ТҮЙІНДІ ТҰС ТЫНЫМСЫЗ тірлікПЕН ТАРҚАЙДЫ
Сейсенбіде аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың халық алдындағы есепті кездесуі Мақпалкөл, Жаңаталап, Аққыр ауылының округтерінде жалғасты. Аудан басшысы алдымен Мақпалкөл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстар жайында есеп берді және Елбасы жүктеген міндеттер аясында кезең-кезеңімен жүзеге асырылуға тиіс алдағы жоспарлармен таныстырды.
Тентекті тыйса игі...
Мақпалкөл – ауданға қарасты елді мекендердің ішіндегі халқының саны көп, экономикалық әлеуеті де жоғары ауылдардың қатарында. Шаруашылықтың кешегі кеңестік кезеңде өндірілген миллиард пұт астыққа үлес қосқанын сөз етпегенде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырауда да бұл ауылдың тоғы шайқалған жоқ. Ауыл азаматтары сол қысылтаяң кезеңде «Елмен бірге көреміз» деп, көктен көмек күтіп үйінде жатпай, жеке қожалықтар құрып 10-15 отбасы сол шаруашылықтың айналасына топтасып, бір қолдың саласындай жұмыла жұмыс жасады. Берекесі бар жерге – бақ, ынтымағы бар жерге – ырыс үйіріледі. Қолы қимылдағанның, ауызы да нәпақадан құр қалмайды. Жаңа қоғамның талабын түсініп, нарықтың ыңғайына тез бейімделген іскер азаматтар бүгінде шаруашылықтарын кеңейтіп, өзінің жеке басының жағдайын түзеп қана қоймай, туған ауылдарының көркеюіне үлестерін қосып отыр. Иә, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов және Әбдікәрім Оңалбаев, Қомшабай Сүйенішев, Ұзақ Еспанов, Қаһарман Бабағұлов секілді тұғырлы тұлғалар туып-өскен топырақтың құнары жоғалуы мүмкін емес. Міне, осындай бақ қонған ауылдағы берекелі тіршіліктің әлі сөбесі сөгілмеген. Оны ауыл әкімі Бауыржан Тұңғышбаевтың тұрғындарға берген есебінен тыңдап, білдік. Мәселен, ауылдағы 1776 адамның 988-і экономикалық белсенді. Бұл сандық көрсеткішті пайыздық мөлшермен берсек, ауыл халқының 55,56 пайызының тұрмысы тәуір. Әрине, бұл артта қалған жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Қазірде ауылда 11 шаруа қожалығы, 1 фермерлік қожалық бар. Солардың ішінде «Ер-Әлі», «Манақбаба», «Құрманбай Ата», «Ақтікен», «Ақниет» секілді іріленген шаруашылықтар ауылдың дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына серпін беріп отыр. Ауылда егін егу және «Құлан», «Алтын асық», «Сыбаға» бағдарламалары бойынша несие алып, мал шаруашылығымен айналысып отырғандарды айтпағанда, ауыл тұрғындарына 13 сауда нүктесі, 1 шаштараз, 1 аяқкиім жөндеу шеберханасы қызмет көрсетіп отыр. Демек, мақпалкөлдіктер күнделікті тұрмыстық қажеттілігі үшін аудан орталығына сабылмайды, іздегені ауылдан табылады. Ауыл әкімінің есебіне халық та, аудан басшысы да жоғары баға берді. Алайда, ауылдағы учаскелік полиция инспекторы Б.Ақмағанбетовтің есебінен кейін аудан басшысы аталған ауылдық округте қоғамдық тәртіпті қадағалауды күшейтіп, қылмыстың алдын алу жұмыстарын ширату керектігін қатаң тапсырды. Оған себеп, учаскелік полиция инспекторының айтуынша, қазіргі уақытта ауылда 15 адам маскүнемдік бойынша тіркеуде тұрады. Қылмыстың барлығы – ішімдіктен бастау алатынын ескерсек, аудан басшысының бұл жағдайды ерекше назарға алғаны да түсінікті. Сондай-ақ, Қайратбек Әубәкірұлы ел ішіндегі тентек-теліні тезге салып, түзетуді тек құқық қорғау қызметкерлерінің жауапкершілігіне жүктеп қоймай, ауылдағы ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңестер де мұндай мәселелерге араласып, дер кезінде оң шешімін табуына атсалысып отыру керектігін тілге тиек етті. Ауыл тұрғындары тарапынан ауызсу, аяқсу, электр желілерін жаңарту жайы айтылды және ол түйткілді мәселелер алдағы күндері өз кезегімен шешімін табатын болды. Кездесуді қорытындылаған аудан басшысы биылғы жылы облыстық дәрежеде аталып өтілетін Мақпалкөл ауылынан шыққан ұлт мақтаныштары Т.Жүргеновтың 120 жылдығы мен Ұ.Еспановтың 90 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстарының басталып кеткенін айтты.
