» » Ұзекеңнің шуақты күндері

Ұзекеңнің шуақты күндері

I
Екі ғасырдың куәгері, Сыр бойының мақтанышына айналған, ауыл шаруашылығының әйгілі майталманы, Еңбек Ері Ұзақ Еспанов Алла тағаладан дарын дарыған айтулы жан болатын.
Ағамыз жайлы кезінде қазақ әдебиетінде сатира жанрының негізін қалаушылардың бірі, ақын Асқар Тоқмағанбетов, халық жазушысы­ Тұманбай Молдағалиев, белгілі ақындар – Қомшабай Сүйенішов, Рысты­ Бекбергенова, Файзулла Омаров, Бексейіт Шайланов, Мырзамұрат Ілиясов, жазушылар – Нәсірадин Серәлиев, Айжарық Сәдібеков, танымал журналистер – Байжігіт Әбдіразақов, Құттыбай Сыздықов, Қази Данабаев, Тұрсынбай Тәшенов сынды қаламгерлер үлкенді-кішілі шығармалар жазған еді. Енді солардан арагідік үзінділер келтірейін.
«Жыл өтіп жатты, Қазақстан күн санап өсіп жат­ты. Қазақстанның сол шарықтауын көріп ақын шабыты қайта көтерілді.
Сүйем сені, құшағында өсемін,
Гүлдене түс, шалқып Қазақстаным.
Сені жырлап, сені ән қылып өтемін,
Өзің берген өр қаламды ұстадым.
Осы шумақты жаза отырып, Ұзақ көп ойланды. Бұл өлеңім мүмкін газетке де шығар. Сонда оқып көргендер «Өзің қосқан үлесің қанша? Басқаның табысына мақтанғанша, өз колхозыңды дұрыста» десе, не демекпін?! Онсыз да әр жиналыс сайын «ұялған өлімнен бетер» деп ылғи бұғумен, басымды малақайға тығумен қайтамын. Кейбір күндер өтініш беріп шықсам қайтеді деген ойға да келем. Бірақ коммунист, аудандық партия комитетінің бірінші секретары өзі шақырып алып сөйлеспеді ме? Онда мына Қазақстанның 20 жылдығы атындағы колхоз артта қалды. Осыны көтеріп алға шығаруға жараса, сен жарар деп саған тоқтадық дегенде, «Партия маған сенсе, мен сенімді ақтармын» дегенім қайда? «Мен басқара алмадым, басқа адам жібер» деп айтуға қалай ожданым шыдайды деп қалып қойған.
Біреуден озып, біреуден қалып жүргенде 1969 жылы екі колхоз бірігіп «Мәдениет» совхозы болды. Ұзақ соған директор болып қалып қойды. Ол өзінен өзі: «Жігіт, енді ойлан» деді. «Бұрын майдасынып жүр едің, енді іріленіп кетті. Іріге ірі турау керек болар:
Болғанмен қанша қызық бала күнің,
Жыртығы жөнделмеп ед балағыңның.
Енді сен ауыр жүкті көтерсін деп,
Үстіңе артты жүгін жаңа күннің...»
Бұл шумақты жазғанда ойланып, толғанып жазды. Өйткені, совхозда 700 жұмысшы, 500-ден аса шаңырақ бар.
Ұзақ соған сеніп отыр. Сонымен қатар клуб та, сегіз жылдық мектеп те, кең отырып кеңес өт­кі­зетін кеңсе де болып қалды. Өмірі көрмеген машиналардың да басы көріне бастады. Тұрып басатын, жүріп басатын комбайн, жалпағынан түсіретін жатқа дейсіз бе? Желдеткіш, суырғыш, дән тасығыш, әйтеуір әр саланың механизімінің бәрі дайын. Осының арқасында совхоз 1969 жылы 2300 гектардан 42 центнерден күріш алды».
Асқар Тоқмағанбетов.
1974 жыл.
