Қазақстанда балабақша тәрбиешілерін жұмысқа қабылдау тәртібі өзгереді
Қазақстанда балабақша тәрбиешілерін жұмысқа қабылдау талаптары өзгертілмек. Бұл туралы Қазақстанның бас мұғалімі Ерлан Сағадиев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап Stan.kz.
Министрдің мәліметінше, бүгінде еліміздегі балабақшаларда 55 мың тәрбиеші жұмыс істейді. Алайда оның тек 45 пайызында мектепке дейінгі білім дипломы бар.
«Министрлік балабақшаға мамандар тарту үшін бірнеше шара қабылдауда. Біріншіден ауылдағы балабақша меңгерушілерін жұмысқа қабылдауда еңбек өтілі 6-дан 3 жылға дейін қысқарды. Бұл да үлкен мәселенің бірі болған. Екіншіден, педагогтерді қолдау үшін «Білім туралы» Заңның 51- бабына өзгерістер енгізілуде. Ендігі уақытта балабақшаға жұмысқа мектепке дейінгі мамандық бойынша емес педагогикалық білімі бар мамандар қабылданатын болады», – дейді Ерлан Сағадиев.
Осы күнге дейін мектепке дейінгі білім мамандығын алмаған тәрбиешілер категория алу үшін аттестациядан өте алмайтын еді. Ерлан Сағадиевтің сөзінше, ендігі аттестациялау ережесіне өзгертулер енгізіледі. Нәтижесінде педагогикалық білімі бар тәрбиешілердің барлығы аттестациялаудан өтетін болады.
«Ол үшін қысқа мерзімді курстар енгізіп отырмыз. Курстар жеткілікті», – дейді білім және ғылым министрі.
Stan.kz