Мақпалкөлдіктер аудан, ауыл басшыларының жылдық есебіне оң баға беріп, ит жылынан да игілікті істер мен жақсы жаңалықтар күтетінін жеткізді. Ал, ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында тер төккен еңбек ардагері, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ауыл ақсақалы Б.Нұрманбетов көзін тауып, кәсіп еткен адамның қатардан қалмайтынын айтып, ауыл жастарын еңбек етуге шақырды.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Бұрын Мақпалкөлдің бөлімшесі болған Жаңаталап бүгінде өз алдына отау тіккен бір бөлек ауыл. Ауыл экономикасының негізгі саласы – ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру. Яғни, тіршілік көзі – егін шаруашылығы. Егіс көлемі де халықтың санына сәйкес. Ауылдағы 137 отбасы тіршілік кешіп жатыр. Сонымен бірге Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Қуаныш Әбдіқалықовтың есебіне құлақ түргенде, біз бүгінде аталған ауылда кәсіпкерлік саласының да өркендеп келе жатқанын байқадық. Қазірде бірқатар кәсіпкерлер «Ақниет» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз қаржы алып, «Компьютерлік орталық», «Дәнекерлеу», «Шаштараз», «Ағаш шеберханасы», «Массаж жасау қызметі», «Наубайхана» ашып, ауыл халқына қызмет көрсетіп отыр. Сондай-ақ, ауылда шаштараз, сауда нүктелері, жиһаз жасау шеберханасы, мақта және төрт түлік малдың жүнін түтетін шағын цех бар. Демек, ауылда кәсіпкерлік те кең қанат жайған. Есепті кездесудің сұрақ-жауап кезеңінде аудан басшысы көпшіліктің көкейіндегі сауалды өзі көтеріп және оның жауабын да өзі берді. Рухани жаңғыру үшін мәдени ошақтарымыздың жай-күйі жақсы болуы тиіс. Ал, салынғанына ғасырға жуықтап қалған ауылдағы клуб үйі бүгінде әбден ескірген. Тіпті, ол ғимарат әуел баста ауыл кеңсесінің мекемесіне арнап салынған екен. Қысқасы, ауылдық клубқа жаңа ғимарат қажет. Бірақ, оған жуық арада мемлекет бюджетінен қаржы қаралмайтын секілді. Сондықтан аудан әкімі бұл мәселені тек мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде ғана жүзеге асыруға ғана мүмкіндік бар екенін айтты. Яғни, ауылдан шыққан қалталы азаматтар күш біріктіріп, туған ауылының осындай мұқтаждықтарына көмектесу керек. Бірақ, көпшіліктің арасынан бұл іске білек түріп, белсенділік танытқандар табыла қоймады. Десе де, ауыл әкімі Қ.Әбдіқалықов бұл мәселені шешудің жан-жақты мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын жеткізді.