***
«Әрине, Ұзекеңнің ауыл шаруашылығына судай сіңіп, тастай батып кеткенін жақсы білеміз. Тастай батып, судай сіңбесе, оған Еңбек Ері атағын берер ме еді. Қызылорда облысында әрқайсысы 3,5-4 мың гектардан күріш егіп, гектарына 50-55 центнерден өнім жинаған және мемлекетке жылма-жыл 160-200 мың центнер күріш тапсыратын үш-ақ шаруашылық болды. Оның бірі «Тереңөзек» күріш совхозы, екінші Н.Ілиясов атындағы шаруашылық, үшіншісі «Мәдениет» сов­хозын осы Ұзекең басқарып еді, тым ірі еді.
«Ой-бой-ау, Исеке-ау, (сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімовты айтады) осы біздің де райсполкомға председатель болатын кезіміз болған жоқ па» деп­ті деген қанатты сөз ел аралағаны қашан.
Күнім күнге, түнім түнге алмасып,
Тірлік-ғұмыр бара жатыр жалғасып.
Бірде асығыс, бірде тыныш күй кешем,
Өмір – теңіз толқынына жармасып, – депті бір өлеңінде Ұзақ аға. Рас қой. Адам бойындағы еңбек­шілдік пен қоғамшылдықты ұнататын ақын жүректі Ұзекең жалғасып жатқан тірлік ғұмырында жалына жармасқан өмір-теңіз толқынында тапқаны да, қолына ұстағаны да көп азамат».
Құттыбай Сыдық
1983 жыл.
***
«1961 жылы шілде айында тұңғыш рет Москваға жол тарттым. Кезекті демалысымды Москваны, Ленинградты көруге арнадым. Қызылордадан өткенде бір станциядан орта бойлы дембелше, қызыл жүзді жігіт ағасы біздің вагонға, біздің купеге кеп кірді. Біз екеу-ақ едік. Ерлі-байлы кісі оңаша болғанды қалайтыны белгілі. Емін-еркін бір купенің иесі болып келе жатқан біз купе есігінен еркіндеп кірген қазаққа құшағымызды жая қоймағанымыз өзінен-өзі түсінікті, әрине.
Дегенмен, келген адам өзі мені сөзге тартты. Шүйіркелесіп сөйлесіп кеттік. Әңгіме не жұмыс істейсіңнен басталды.
Өлең жазамын, - дедім мен.
– Фамилияңыз?, - деді көршім. Мен фамилиям­ды айттым.
– Үш Молдағалиевтың қайсысысың? – деді көршім жымиып.
– Тұманбай боламын, - дедім мен.
Менің көршім әдебиетті біраз оқып жүретін кісі болып шықты. Қызылорда облысы Жалағаш ауда­нының оқу ісін басқарады екен. Москваға бір айға білімін жетілдіруге бара жатыр. Екі тәуліктен артық бірге болдық. Мен сол жолы осы Ұзақ Еспановқа іні боп, ол маған аға боп, Қазан вокзалында қоштастық. Менің көп жылдар бойы Қызылордаға жолым түспеді.
Жылдар өз дегенін істеді. Ұзақ аға осыдан екі жыл бұрын еңбек демалысына шығыпты. Жақында бір келгенде қымсына тұрып маған бір топ өлеңін ұсынды. «Бастап, тастап кеткен дүние еді. Көрші – деді. – Сен ұнатсаң әрі қарай ізденемін. Саған ұнамаса қоя салайын», – деді Ұзағаң.
Мен Ұзақ аға жазған өлеңдерді біртүрлі сенімсіздеу көңілмен жүрексініп оқыдым. Оқи келе Ұзақ ағаның ақындығына ден қойдым. Өлеңге таласы бар, өлеңнен аласы бар азаматқа: Өлең жазбаңыз, – деуге еш хақым жоқ менің.
Жыр дәуреніңіз де сізді ұзағынан сүйіндірсін. Тәуекел, жыр тұлпарына ер салған екенсіз, ертеңге қарай ұмтылып көріңіз. Мен сіздің көшіңіздің көлікті, өміріңіздің әрдайым көрікті болуына тілектеспін, Ұзеке».
Тұманбай Молдағалиев
1995 жыл.
