» » » Алаштың асқақ айбары

Алаштың асқақ айбары


Елбасы идеясымен іргесі қаланған елордамыз – Астана қаласы қысқа мерзім ішінде  мемлекет тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды. Жасампаз жаңа қала – Астана бүгінде халықаралық іскерлік және мәдени даму орталығына айналған. Еңсесі биік Ақордадан бастап, «Астана-Бәйтерек», «Қазақ елі» мемориалды кешені, «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Хан Шатыр», «Думан» орталықтары сияқты сәулеті келіскен ғажайып архитектуралық туындылар  Астананың ажарын айшықтай түскен. Айта кетейік, ерке Есілдің бойынан ерекше жарасым тапқан жаңа Астанада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлері  қатар өрілген. Елбасының бұл идеясын астаналық бас жоспардың авторы, белгілі жапон сәулеткері Кисё Курокава сәтті іске асырды. Алаш жұртының асқақ айбары  – ару Астана бас-аяғы 20 жылда жаһан көз тіккен жауһар мекенге айналды.
Қаладағы Еуразиялық стильде салынған нысандар қатарында 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 10 мың орынға арналған «Сарыарқа» бірегей велотрегі, сол секілді ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдынын айтуға болады.
Әлбетте, жаһандық өркениетке ұмтылған ХХІ ғасырда білім мен ғылымның бағасы биіктеп, бәсеке алаңы да ұлғая түскені анық.
Бұл орайда, Қазақстанның елордасы елдің барлық өңіріндегі талапкерлер үшін жаһандық деңгейдегі озық идеялардың тартымды орталығы болып отыр. Отандық білім беру ісіндегі жетекші білім ордалары – Назарбаев Университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті секілді іргелі оқу орындарында тек еліміздің ғана емес, шет елдердің де жастары келіп, білім алуда.  
Астана – халықаралық маңызы бар түрлі іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігіндегі бірегей шаһар. Мұнда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, Астана экономикалық форумы, ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті және өзге де маңызды халықаралық жиындар тұрақты түрде өтіп келеді. Осындай маңызды шараның бірі, былтыр Астанада өткен «EXPO-2017» халықаралық көрмесі болды. Әлем назарын аударған саяси шарада «Болашақтың энергиясы» тақырыбы талқыланып, ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиясын,  баламалы энергия көздерін пайдалануда бірнеше елдің 140-қа жуық ғылыми жаңалықтары көпшілік назарына ұсынылды. Білуімізше, жасыл экономика жағдайында еліміздің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық жаңғыртуға, сол арқылы экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік артатын болады. Сол секілді шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.
Қазірдің өзінде Астана қаласы –  Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналған  Қазақстандағы ірі бизнес орталығының бірі.  



Мәселен, Астана мәртебесін алғанға дейін 300 мыңның үстінде тұрғыны бар қалада бүгінде 700 мыңнан астам халық өмір сүріп жатыр. Жиырма жыл ішінде қалада 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған. Оған жүздеген отандық және шетелдік құрылыс компаниялары атсалысқан. Тынымсыз еңбек пен іргелі ізденіске толы 20 жыл ішінде Арқа төрінен бой көтерген әлемдік мегаполис мемлекеттің тәуелсіздік жылдарындағы басты табысына айналды.  
Иә, биыл Тәуелсіз еліміздің елордасы – Астана қаласына 20 жыл толып отырса, Алаштың тарихи астанасы – Қызылорда қаласына – 200 жыл. Ойлап қарасақ, осынау сәтті сәйкестіктің астарында арғы-бергі ел тарихының ерекше бір рухани үндестігі бар секілді. Расында солай. Бүгінде Сыр елінің де өндірісі өркендеп, әлеуметтің де әлеуеті артып келеді. Соның бір көрінісі – Сырдарияның сол жағалауынан жаңа қаланың бой көтеруі. Айталық, бұл аумақта Қазақ Орталық Атқару комитетінің (КазЦИК) тарихи ғимараты, «Рухани жаңғыру орталығы» сияқты маңызды әлеуметтік нысандар салынуда. Жоба бойынша 11 ықшам ауданда 1 индустриалдық аймақ, 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй, 190 шаршы метр сауда, кеңсе ғимараттары, 30 мың орындық стадион, тағы басқа нысандар ел игілігіне берілетін болады.  

Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».
 
26 ақпан 2018 ж. 1 243 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 707

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031