Шалғайдағы ауылдың шаруасы ширақ
Аққыр – аудан орталығынан ең шалғай орналасқан ауыл. Мал шаруашылығымен ғана айналысатын ауылдың тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақыттың ішіндегі әлеуметтік ахуалы биліктің көз алдында. Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың толқыны қақпақылдап, жағаға шығарып тастаған ауылдардың бірі де – осы Аққыр. Өйткені, мал шаруашылығын тіршілігіне тірек етіп отырған ауыл тұрғындары аяқ астынан болған топалаңнан тігерге тұяқ қалмағанда не істерін білмей, абдырап қалған еді. Қазірде шүкір, ауылдағы тіршілік бастапқы арнасына түскен. Аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев жұртшылықпен кездесу барысында Аққырдың топырағының қасиеті бар киелі жер екенін тілге тиек етті. Иә, расында бұл ауылдан елімізге белгілі көптеген азаматтар шыққан. Аудан басшысы мұны бекер сөз еткен жоқ, қазірде осы ауылдан түлеген азаматтар туған жеріне атбасын жиі бұрып тұрады. Олар құр қонақ болып келмейді, әр келген сайын ауылдағы олқылықтардың орнын толтырып кетеді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Аққыр ауылдық округінің әкімі Ж.Матаевтың халық алдындағы есебі бойынша сөйлейік. Қазірде ауылда 3 сауда дүкені, 1 тігін шеберханасы, 1 наубайхана, 2 шаштараз, 1 кафе, 1 ұстахана, 1 доңғалақ желімдеу шеберханасы, 1 шағын көкөніс тұздығын консервілеу орталығы халыққа қызмет көрсетіп отыр. Айта кетейік, Аққыр ауылының аумағында жайылымдық жер көп. Тиімді пайдаланған адамға мал ұстауға ыңғайлы. Сондықтан ауылда мемлекеттік бағдарламалар бойынша қомақты қаржыға қол жеткізіп, Қамбар ата, Зеңгі баба түліктерін асылдандыру бағытында жұмыс жасайтындардың саны жыл санап артып отыр. Ал, «Нұрбек» шаруа қожалығының төрағасы, кәсіпкер Ғ.Бодыбаев өзінің жеке қаржысына 100 басқа арналған жылқы және мүйізді ірі қара малдарын бордақылау алаңын ашып, халықты ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге бел буды. Сондай-ақ, Ә.Маштаев, Ә.Шаймағанбетов, М.Төребаев, Е.Болтаев және тағы да басқа осы ауылдан түлеген бірқатар азаматтар ауыл көшелерін жарықтандыруда, ауылдың санитарлық тазалығына, өздері білім алған ауыл мектебінің кем-кетік жерлерін бүтіндеуге үлес қосып келеді. Әрине, ауыл тұрғындарының барлық мәселесі шешіліп қойды деуден аулақпыз. Бұл ауылдың халқына ортақ мәселе – ауызсу. Ауызсу мәселесі алдағы уақытта өз кезеңімен шешімін табатынын аудан әкімі есебінде тарқатып айтты. Сондықтан оған тоқталудың қажеті бола қоймас. Сонымен бірге аққырлықтардың жылдағы кездесуде көтеретін тағы бір мәселесі – ауылдық клубтың ғимараты. Ауылдың ескі кеңсесінің бір бұрышын паналап отырған мәдениет ошағына расында жаңа ғимарат керек. Ауыл әкімі бұл мәселені алдағы уақытта мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде шешуге жоспар жасалғанын айтты. Қайратбек Әубәкірұлы ауылдағы түзу тіршілік пен халықтың өзара береке-бірлігіне жоғары баға бергенімен оқушылардың білім көрсеткіштеріне көңілі толмады. Қазірде Елбасы үш салаға – білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік саласына аса көңіл бөліп отырғаны белгілі және осы аталған салаларға бөлінетін қаржының да көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Ендеше, елімізде бұл аталған салалар кенжелеп қалмауы тиіс. Осыны негізге алған аудан басшысы мектеп директорына көштің соңында қалмай, алға жылжуға тырысу керектігін тапсырды.
Аққыр ауылдық округіне бекітілген учаскелік полиция инспекторы Ғ.Шөмекеев өз есебінде сора өсімдігін өсіруге қатысты 1 қылмыстық істің және мал ұрлығына оқталуға қатысты 1 қылмыстың ашылмай тұрғанын баян етті. Сондай-ақ, ол тұрғындардан ұрлықтың алдын алу үшін, мал кезегін ұйымдастыру керектігін сұрады. Иә, бұл барлық ауылға қатысты мәселе. Қорасындағы малына егесі иелік етуі керек. Әйтпесе, түзде иесіз жүрген малға «жиендік» жасайтындар көп қазірде.
Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев ауылдағы жұмыссыздықтың деңгейін төмендетудің ең тиімді жолы – ауылда кәсіпкерлікті дамыту екенін айтты. Иә, жаңа жұмыс орындарын ашып, өзін де, өзгені де жұмыспен қамту – қазіргі заман талабы. Екінші жағынан, кәсіпкерлік салық қазанын қайнататын сала. Ал, салық түсімінің артуы, халық жағдайының жақсаруына ықпал етеді.