***
«Иә, өмірден өткен ұлағатты ұстаз қайда бар десеңізші! Уақытты ілгері жылжытқан қызулы тіршіліктің қалың ортасында жүріп Ұзекеңнің де іс тәжірибесі толыса бастады. Көңілге түйген көп ойлары жылдар өткен сайын жүзеге асуға бет бұрған еді. Өнім молшылығын жасаудың басты көздерін күріштік жерлерді инженерлік жүйеден өткізу, ауыспалы танаптарын тиімді пайдалану мен су көздерін ашуда деп білген басшы осы бағыттағы нақты шараларын іс жүзіне асыра бастады. Соның нәтижесінде қос колхоздың негізінде құрылған «Мәдениет» совхозы аудан көлемінде ілгерілеп, озат шаруашылықтардың біріне айналды.
Бұрындары есімдері ешкімге белгісіз еңбек шамшырақтары жарқырап көкжиектен көріне бас­тады. Соның бірі Ұлмекен Төлегенова, екіншісі Айнаш Балғабаева, механизатор Еділқасым Әмзебаев, Жетіруовтардың дихандар әулеті. Бұлардың әрқайсысы Ұзекеңнің жүрегінде жанған бір-бір жұлдыз емес пе. Ендеше, ағамыздың алтын уақыттары халық қажетіне орын-орынмен жұмсалған екен. Бұлар ағамызға үлкен қуаныш әкелді. Уақыт деген... Ол желден де жүйрік қой».
Қази Данабаев.
1998 жыл.
***
– «Өлеңді қоймаңыз. Анда-санда болса да, қолыңыз қалт еткенде тиіп-қашып ойға келген айшықты жолдар мен шумақтарды қойын дәптеріңізге түртіп жүріңіз, – деймін мен ақын ағама.
– Жұмыс бастан асады. Уақыты құрғыр жетісе бер­мейді, – дейді әкім ағам күмілжіңкіреп. – Кү­ні-түні гуілдеп жататын қонақ-қопсы тағы бар. Ше­ті­нен­ дәу, шетінен дөкей... Құда-жекжатындай қол қусырып, құрақ ұшпасақ болмайды...
– Ертең өкінетін боласыз. Зейнетке шыққанда қолыңызға қалам ұстамасаңыз маған келіңіз. Құдай о баста ақын ғып жаратқан адам қарап отыра алмайды, – деп мен де тақымдап қоймаймын. Ұзекең үндемейді. А-а деп желкесін қасиды, әр-сәрілеу беимәлім жымиған болады.
Әйтеуір, менің айтуымда кемдік болған жоқ. Кездескен сайын қайта-қайта қадап есіне саламын. «Кешігесіз, өкінесіз» деймін шабытын жанығым келіп. Ара-арасында: «Отағасыңызға жағдай туғызып, өлең жаздыртыңыз» деп үнемі сыпайы жымиып тұратын сабырлы Дәмеш жеңгеме де базына айтам.
Ал, Ұзақ Еспанов – ақын. Үйреншікті машық емес, атаның қаны, ананың сүтімен келген сүйекке сіңісті, туа бітті қасиет. Өлеңіндегі азын-аулақ кедір-бұдыр мен техникалық селкеуліктерді жиырма бес – отыз жылға созылған үзілістен деп білу керек.
Өнерде жас, жасамыс деген ұғым жоқ. Бәрі де адам бойындағы Құдай берген қабілетке, талантқа байланысты. Бір басына жетерлік қабілет-қарымы бар. Ұзекеңнің талғампаз оқырмандардың көңілінен шығатын талай жыр жинақтарын беретініне мен сенемін».
Қомшабай Сүйенішов.
2000 жыл.
II
Бүгінгі жас ұрпақ Ұзекең, Ұзақ Еспанов жайлы тереңірек білуі үшін өзінің қолымен жазылған өмір­баянын газет бетіне жариялаудың да артықшылығы бола қоймас деген ойдамын.
Өмірбаян
Мен, Ұзақ Еспанов 1928 жылы қазіргі «Мақпалкөл» ауылында тудым. 1944 жылы осы шаруа­шылықта колхозшы болып жұмыс атқардым. 1947 жылы 10 класты бітіріп, Қызылорда педин­сти­тутының қазақ тілі – әдебиет факультетіне оқуға түсіп, оны 1951 жылы, 1963 жылы сырттай оқып, Қазалы ауыл шаруашылық техникумын бітірдім.
