Нөсер жаңбыр Астана тұрғынының көлігіне 3,5 миллион теңге шығын келтірген
Әкімдік өкілдері өтемақы түгілі, соқыр тиын да көрсетпеді. Осылай деп арнамызға шағымданған қала тұрғыны ақиқат іздейді. Өткен аптадағы шелектеп жауған жауын кезінде көлігі суға батып, жарамсыз болып қалыпты.
Келтірілген шығын көлемі 3,5 миллион теңгеден асып жығылады. Зардап шеккен азаматтың айтуынша, сол күні су басқан жолды тәртіп сақшылары мүлдем жаппаған. Шындық іздеп шырылдаған тұрғындар туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.Мына әуесқой түсірілімнен байқағанымыздай, Әділханның көлігі дәл жолдың ортасында суға батқан. Аяқ астынан болған апаттан, не істерін білмей дал болған ол, көмек күтіп іші суға толған көлігінде отыруға мәжбүр болыпты. Қазір, келтірілген шығын көлемін есептесем ішім удай ашиды, дейді. Себебі, темір тұлпарының несиесін жақында ғана төлеп бітіпті.
Нөсер жауыннан зардап шеккен Әділбектің үйіне барып көліктің жағдайын өз көзімізбен көрдік. Айтқанындай темір тұлпардың сау-тамтығы қалмаған. Тәжірибесінде мұндай жағдаймен жиі бетпе-бет келетін заңгерлер болса, шелектеп жауған нөсер жауынды табиғи құбылыстарға балады. Көлік иесіне тез арада сараптама жасатып, бір тілім анықтама алу қажет деп кеңес береді.
«Міндетті түрде, бұл азамат сотқа шағымдану керек. Соттың шешімі мемлекеттің атынан шығарылады. Шыққан сот шешімі міндетті түрде орындалу керек. Бұған байланысты азамат сотқа өзінің арызын тапсыру керек. Сот бұл азаматтың арызын қарап отырып, барлық жағдайды қарау қажет. Заңнамаға сүйене отырып, азаматтық кодекске сүйене отырып» – дейді заңгер Айсана Сман.
Бірақ, іс жүзіне келгенде зардап шегушілерге өтемақы мүлдем төленбей келеді. Оған дәлел Марат Райымханов. Мамыр айында Астананың астаң-кестеңін шығарған дауылдан көлігіне едәуір зақым келген. Арада, міне 3 ай уақыт өтсе де сот табалдырығын тоздырып жүрмін деп налиды.
«Әлі соттасып жүрмін. Міне 2 ай болды. Табалдырықты тоздырып жүрмін. Әр тыңдалып сайын кейінге қалдырылады. Ары қарай не істерімді білмеймін. Келтірілген шығын, шаш етектен. Аяқ асты көлігім соғылды. Әкімдік өкілдері өтемақы түгілі әлі соқыр тиын да көрсеткен жоқ» – дейді зардап шегуші Марат Райымханов.
Зардап шеккен азаматтардың айтуынша әкімдік өкілдері оларға өтемақы қарастырмақ түгілі шағымдарына жауап та бермеген. Тек түсінген кейіп танытып, кешірім сұрапты.
«Қала халқының алдында кешірім сұрағым келеді. Судың басуына жол бердік. 2-3 сағаттың ішінде жағдайды түзегенімізбен, оны ақтау қиын болар» – дейді қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмұханбетов.
Қосман Айтмұханбетовтың айтуынша, мұндай проблемалар көптеген ірі қалалардың өзінің бас ауруына айналған. Астанадағы олқылықтарды жою үшін біраз жыл керек,дейді.
Бір апта бұрын, жауын-шашын әсерінен суға толған Бауыржан Момышұлы даңғылында коммуналдық қызмет өкілдері тазалық жұмыстарын жүргізіп, тап-тұйнақтай етіп ретке келтіріп қойған. Қазір, бұл жермен қоғамдық көліктерден өзге басқа да темір тұлпарлар жүйткіп жүр. Ал, сәл жаңбыр жауса айналасы суға толатын тұрғындарға жанын шүберекке түйіп өмір сүргеннен басқа амал жоқ. Әкімдік өкілдері болса бұл жерді тек келесі жылы ғана қалыпқа келтіреміз деп уәде беріп отыр.
Источник: Stan.kz
Пікір 2