Есепті кездесуге облыстық тексеру комитетінің мүшесі М.Сатлабаев және аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім, мекеме басшылары қатысты.
АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС АУҚЫМДЫ
Аудан әкімінің тұрғындар алдындағы есепті кездесуі Бұқарбай батыр ауылында да өтті. Онда аудан басшысы Қ.Сәрсенбаев ауыл халқын аудан көлемінде атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Сондай-ақ, ауыл әкімі С.Байділдаев пен учаскелік полиция инспекторы Е.Әбдірамановтың жыл бойы атқарылған жұмыстары тыңдалды.
Өткен жылы ауылда “Сыбаға”, “Сәйгүлік” бағдарламалары арқылы жеңілдетілген несие алған азаматтардың қатары артқан. “Фарида” шаруа қожалығы 7 млн 500 мың теңгеге 45 бас аналық сиыр, 2 бас асыл тұқымды бұқа алып, шаруашылық жұмысын бастады. Ал, “Дінмұхаммед” фермерлік қожалығы 4 млн теңгеге барлығы 25 бас ірі қара әкеліп, малды асылдандыру жұмыстарын ширата түскен. Бұлардың қатарында “Сәйгүлік” шаруа қожалығы да бар. Сонымен қатар, ауылда “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау 2017-2021 жылдарға арналған” бағдарламасының тиімділігін көрген тұрғындар да көптеп кездеседі. Тағы бір айта кетерлігі, ауылда маман тапшылығы да шешімін тапқан сыңайлы. Ұзаған жылы білім, мәдениет, спорт, дәрігер болып ауылға келген 11 жас маман “Дипломмен ауылға” бағдарламасы арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етілген.
Бұқарбай батыр ауылының ажары көпті тамсандыратыны белгілі. Мәдени-көпшілік іс-шаралар өтетін орталық алаңнан бастап, сәулеті келіскен ғимараттардың барлығы бір жерге топтасқан. Көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстардың жолға қойылғаны алыстан көзге көрініп-ақ тұр. Дей тұрғанмен, ауыл тұрғындарын мазалайтын бір мәселе бар екен. Ол ауыл ішіндегі жаяу жүргіншілерге алналған жолдардың жабылуы. Яғни, әркім өз үйінің алдындағы жолды заңсыз қоршап алатын көрінеді. Мұны назарға алған аудан әкімі тиісті сала басшыларына мәселені дереу шешуді тапсырды.
Ал, полиция инспекторының сөзінше, ауылда 11 қылмыс тіркелген. Өкінішке орай, орын алған қылмыстардың бірде-бірі ашылмапты. Мұның көбісі мал ұрлығына қатысты екен. Ауыл инспекторы болып келгеніне көп болмаған Е.Әбдіраманов алдағы уақытта қылмыскерлерді анықтауға күш салатынын айтып, қылмыстын алдың алуға жұмыс жасайтынына сендірді.
Ауылдың тыныс-тіршілігіне қанық болған тұрғындар мұнан соң, аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды тыңдады.
Өткен жылы өңірдің қол жеткізген жетістіктері мен табыстарын ауыз толтырып, зор мақтанышпен айтуға болады. Экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстардың нәтижесінде, экономикада тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері артты. Алдағы міндет – ел игілігі үшін жасалған бастамаларды сәтті жүзеге асырып, кәсіпті түбегейлі жақсарту және кеңейту, жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін жетілдіру бағытындағы жұмыстарды одан әрі ширата түсу. Міне, осындай ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанын айтқан аудан басшысы Қайратбек Әубәкірұлы биылдан бастап Жалағаш кентін жаңғырту, абаттандыру және көркейту жұмыстарын жүргізуге негізгі басымдық берілетіндігін де мәлімдеді.
ҚАУЫНДЫ ЕЛДІ ҚУАНТТЫ
Сәрсенбі күні есепті басқосу Жаңадария ауылында жалғасты. Шалғай орналасқан бұл ауылда 530 адам тұрады. Халық саны аз болғанымен шешімін таппаған күрмеулі мәселелер көп екен.