1951-1953 жылдар арасында «Қызыл октябрь», «Бірінші май» мектептерінде мұғалім, директор болып қызмет атқардым. 1953 жылдың наурызынан 1963 жылға дейін Жалағаш аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, 4-5 ай райкомда бөлім меңгерушісі, 1963 жылдың наурызынан «Қазақстанның XX жылдығы», Жамбыл атындағы колхоздың басқарма төрағасы, 1969-1991 жылдар аралығында «Мәдениет», «Қазақстанның Ленин комсомолы» атындағы совхоздардың директоры бо­лып қызмет атқардым.
1991 жылы дербес зейнеткерлікке шығып, 1992 жылдан аудандық ардагерлер кеңесінің төра­ғасымын.
1953 жылдан күні бүгінге дейін аудандық ке­ңес­тің, қазіргі мәслихаттың, 1971-1979 жылдары­ арасында облыстық кеңестің, 1985-1990 жылдары XI сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің №222 сайлау округінен депутат болып сайландым, бірнеше жыл райком, обком мүшесі болдым. 1973 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын иелендім. «Ленин», «Октябрь революциясы», 2 «Еңбек Қызыл Ту­ ордендерімен», 10 әртүрлі үкімет медальдарымен наградталдым.
1953-1960-1978 жылдарда өткен республи­ка мұғалімдерінің, 1976 жылғы Қазақстан Ком­пар­­тиясының XIV-съезіне делегат болып қатыс­тым. 1953 жылдан аудандық, облыстық пар­тия комитеттеріне мүше болып сайландым. Үздіксіз конференцияларға делегат болып 1992 жылға дейін сайланып келдім. КСРО, Қазақ КСР Жоғар­ғы Кеңестерінің «Құрмет грамотасымен» наград­талғанмын.
1974 жылдан Жалағаш поселкесінің, 1998 жылдан Жалағаш ауданының «Құрметті азаматымын». «Астана», «ҚР Конституциясына 10 жыл», «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» Еліміз егемен алғаннан кейін «Тыңға 50 жыл», «Жеңістің 60 жыл­дығы» медальдарымен наградталдым. «Сыр күріші – ел ырысы», «Өрелі өзгерістер», «Көңілім көктем» атты кітаптардың авторымын. Облыстық «Боздақтар» кітабының алқа мүшесімін, Жалағаш ауданы бойынша бөлімінің авторымын. Журналис­тер одағының мүшесімін.
Ұзақ Еспанов,
18 сәуір 2006 жыл.
Жалағаш кенті.

III
Өмірде небір ғажап адамдар болады. Олардың жүріс-тұрысы, адамдар мен қарым-қатынасы, сөйлеген сөздері кімнің де болса есінде ұзақ уақыт сақталып қалатыны даусыз. Мен білетін сондай азаматтың бірі Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспанов ағамыз еді. Ұзақ уақыт бір ауданда еңбек еткеннен соң ағамызбен ағалы-інідей болып кеткен болатынбыз.
Ағамыз ұзақ жыл Мәдениет және Қазақстанның Ленин комсомолы атындағы совхоздарға басшылық жасады.
Совхоз директоры болып жұмыс жасаған кезінде облыста бірінші болып мемлекетке 100 мың центнер күріш тапсырудың бастаушысы болды, күріштен тау тұрғызды. Аты ауылдан асып ауданға, одан облысқа, одан, республикаға дейін жетті. Мұндай мемлекетке күріш тапсырудағы тамаша табысы үшін Москваға да белгілі болды. Қорытындысында 1973 жылы Социалистік Еңбек Ері деген атақты жеңіп алды. Халық арасында оны Батыр Ұзекең, ақын Ұзекең дейтін болды.
Замандастары:
– Совхозыңыз бай, өзіңізде байсыз ғой, - деген­­де.­
– Менің байлығым жан-жарым Дәмеш екеу­міз­дің өмірге әкелген сегіз баламыз ғой деген екен.
Сол айтқан балалары бүгінде егеменді еліміздің сан-салалы шаруашылықтарында еңбек етіп жүрген салиқалы азаматтары.
