің міндетіміз – қылмысты ашып, қылмыскерді құрықтау және жапа шеккен жандарға құқықтық көмек беру болған соң, «кеш қалдың» деп олардың арызын кері қайтаруға құқымыз жоқ. Алайда 2-3 ай өткен қылмысты ашу бізге айтарлықтай қиындық туғызады. Бұл уақыт ішінде қылмыскер ізін суытып үлгеріп, нақты айғақтарды табу оңайға соқпайды. Міне, соның салдарынан кейбір ұрлықтар ашылмай қалады, қанша іздестіру жұмыстары жүргізілгенімен көбіне оң нәтиже бермейді. Айта кететін тағы бір жайт, ұрланған малдың егелерінің кешірім беруімен жазадан жеңіл сытылып кеткен қылмыскерге біз екінші рет ұрлық жасауға мүмкіндік беретінімізді біле бермейміз. Ұры ұсталып, қылмысы дәлелденген соң ұрланған малдың егелері қылмыскерге кешірім беріп, екі тарап ымыраға келсе, біз ұрыны босатуға тиіспіз. Өйткені заңда солай көрсетілген.
Ал, арыз иелерінің қылмыстық істердің тергелуіне көңілдері толмай, өтініштері қаралмай қалған жағдайда тергеу және анықтау жұмысын қадағалайтын бөлім басшысының жеке қабылдауына келуіне болады. Тұжырып айтқанда, мал ұрлығының алдын алудың ең тиімді жолы – кезекпен пада ұйымдастыру. Сондай-ақ, қазірде өріске шығатын малға микрочиппен белгі салу арқылы қашықтан бақылау мүмкіндігі бар. Өріске жіберген малымызды бір Аллаға тапсырып қойып, үйімізде отыра бермей, жапан далада иесіз жүрген төрт түліктің тұяғын жиі түгендеп тұрғанда ғана ұрыны оңай «олжасынан» қағамыз, - дейді Есенғали Кенжеғалиұлы.
Иә, расында мал – баққанға бітеді. Қарамасаң малыңнан құт қашады. Аудан тұрғындарына малдың етін жеп, терісі мен сүйегін қалдыратын төртаяқтылардан, бір тал қылшығын да қалдырмай кететін екіаяқтылар қауіп тудырып отыр. Өйткені, кейбір тұрғындар жоғалған малдары өрістен қайтпай қалатынын айтады. Демек, кәнігі ұрылар ұрымтал сәтті аңдып жүріп алады. Сондықтан әрбір ауылдық округ әкімі және ауыл ақсақалдарының басшылығымен тұрақты мал кезегін ұйымдастырып, қолдағы азын-аулақ қараны күндіз жайылымға шығарып, кешке түгендеп қорамызға қамап, күзетті күшейтсек бөріден де, ұрыдан да аман боламыз. Десе де, қылмыстың алдын алуда мал егесімен бірге сақтық шараларынан құқық қорғау қызметкерлері де шет қалмай, әбжіл әрекет етіп, қимылын ширата түсуі тиіс. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Темірдей тәртіп босаңсып кетсе, ұры ұстала тұра тиісті жазасын алмаса, қоғамдағы қылмыс тыйылмайды.
Қуат АДИС.