» » БАС ҚАЛАДА – заманауи балабақша

БАС ҚАЛАДА – заманауи балабақша

Елордада ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығының балабақшасы ашылды. Мұның өзге балабақшалардан ерекшелігі орталық соңғы үлгідегі инновациялық білім беру құралдарымен жабдықталған.
Салтанатты шараның ашылу рәсіміне ҚР Мемлекет хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова қатысып, қазақстандық білім беру реформасының басты мақсаттарының бірі – бәсекеге қабілетті білім кеңістігін құру екенін атап өтті.
– Президент биылғы Жолдауында балаларды ерте жастан дамыту үшін мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне бірыңғай стандарт енгізілу тиіс екенін ерекше атаған болатын. Осы негізде білім берудің негізгі сатысы болатын арнайы орталықтар үшін жағдай жасалуы қажет, – деген Г.Әбдіқалықова балаларды, ата-аналар мен тәрбиешілерді балабақшаның ашылуымен құттықтап, оның Астананың 20 жылдық мерейтойына лайықты тарту болғанын жеткізді.
Сондай-ақ, ол елдегі демографиялық ахуалдың да жыл сайын жақсарып келе жатқанын мәлімдеді.
– Былтыр елімізде 409 мың бала дүние есігін ашқан. Қазір Астана жастардың, балалардың қаласы саналады. Тек Астананың өзінде 30 мың бала туған. Бұл – Қарағанды облысының бір ауданындағы тұрғын санымен шамалас деген сөз. Бұл – өте тамаша көрсеткіш, осы қарқынмен Астананың дамуы өркендей бермек, – деді Г.Әбдіхалықова.
ҚР Мемлекет хатшысының айтуынша, өткен жылы республикамызда 849 балабақша ашылған. Оның 82-сі – Астанадағы мектепке дейінгі мекемелер. Қазір еліміздегі 3 пен 6 жас аралығында 90 пайыз бала балабақшамен қамтылған. 2020 жылға дейін елдегі балаларды түгел қамту жайында міндет қойылған еді. Г.Әбдіхалықова осы бағытта жұмыс жасайтындарын мәлімдеді.
Айта кетейік, 350 орынға арналған мектепке дейінгі бұл мекеме – Президенттік Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы» мемлекеттік кәсіпорнына қарасты үшінші нысан. Мемлекеттік кәсіпорын директоры Гүлнәр Абдуллина орталықтың жұмыс істеу тәртібі мен балалардың интеллектуалды дамуына арналған оқу бөлмелерін таныстырды. Орталықта балалардың физикалық дамуы үшін санитариялық-гигиеналық талаптарға сай материалдық-техникалық база құрылған. Әр объектіде балалардың физикалық және психологиялық денсаулығын нығайту мен сақтауға жағдай жасалған. Жүзу бассейндері, балалардың физикалық және шығармашылық қабілетінің дамуына арналған спорттық залдар, конференция залы, оқу кабинеттері, фитобарлар, психолог пен логопедтердің кабинеттері заманауи талаптарға сай жабдықталған.
– Балабақшада инновациялық технологияларды қолдану және балалардың танымдық-коммуникативтік дағдыларын дамыту мақсатында мультимедиалық бағдарламалық-әдістемелік кешен – мультитілдік зияткерлік орталық қолданылады. Сондай-ақ күнделікті оқу барысында конструктивтік элементтерімен ерекшеленетін В.В.Воскобовичтің дамытушы ойындары ойнатылады, – дейді кәсіпорын директоры Гүлнәр Абдуллина.
Орталықтың бір бұрышында тігілген асықтар орналасқан. Саналуан түске боялған асықтармен дойбы, алшы, ханталапай ойнауға лайықталып арнайы орындар да жасалған. Мұндағы мамандардың айтуынша, асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Мұнан бөлек кез келген сабақта ұнамды суреттер, сызбалар, тәсілдер арқылы графикалық иллюстрациялар негізінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану тәрбиеленушілердің танымдық белсенділігін арттырумен қатар логикалық ойлау жүйесін қалыптастыруға, шығармашылықпен еңбек етуіне жағдай жасайды.
«ЖЖ»ақпарат.

20 қаңтар 2018 ж. 2 720 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930