» » Тарихи нысандарда құрылысшылар қолтаңбасы бар

Тарихи нысандарда құрылысшылар қолтаңбасы бар


Тарихымыздың өткен шағын тау мен тастан қалған таңбалар арқылы танып білгеніміз ақиқат. Бұл – әрине, сол дәуірдегі қарқынды құрылыстың көрінісі. Адамзат өмірі мен тұрмысы үшін аса маңызды саналатын бұл сала бүгінде қарқынды дамып келеді. Арқа төсінде бой көтерген елордамыз – Астана қаласы керемет келісті сәулетімен аз ғана уақытта әлем назарын өзіне аударғаны осының айғағы. Сондай-ақ, заман талабына сай салынып жатқан зәулім сарайлар, сәнді үйлер, саябақтар мен автожолдар құрылысында сала мамандарының лайықты қолтаңбасы бар.
Сексен жылға жуық тарихы бар біздің аудан да уақыт өткен сайын сәулеттеніп келеді. Кент орталығындағы көшелердің бойында көз тартып, көрік берген еңселі ғимараттар көп. Солардың қатарындағы орталық алаңда орналасқан аудандық мәдениет үйінің салынып, ел игілігіне берілгеніне биыл 40 жыл толып отыр. Алты жүз орындық осы мәдениет үйінің жаңадан салыну тарихы қоғам және мемлекет қайраткері Қонысбек Қазантаевтың есімімен тікелей байланысты. Өйткені, аудан орталығындағы жалғыз еңселі нысан Жалағаш ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін қатарынан он жыл атқарған Қонысбек Төрешұлының тікелей басшылығымен салынғанын көпшілік біле бермеуі мүмкін.
Жетпіс-сексенінші жылдары ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатты. Сол кездері «Сельхозстрой», «Главриссовхозстрой», «Межколхозстрой» секілді бірнеше жылжымалы мехколлоналар жұмыс істеді. Солардың бірі басқа да нысандар салып құрылыс жұмыстарын атқарса, енді бірі жер тегістеп, канал қазып, егістік жерлерді суландыру жұмыстарымен айналысты. Ал, тікелей құрылыс жұмысымен айналысатын «Сельхозстрой» трессіне қарасты ПМК-1605 мекемесі аудандық мәдениет үйі құрылысын жүргізгенін және бұл құрылыс жұмысы 1978 жылы күзде толық аяқталғанын жақсы білеміз.
Аудандық мәдениет үйі құрылысының басталуына байланысты аудандық штаб құрылып, оған аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Нәсірәдин Байқуатов басшылық жасады. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қ.Қазантаев құрылыс жұмысының барысын күнделікті өзі бақылап отырды. Қажетті құрылыс материалдары облыс орталығынан әкелінді. Ал, мәдениет ошағының сахналық және дыбыс жаңғырту заттары Өзбекстаннан алынды. Сол жылдары «ПМК-1605» мекемесін Нұрылда Ермаханов басқарды. Мекемеде жоғары білімді, тәжірибесі мол сала мамандары жұмыс істеді. Мәселен, учаске бастығы Мәдібай Байтөреев, өндіріс бөлімінің басшысы Бақытжан Әлиева, бригадир Мырзай Еркебаев, прораб Қожахмет Баймаханов, құрылыс шебері Бағдат Қайырлапов, механизатор Қожамұрат Үбжаров өздеріне бекітілген жұмысты абыроймен атқарып, құрылыстың қарқынды әрі сапалы атқарылуына атсалысты. Мекеменің құрыш қолды құрылысшылар еңбегінің арқасында 1978 жылы күзде аудандық мәдениет үйі пайдалануға берілді.
Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қ.Қазантаев қызмет атқарған жылдары өңірде құрылыс саласының да қарқынды дамығанын айта кетуіміз керек. Мәселен, осы жылдар аралығында аудандық индустриалды аграрлық колледжі, «Арман», «Ақжол» кафелері, аудандық автовокзал, Қазпошта, Қазақ телеком, ішкі істер бөлімі ғимараттары және совхоздардағы мектептер, бала-бақшалар, мәдениет үйлері салынды. Осы нысандарда құрылыс жұмыстарына ұйымшылдықпен қатысып қажырлы еңбек еткен ПМК-1605 мекемесі құрылысшыларының қолтаңбасы бар. Ал Жалағаш ауданында қызмет атқарған жылдары Қ.Қазантаев ауданның экономикасы мен мәдениетінің дамуына зор үлес қосты. Сол өлшеусіз еңбегі ескеріліп, 2016 жылы аудандық мәдениет үйіне Қонысбек Қазантаев есімі беріліп, бюсті орнатылды.
Міне, аудандық мәдениет Үйінің салыну тарихы туралы білетінім және естігендерім осы болды. Уақыт деген – зымыран. Содан бері қырық жыл да өте шығыпты. Қанша жыл өтсе де әрбір игілікті іске бағасын беретін халық – сыншы, уақыт – төреші. Еңбек, өнер адамдары мен ел басқарған азаматтардың еліне сіңірген еңбегін, өнегесін кейінгі ұрпақ білуі тиіс.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді». Таулар алыстаған сайын биіктей береді. Сол сияқты қоғам және мемлекет қайраткері Қ.Қазантаевтың есімі, жарқын бейнесі жыл өткен сайын жаңғырып, мәңгі жасай бермек.
Серік БЕРТАЕВ,
М.АХМЕТОВ (сурет).

04 тамыз 2018 ж. 1 173 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930