Тіл үйірер тәтті қауынымен танылған Жаңадария ауылында соңғы жылдары кәсіпкерлікке бет бұрыс бәсеңдеген. Олай деуге себеп – өткен жылы бірде-бір ауыл тұрғыны мемлекет ұсынған бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алмапты. Әр ауылда өз кәсібін ашуға ниетті азаматтар бар екендігі белгілі. Бірақ, олар өз ісін неден бастау керектігін білмейді. Мұндай жағдайда ауыл әкімі бағыт-бағдар беріп, жан-жақты көмек қолын созуға тиіс. Өткен жылы кәсіп ашуға жоба ұсынғандар бар, бірақ, қаржыландыру мәселесі биыл шешімін таппақ. Бұған дейін баянды бағдарламалар арқылы несие алған тұрғындар мал басын көбейтіп қана қоймай, ет, сүт бағытында жұмыс жасауда.
– Жаңадария ауылдық округінде егiстiкпен бiрге мал шаруашылығы да дамып келедi. “Қожық-ата”, “Барбол”, “Ақылбай” фермер қожалықтары мүйізді ірі қара және жылқы малдарының басын көбейтуде. Ауылға инвестор тарту мақсатында “Магро” фермер қожалығы “Атжайған” учаскесінен 100 гектар жерге қауын егіп, 15 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтыды. Ауыл бойынша жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 6 жоба ұсынылған болатын. Қазіргі таңда, 2 кәсіпкер өз қаражаттары есебінен мал бордақылау алаңын салды. Тасшоқы учаскесінде орналасқан «Адал» ШҚ мал бордақылау алаңының құрылысын салып, 2015 жылы жеке қаражат есебінен 10 млн теңгеге Ресейдің Алтай өлкесінен 53 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара сатып алды. Өткен жылы ауыл тұрғындары 80 гектар жерге бақша дақылдарын орналастырып, межелеген өнімге қол жеткізді, – деді ауыл әкімі Р.Ақпанбетов. Баяндама соңында алдағы міндеттерге тоқталған ол биыл кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздықты азайтуға күш салатынын жеткізді.
Мұнан соң, мінберге көтерілген полиция инспекторы А.Жәнібеков өткен жылы орын алған 13 қылмыстың 11-і ашылғанын хабарлады. Орын алған қылмыстардың ішінде жылқы малын үйірімен бірге айдап әкеткен ұрылар да кездескен.
Аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды баяндаған аудан басшысы жиын соңында ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сауалдарына жауап берді. Бірі жедел-жәрдем көлігінің жоқтығын айтса, енді бірі ауылға көпшілік іс-шараларды өткізетін мәдени клуб керек деген ұсыныстарын жеткізді. Мұны тыңдаған аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев тиісті сала басшыларына мектеп жанынан клуб ашуды, тұрғындар сұраған аяқ су каналы мәселесін шешуді тапсырды. Сондай-ақ, алдағы уақытта ауылға жедел-жәрдем көлігі де берілмек. Жиын барысында тұрғындар мына мәселені де айтып қалды. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдың орталық көшесіне жарық шамдар орнатылған болатын. Алайда тұрғындар көше жарығының жанбайтынын айтты.
Аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев ауыл әкімін сынға алып, бұл мәселені бүгіннен бастап шешуді тапсырды. Өңір басшысының түйткілді тұстарды бүгіннен қалдырмай шешуге тапсырма беруі қауынды елді қуантып тастады.
ИТ-ҚҰС КӨБЕЙГЕЛІ КӨҢІЛ АЛАҢЕсет батыр ауылында да тауық жылындағы жұмыстар қорытындыланып, алдағы міндеттер айқындалды. Ауылда 15 шаруа қожалығы, 2 өндіріс, 3 ауыл шаруашылығы копперативтері жұмыс жасайды. Өткен жылы шаруашылықтар 2149 гектар жерге күріш, 60 гектар алқапқа картоп және жаздық бидай, көкөніс, жоңышқа егіп, мол өнімге қол жеткізді.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 23 ауыл тұрғыны 84 бас мүйізді ірі қара және 73 бас жылқы алған. Қазіргі таңда, мал басын одан әрі көбейту, асылдандыру және ет бағытындағы жұмыстарға басымдық беруде. Сонымен бірге, жалпы құны 22,4 млн теңгені құрайтын 6 жоба қолдау тапқан. Аталған бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 19 азамат қайта даярлау курсын оқып, оның 11-і жұмысқа орналасып үлгерген.