Мысалы, Баяны дәрігер, Мейрамбек – аудандық мәслихат хатшысы, Бақыт пен Зәуреш ұстаздық қызметте, Манарбек – Элеватор директоры, Жанарбек – ғылым кандидаты, Каналбек – кәсіпкер, Айдос – экономист-финансист болып жұмыс жасайды. Мінекей, ұрпақ жалғастығы деген осы.

IV
Онымен бірге болған күндер адам есінде ұзақ уақыт сақталады. Өйткені, ол кімге болса да шуағын түсіріп жақсылық жасағысы келіп тұратын. Ол әңгіме арасында «Алла берген абыройын қайтып алмасын» деген сөзді үнемі есінен шығармай айтып отыратын.
Кімнің де болса жұмыс кезінен, қызмет бабынан тыс уақытта, яғни, тұрмыстық өмірінде ойламаған оқиғалар кездесетіндігі баршамызға аян. Сондайда өзінің сөзден жығылмайтындығы мен тапқырлығымен, терең ойлылығымен артында із қалдырып, әңгіме етіп ауыздан-ауызға жыр етіп айтып жүретін ағамыздың сөз қалдырғандығын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.
Ағамыздың сондай сәттерінен бірнеше мысалды еске түсірсек.
Қай жылы екені дәл есімде жоқ. Әйтеуір «Мәдениет» совхозында директор болып жұмыс істеп жүрген кезінде Алматы қаласына бір айлық курсқа барыпты. Арада біраз уақыт өткенде ауыл­дың хат тасушысы үйге телеграмма әкеліп береді. Телеграмма былай жазылыпты.
Жалағаш ауданы, Мәдениет совхозы Еспановқа.
«Құттықтаймын, аман-есен босандым. Ербалалы болдыңыз!» Алматы қаласы.
Телеграмма алдымен Дәмеш жеңгеміздің қолына тиеді. Ойда – жоқта келген бұл телеграмма жеңгеміздің ашуын шақырады. Жұмыстан түскі үзіліске келген Ұзекең әйелінің ашулы жүзін көріп:
– Дәмеш-ау, бұл не, жайшылық па! – дейді.
– Алматыға біліміңді көтеруге барды ғой деп жүрсек, ер балалы болыпсың ғой, – деп телеграмманы қолына ұстата салады.
Сонда Ұзекең аспастан-саспастан:
– Ол оңбаған тумаймын деген еді ғой, – депті.
Сонымен бұл істің мән-жайы ұзамай белгілі болады. Осы совхозда бас мал дәрігері болып жұмыс жасайтын Бегей Еспанов деген азаматтың әйелі екі қабат болып Алматыға барып босанады. Телеграмманы күйеуіне берген сол екен. Ал, почта тасушы Еспанов деген жазу тұрғасын директордың үйіне жансақ әкеліпті.
Десе де, Ұзекеңнің жауабы ел арасында біразға дейін айтылып жүрді, әлі айтылып келеді.
Ұзекеңнің тағы бір әңгімесі сонау жылдары. Ел ағасы Елекеңнің, Елеу Көшербаевтың баласы белгілі ғалым философ Мұстафа Матаевтың қызына Қырымбек үйленетін болыпты. Елекең бас құда қылып, сыйлас досы Ұзекеңді алып баратын болып шешіпті. Мәселе оңынан шешіліп, келін түсіріп отбасы арқа-жарқа болыпты.
Қызылорда қаласына Ұзекең ауылдан өзінің қара волгасымен барыпты. Күз айы болса керек, бас киімін машина ішіне қалдырып кетеді. Той тарқап, Ұзекең құдалық міндетін ойдағыдай атқарып, ауылына қайтатын болады. Үйден шығарда бас киімін іздейді. Бірақ, еш жерден бас киім табылмайды.
– Елекең саса бастайды. Табылмаған соң облыс орталығындағы сауда базасының бірінен су жаңа андатор терісінен тігілген бас киім алдырып кигізіпті.
Сол кезде Ұзекең жаңа бас киімді алып, машинасына отырып, есігін ашып тұрып:
– Елеке, бұл бас киімді осындай тойларда, үлкен жиналыстарда киемін, рахмет!
Сосын машинадағы өзінің қойған жерінен бас киімін алып мұны осындай жол жүргенде, жұмыс кезінде киемін, – деп есігін жауып, қолын бұлғап жүріп кетіпті.
