Еңбекақы көлемі түпкі нәтижеге байланысты болмақ Орталық коммуникациялар қызметінде «Әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер үшін жаңа еңбекақы төлеу жүйесін енгізу» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Шара барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шаимова қанатқақты режімде мемлекеттік органдарда жаңа еңбекақы төлеу жүйесін енгізу туралы баяндады.Айгүл Шаимова факторлы-балдық шкала негізіндегі мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық қызметақыларын құру және бонустар жүйесі, бұрын тәжірибеде қолданылған жүйеден жаңа жүйенің негізгі айырмашылықтары, мемлекеттік қызметкерлер еңбегінің нәтижелері қалай және қандай өлшемдер бойынша бағаланатыны туралы хабарлады. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Ғанижан Асанұлы жаңадан енгізіліп жатқан еңбекақы төлеу жүйесі туралы кеңінен баяндады. «Жаңадан енгізіліп жатқан еңбекақы төлеу жүйесі негізгі екі бөліктен тұрады. Біріншісі, тұрақты түрде алып отыратын жалақы, сонымен қатар жыл соңында оның нәтижесіне байланысты алатын бонустар. Бонусқа келетін болсақ, бұл неге жылдың соңында? Әрбір мемлекеттік органның алдында жыл басында стратегиялық міндеттер, мақсаттар қойылады. Егер мемлекеттік орган жыл соңына қарай қандай да бір стратегиялық міндетке жете алмаса немесе оның қызметі керісінше тиімді болып табылмаса, онда тек мемлекеттік органның басшысы ғана емес, сонымен қатар қызметкерлерге де жауапкершілік түседі. Себебі күнделікті өмірде мемлекеттік орган алдында тұрған міндеттерге қызметшілердің де тікелей әсері бар. Тиісінше әрбір қызметші жыл соңында белгілі бір бонусқа қол жеткізгісі келсе, ол өзінің қызмет тиімділігін, сонымен қатар жұмысқа деген жауапкершілігін арттырады. Және де бонустың енгізілуі ең алдымен, бәсекелестік тудырады. Бәсекелестік бар жерде сапаның артатыны айқын», деді ол. Қоғам 22 қаңтар 2018 ж. 1 067 1
Пікір 1