Ұзаған жылы ауылда 9 қылмыс орын алып, қазіргі таңда, оның 2-еу ашылыпты. Есепті жиында аудан әкімі полиция инспекторына ұрлықтың алдын алып, қылмыскерлерді анықтауды тапсырды. Қазір, қай ауылда болмасын, мал ұрлығы көбейген. Мұндай қылмыскерлердің жолын кесуге бір ғана полиция инспекторы аздық ететіні анық. Ол үшін ауыл тұрғындары да жайылымдағы малды қадағалап, пада ұйымдастыру керек. Көпшіліктің айтқан пікірлері осыған саяды.
Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев өткен жылы ауданда біршама жұмыстар атқарылғандығын айтып, өңірдің даму басымдықтарына тоқталды.
– Электр жүйелерінің жағдайын жақсарту мақсатында Аққұм, Мәдениет, Бұқарбай батыр, Аққыр, Жаңаталап, Жаңадария елді мекендерінің электр жүйелеріне қайта жаңғырту жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттар әзірлеуге қажетті 77 млн теңгеге облыстық бюджетке сұраныс берілді. Сонымен қатар, елді мекендерде 223 тұрғын үй өз беттерінше электр желісіне қосылған. Осы тұрғын үйлерді талапқа сай электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін ЖСҚ дайындауға 7,2 млн теңгеге жергілікті бюджеттен қаржы бөлу қарастырылуда. Биылғы жылы Жалағаш және Тереңөзек кенттеріне ортақ автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы басталып, ол келер жылы аяқталады. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен бөлінген тиісті қаржыға магистралдық желілер мен Жалағаш кентінде газ желілері құрылысын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленеді, – деді аудан басшысы.
Мұнда да ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарды бүгіп қалмады. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Пірманов ауылда жыртқыш аң, оның ішінде қасқыр көбейгенін айтып, бұған тосқауыл болар шара қолдануды сұрады. Аудан әкімі бұл мәселені шешу жолдарын ауыл ақсақалдарымен ақылдасты. Тиісті қаржы бөлсе, қасқырды ауыл азаматтары да қырып салар еді деген де ұтымды ойлар айтылды. Сонымен қатар, мектепке күрделі жөндеу, электр бағаналарын жаңалау, спорт кешенін салу, көшеге тұз себу секілді ұсыныстар да айтылды. Мұны назарға алған Қ.Сәрсенбаев сала басшыларына мәселені шешуді тапсырды.
Жиын соңында аудан басшысы: «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген дана халқымыздың қанатты сөзі бар. Елде тыныштық пен бірлік болса, алдағы уақытта да аудан экономикасының қарқынды дамуына құтты қадамдар жасалып, сіздердің қолдауларыңызбен жүзеге асыратын боламыз. Ең бастысы елдің тыныштығы мен береке-бірлігі қажет», – деп, елді жұмыла жұмыс жасауға шақырды.
«ЕҢБЕКТЕ» ЖҮЙЕЛІ ЕҢБЕК БАР
Еңбек ауылында өткен есепті кездесуде де аудан басшысы әр сала бойынша жүзеге асқан істер мен алдағы міндеттерге тоқталып, соңынан ауылдықтардың мұң-мұқтажына құлақ түрді.
Еңбек – жылма-жыл әлеуметтік-экономикалық жағынан өркендеп келе жатқан ауыл. Еліміз тарихында елеулі орны бар өлкеде соңғы жылдарда көпшіліктің көкейіндегі мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Негізгі табыс көзі – егін және мал шаруашылығы болғандықтан, ауылда бұл саланы дамытуға басымдық берілген. Сондай-ақ, тұрғындарды жұмыспен қамту, қайта даярлау ісінде де ілгерілеушілік бар.
– Жұмыссыздық есебіне тіркелген 86 адамның 19-ы тұрақты жұмысқа орналасса, 23 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» І бағыты бойынша кәсіпкерлікті жүргізуге 10 азамат қысқа мерзімді оқу курсын оқып, сертификаттарын алды.
Ауыл тұрғыны Г.Әбдіразақова тігін цехын ашу үшін 318 мың теңге грант жеңіп алып, қазір жұмыс жасауда. Сондай-ақ, мал бордақылау мақсатында 2 жоба әзірленіп «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалына құжаттар тапсырылды, – дейді ауыл әкімі.
