Кіл мықтылар белдескен күн
«Алтын дән» мерекесі аясында түйе палуандардың республикалық сайысы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылардың бәсекесін тамашалауға қалың қауым стадионға ағылды.
Мемлекет және қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргеновтің – 120, Ілияс Қабыловтың – 115, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың – 90 жылдық мерейтойлары және ырыс пен берекенің бастауы "Алтын дән" мерекесі аясында өткізілген палуандар бәсіне әр өңірден 12 спортшы қатысты. Бәрі де бәйгенің бас жүлдесіне тігілген қомақты қаржыны иемденуге барын салды. Боз кілемде белдескен кіл мықтылар бір-бірінен айласын асырып, ережеге сәйкес алып та, шалып та жығуға тырысты.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, басқалардан оза шапқан қармақшылық Еламан Ерғалиев І орынды иеленіп, 2 млн теңгені қанжығасына байлады. Ал, боз кілемде үздік өнер көрсеткен аралдық Нұрым Сәлімгереев жүлделі ІІ орынды (500 мың теңге) алса, Қызылордадан келген Мақсат Исағабылов ІІІ орынды (300 мың теңге) қанағат тұтты.
Жарыс жеңімпаздарын аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев марапаттап, қаржылай сыйлықтарды салтанатты түрде табыстады.
Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ.