» » Білім саласында БАЙЫПТЫ БАСТАМАЛАРҒА НЕГІЗ ҚАЛАНУДА

Білім саласында БАЙЫПТЫ БАСТАМАЛАРҒА НЕГІЗ ҚАЛАНУДА

Жаһандық дамыған мемлекеттердің іс-тәжірибелерін негізге алған еліміз білім беру саласын цифрландыруға көңіл бөліп отыр. Себебі, ақпараттық технологиялар саналы, салауатты ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады. Заманның талабына сай жаңа технологияларды меңгерген жас­тар бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасары анық.

Бүгінгі таңда облыс бойынша барлық білім беру ошақтары «Күнделік» электронды жүйесіне бет бұрған. Яғни, кез келген ата-ана баласының оқу үлгерімін үйінде отырып-ақ біле алады. Бұл жүйеде оқушылардың күнделікті үлгерімімен қатар мектептің, техникалық-кәсіптік білімнің академиялық ақпараты жинақталады. Сонымен бірге, электронды күнделік жүйесінің мұғалімдер үшін де тиімділігі көп болмақ. Олар енді сыныптардағы жағдайды онлайн бақылау мүмкіндіктеріне ие болады. Мұнымен қоса, іс-қағаздарын жүргізу де толықтай электронды жүйеге көшіріледі, яғни қағазбастылықтан арылады. Ал, ата-аналар үшін жүйенің тиімді жағы, олар енді балаларының даму барысын, күнделікті алған бағаларымен қатар үй тапсырмаларын да қадағалауға мүмкіндігі бар.
Білім саласын цифрландыруда қолға алынған бастама баршылық. Электронды журналды енгізу, электронды оқулықтар, баға қою, үй тапсырмасы, сабақ кестесі, мектептегі жаңалықтар секілді қызметтер қарастырылған. Бар болғаны ата-ана өздерінің логині мен құпиясөздерін теру арқылы kundelik.kz сайтына кіріп, «Балалар» – «Күнделік» деген бөлімдер арқылы өз баласының сабақ үлгерімін, мұндағы ақпараттардың барлығын көре алады.
Әрине, мұндай өзгерістен біздің өңір де шет қалған жоқ. Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, былтырғы оқу жылынан бастап ауданға қарасты 11 мектеп «Күнделік» электронды жүйесінде жұмыс жасаса, биылғы оқу жылынан бастап қалған мектептер осы жүйеге қосылды. «Күнделік» электронды жүйесін жүзеге асыру үшін 200 планшет сатып алынған. Сонымен қатар, мектептердің оқу кабинеттерін интернетпен қамтамасыз ету мақсатында 114 wi-fi роутер алынып отыр. Осыған орай, жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептерде сынып журналдарын электронды форматта жүргізу қолға алынбақ.
Білім саласын цифрландыруда маңызды жұмыстардың бірі – «Элек­тронды балабақша» автомат­тан­дырылған жүйесін енгізу. Қызылорда облысында жыл соңына дейін цифрландыру бойынша 37 жоба жүзеге асырылады десек, соның алғашқы сапында облыстағы барлық мектепке дейінгі ұйымдарды жаңа жүйеге көшіру міндеті тұр. Қуантарлығы, аймақта «Электронды балабақша» жүйесі іске қосылды. Бұл жүйемен қалалық ұйымдардың 40 процентке жуығы қамтылған. Енді осы жүйені барлық аудандарда іске қосу жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл айтулы бастаманы қолға алып үлгерген тәрбие ошақтары әр баланың балабақшаға бару реттілігін, бөбекжайлардағы бос орындар секілді қызметтерді қадағалап отыра алады. Бұрынғыдай бір баланың бірнеше балабақшада тіркелуі секілді келеңсіздіктерге жол берілмейді. Ата-аналар балаларын үйде отырып-ақ балабақшаға кезекке қоюға, кезектің жылжуын қадағалауға, бөбекжай қызметтерін электронды жүйе арқылы төлеуге мүмкіндік алады.
Айта кетейік, жаңа жүйе үшін Жалағаш ауданында қажетті қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Осы уақытқа дейін жекеменшік балабақшаларға қатысты орын алған проблемалық мәселелер шешіліп, кезекке тұру, жариялы түрде жұмыс жасау, бүлдіршіндердің қатысу жағдайы, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу шаралары толық іске асады деп күтілуде.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.
15 қыркүйек 2018 ж. 1 111 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930