Ел болып еңсерген жетістіктерді тыңдаған ауыл халқы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға оң баға берді. Ауыл тұрғындарымен кездесулерде аудан әкімі, ең алдымен, асыл тұқымды мал басын көбейтуге шақырды. Себебі, мал өнімдеріне сұраныс жылдан-жылға арта беретіні сөзсіз. Айта кетейік, қазір Сыр өңірі «буферлік» аймақтан шықты. Ендігі жерде ет өнімін барлық аймақтар мен шет елдерге де экспорттауға мүмкіндік бар.
ҚОЛМЕН ІСТЕГЕНІН МОЙНЫМЕН КӨТЕРСІН
Бейсенбі күні аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев халықпен есеп беру кездесу жиынын Мырзабай ахун ауылынан бастады. Кездесуді ашқан аудан басшысы ауыл тұрғындарын жаңа жылмен құттықтап, ізгі тілегін айтты. Егемендігін алған 26 жылда талай белестерді бағындырып, дамудың даңғыл жолына түскен еліміздің жеңістері мен жетістіктерін атап өтті. Бүкіл әлем елдері алдында үлкен беделге ие Тәуелсіз Қазақстан 2018 жылды Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуден бастады. Сондай-ақ, АҚШ-қа ресми сапармен барған Елбасымыз ел беделінің биіктігін төрткүл дүниеге паш етті.
Жиында алдымен ауылдық округ әкімі және учаскелік полиция инспекторы хабарлама жасады. Ауылдағы негізгі мәселелердің бірі – төрт түлік падасы ұйымдастырылмайды. Соның кесірінен иесіз жүрген малдарды ұрлау оқиғасы көп. Есепті мерзімде 2 мал ұрлығы, 1 алаяқтық оқиғасы тіркеліп отыр. Учаскелік полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде мал ұрлаған ұрылар да, ауыл тұрғындарын алдап жүрген алаяқ та қолға түскен. Десе де, учаскелік полиция инспекторының айтуынша, ұрылар ұсталғанымен ауыл тұрғындары ағайыншылыққа салынып, кешірім береді. Соған байланысты қылмыстық істер аудандық сотқа жетпей жабылып қалады екен. Бұған байланысты аудан әкімі былай деді:
– Аудандық ішкі істер қызметкерлері жедел іздестіріп, қылмысты ашқанмен өзіміз тамыр-таныстыққа салынып, кешірім береміз. Қылмыстық іс қысқарып, қылмыскер жазасыз қалады. Содан барып қылмыстың бұл түрі қайталана береді. Сондықтан бәрі өзімізге байланысты. Кез келген адам қолмен жасаған қылмысын мойнымен көтеріп, заң жүзінде жазалануы тиіс.
Мырзабай ахун ауылдық округінің әкімі Б.Нұрмаханов 2017 жылы атқарылған жұмыстар жайлы баяндап, ауыл шаруашылық тауар өндіруші «Егінші» ЖШС-нің ауылдың 130 адамын жұмыспен қамтып отырғанын айтты. Сонымен қатар, елді мекен ішіндегі аяқсу жүретін арықтарды қазу, Мырзабай бабамыздың мешітіне баратын жолды тегістеп жөндеу, ескі өткелді бұзып автокөлік өтетін жаңадан көпір салу жұмыстарын жүргізгенін жеткізді.
2017 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндаған аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев әр сала бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Аудан бюджетінің нақтыланған жалпы түсімдері 7 млрд 584 млн теңгеге орындалған. Оның ішінде жергілікті кірістер көлемі 1 млрд 221 млн теңге. Кәсіпкерліктен түскен қаржы 103 млн теңге болып 10,1 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш көңіл қуантпайды. Сондықтан кәсіпкерліктен салыққа түсетін қаржы мөлшерін 50 пайызға жеткізуіміз керек. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңадан кәсіпкерлік нысандарын ашып, халықты жұмыспен қамту, сөйтіп салық базасын нығайту арқылы әлеуметтік мәселелерді шешу міндеті тұр. Әрине, әр салаға үкіметтен қаржы бөлініп, нәтижелі жұмыстар жүріп жатыр. Дегенмен, заман талабына сай мемлекеттік әріптестік негізінде жұмыс жүргізудің маңызы зор. Егер жеке инвестор демеушілік жасап, балабақша, клуб, спорт кешені секілді жаңа нысандар салса, мемлекет қаржы бөліп, қолдау көрсететін болады. Бұл әдіс екі жаққа да тиімді. Демек, жаппай кәсіпкерлікті дамытып, салық базасын нығайту бағытында бірлесіп жұмыс жүргізген жөн.