Мұны көріп тұрған Елекең бастаған, шығарып салуға қатысушылар Ұзекеңнің іс-қылығына ауыздарын ашып, көздерін жұмып, қолдарын бұлғап қала беріпті.
Ой, қызық-ай!

V
Ұзекең зейнеткерлікке шыққаннан кейін үзбестен 17 жыл бойы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып еңбек етіп, қоғамдық өмірге белсене араласып, салиқалы өмір сүрді. Осы кезең ішінде ол «Көңілім көктем», «Шуақты күндер» атты өлеңдер жинағын өмірге келтіріп, өзін халқына ақындық қырынан көрсете білді.
Алайда, жылуы бар сөздің адамды бірден өзіне тартып алатын құдіреті бар емес пе?! Сондай-ақ, «Шуақты күндер» атты кітаптың бірінші бетінен;
Оқушым өздеріңнен өтінерім,
Тап-таза сендер үшін көкірегім.
Елге еткен еңбегімнің арқасында,
Сүрінбей талай сыннан өтіп едім.
Еңбегім саған достар ұсынамын,
Болғанмен көзге қораш іші қалың,
Деп түсін қадірменді оқырмандар,
Өзіме қиқымындай ұшығаның, –
деген өлең жолдары қандай тамаша айтылған десеңізші! Жанды, жылуы бар бұл теңеулер адам есінде ұзақ сақталары анық.
Ағамыздың қайраткер азамат ретінде елге танытқан, абыройын асқақтатқан, кеудесіне «Алтын Жұлдыз» тағу бағын ашқан, Сыр күрішін ол өмір бойы ерекше бағалап, айрықша құрмет тұтқан-ды. Сөйтіп, өзінің шығармасына оны ең бір қимас өзекті тақырып етіп алған еді. Бұл айтқандарымызды «Ақсу дихандарына», «Осы биыл дихандардан үмітті ел», «Аянбаңдар, жігіттер!» және де басқа өлеңдерінен аңғаруға болады. Ендеше, осы өлеңдерінен үзінділер келтірейік.
Егіcтікте қызған еңбек, қарқыны,
Жыл жемісін әкеледі әр күні.
Сыр елінің бар байлығы емес-пе?!
Ақмаржаны ақкүріші – алтыны.
Комбайнда отырғанда шалқып бір,
Уыз денең кететінді балқып кіл.
Ақкеліннің жақын барсаң қасына,
Алқымынан әтір иісі аңқып тұр.
Мақтан тұтып қырмандағы астығын,
Ал, ақындар жырдан шашу шаш бүгін.
Азаматтар бас бәйгені бермеңдер,
Жалғастырып Жалағаштың дәстүрін.
Ауылын, туған жерін, табиғатын жырлаған ақын кемде-кем. Бұл жағынан алып қарағанда да ағамыздың оқырманды селт еткізер жыр шумақтары баршылық. Мәселен, мына өлең жолдарын оқып көріңізші.
Ауылға сағынышпен аңсап келем,
Ойымда болмай бөтен мансап деген.
Азайып аға-жеңге аймалайтын,
Қалыпты-ау санарлықтай саусақпенен.
Жалпы, біздің байқағанымыз, ақын қай тақырыпты жырласа да идеялық сырды, әлеуметтік жағдайды аша суреттеген. Бір сөзбен айтқанда оның өлеңдері сұлулық пен сыршылдықтан, өршілдік пен тапқырлықтан, парасат пен мән­діліктен кенде емес. Оның өлеңдері кешегіні, бүгінгіні, ертеңгіні сөз етеді. Бізге керегінің өзі де осы емес пе?!
Ағамыздың «Шуақты күндер» атты кітабын оқи отырып, оның шуақты күндері көп болғандығын айқын сезінеміз. Жақсыдан шарапат демекші, біз­дердің де шуақты күндеріміз көп болсыншы!

Шыңғыс Айбосынов,
Қазақстан Журналистер және
Халықаралық Жазушылар
одағының мүшесі,
Ауданның «Құрметті азаматы»,
«Құрмет белгісі» орденінің иегері.
16 қазан 2018 ж. 1 208 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 723

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031