САЯСИ ҚҰЖАТ - АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕРДІ АЙҚЫНДАП БЕРДІ
ҚР Президентінің бүгінгі Жолдауы елдің, қала берді аймақтар әлеуетін ілгерілетуді көздейді. Бұл саяси құжатта Елбасы кез келген реформаны іске асыруда халықтың әл-ауқатын арттыруға арнайтын жинақы әрі тиімді мемлекеттік аппарат маңызды рөл атқаратынын айтқан еді. Яғни, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат жайында кеңінен тоқталған болатын. Президент бұл бөлімде жаңа кезең жағдайында мемлекеттік аппараттың қалай өзгергенде тиімділігі мол болатынын тарқатып берді.
Біз әсіресе, Елбасының мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыруға қатысты пікірін бірауыздан қолдаймыз. Себебі, сапа бар жерде қай уақытта болмасын істің ілгерілейтіні заңдылық. Елбасы айтқандай сапа – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидаты болуға шарт.
Жолдауда Елбасы жаңа формацияның мемлекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиіс екендігін атап көрсетті. Ал, бұл арқылы тұрақты кері байланыс орнығып, мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелері талқыланып, жұртшылыққа кеңінен насихатталатын болады.
Сондай-ақ, Жолдауда Мемлекеттік басқару академиясы Назарбаев Университетімен бірлесіп, «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасын және басшылық қызметтерге тағайындау кезінде арнайы қайта даярлаудан өткізетін курстар әзірлеу қажеттігі айтылды. Осы орайда шетелдік беделді компанияларда жұмыс тәжірибесі бар немесе әлемнің жетекші университеттерінде білім алған кәсіби мамандарды тарту - атқарылатын жұмыстарды оңтайландырады. Қазіргі таңда қай буынның тарапынан болмасын мемлекеттік қызметке қызығушылық артқанын біз мақтанышпен айтамыз. Сондай-ақ, төменгі және орта буындағы қызметкерлердің жалақысы 2 - 2,5 есеге дейін өсім алады. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке біліктілігі жоғары кадрлардың сұранысы артқан. Мұның барлығы – үлкен жетістік. Ал, жаңа Жолдауда жүктелген міндеттер бұл жетістіктерді еселері сөзсіз. Ол үшін алдымен мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыруымыз қажет.
Жағыпар ТАЖМАХАНОВ,
Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары,
Әдеп жөніндегі уәкіл