Бұдан кейін ауыл шаруашылығы, білім саласындағы жетістіктерді тілге тиек еткен аудан басшысы жерді тиімді пайдалану, діни экстремизммен күрес, денсаулық саласы жайы керектігіне тоқталды.
Жиында сөз алған ардагер Т.Тәуіпбаев мал ұрлығына тосқауыл қою, мұз құрсанған асфальт жолдарға тұз сеуіп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін қозғады. Бұған байланысты аудан басшысы тиісті сала басшыларына бақылауға алып, жұмыс жүргізу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ, ауыл әкімі аппараты ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын екендігі, ауыз су жүйесі осы жылы іске қосылатынын, ауылдық емхана құрылысы үшін жер рәсімделіп, облыстық құрылыс басқармасына ұсынылғанын айта келіп, клуб құрылысы жұмысын мемлекеттік әріптестік негізінде жүргізу керектігін жеткізді. Ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Кәрімбаев аудан әкімінің өткен жылғы атқарылған жұмыстарына оң бағасын берді.
Тіректі ауылда тындырылған тірлік көп. Мәдениет ауылында өткен халықпен кездесу жиынында ауыл округінің әкімі Ө.Әбдіхалықов өткен жылы атқарылған жұмыстары жайлы баян етті. Өткен жылы есеп беру кездесу кезінде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалу барысымен таныстырып өтті. Учаскелік полиция инспекторы Н.Сембековтың есебі тыңдалды.
Аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев 2015 жылы облыс әкімінің қолдауымен Мәдениет ауылы тіректі елді мекендер санатына қосылуына байланысты қомақты қаржы бөлініп, игілікті істер атқарылып жатқанын айтты. Соның айғағы, өткен жылы 10 көшенің 7-еуі жөнделіп, асфальт төселген. Сонымен бірге, облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 2017 жылы басталған 90 орындық балабақша, 100 орындық клуб, спорт кешені құрылысы биылғы жылы толық аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Дегенмен де үкіметтің бюджеттен қаралатын қаржысы шектеулі. Көп жағдайда кәсіпкерлердің қолдауына тәуелдіміз. Сондықтан шаруашылық басшыларын демеушілік жасап, туған ауылды көркейтіп-көгалдандыруға, әлеуетін арттыруға атсалысуға шақырды. Кездесу соңында ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Рахметов, ардагер Б.Жаңашевтар мемлекеттің қолдауының арқасында ауыл мәселелері шешімін тауып жатқанын айтып, ризашылықтарын білдірді. Аудан әкімінің алдағы жұмысына табыс тіледі.
«Таңның» түтіні түзу
Аудан әкімінің халықпен есепті кездесу жиыны Таң ауылында жалғасты. Онда ауыл округінің әкімі Ә.Байнахатов, учаскелік полиция инспекторының міндетін атқарушы Н.Ешпанов 2017 жылы атқарылған жұмыстары жайлы есеп берді. Ардагерлер Б.Жәнібеков, Т.Айғараев ауылдағы медпунктке жылу жүйесін орнату, қоғамдық монша салу, ескірген мектеп және ауыл әкімі ғимаратына күрделі жөндеу жұмысын жүргізу керек деген ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесуде аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, өткен жылғы сұраныстарына орай, «Жаңа қоныс» елді мекеніндегі оқушылардың мектепке қатынап оқу үшін, автокөлік бөлініп, ауыл әкіміне автокөлік берілгенін және медпунктке қажетті маман-дәрігер алынғанын айтты. Сондай-ақ, жиында айтылған тұрғындардың талап-тілектері есепке алынып, қаржы көлеміне қарай кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
Аудан әкімінің Мырзабай ахун, Мәдениет, Таң ауылдарында халықпен кездескен есеп беру жиындарына облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұркен Мықпасов, аудандық мәслихат хатшысы М.Еспанов және мекеме, бөлім басшылары қатысты.
Серік БЕРТАЕВ,
Қуат АХЕТОВ,
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,
Маханбет АХМЕТОВ(сурет).