АҚШ-тан оралған қандасымыз Қазақстандағы сұлу қыздардың көптігіне таңғалды
АҚШ-тан оралған бойжеткен Айжан Есболатова қазақстандық қыздардың сұлулығына қайран қалды. Бойжеткен екі елдің қыздарын салыстыра айтып берді.
Бұл туралы “Уральская неделя” хабарлайды.
“Мен ұзақ жылдар АҚШ-та болып қайттым. Елге келген соң қазақстандық қыздардың сұлулығын көріп, таңғалғаным бар. Таңертең автобус күтіп тұрсаң, биік өкшелі аяқ киім киіп, шашын күтіп тарап, жылтыратып, әдемі киінген қазақ қыздары тұрады. Таңертеңнен ерінбей макияж жасайды. Ал, кешкісін клуб не көңіл көтеретін жерлерде тіпті құлпырып жүреді. Біздің қыздар әдеміден бөлек, өзіне асқан күтіммен қараушылар”, – дейді Айжан.
Бойжеткен отандастарын америкалық қыздармен салыстырып өтті. Шетел қыздарының кемшілігі мен артықшылығын атады.
“Ал енді америкалық әйелді алып көрейік. Америкада таңертең аялдамадан шашы кеппеген, макияж жасамаған, аяғына крассовка киіп, рюкзак асынып алған қыздарды көресіз. Олар өзін күту есебінде тек таңертең душқа түседі. Маникюр жасап қоюы мүмкін. Бірақ оны да бәрі жасамайды. Бірақ соған қарамастан ерлері жақсы көріп, сыйлап тұрады. Өйткені әйелдері өзіне сенімді. Өз қадірін біледі”, – дейді бойжеткен.
Айжанның айтуынша, қазақстандық қыздар макияж жасауға, үйренуге, өзін күтуге, әдемі болуға көп ақша жұмсайды. Тіпті жарты айлығын жұмсауға даяр. Қазақстанда макияж жасап үйрету курстарынан көп нәрсе жоқ. Ал, америкалық қыздар йогамен айналысады, маркетинг, дизайн курсатарына барады. Олардың таңдауы басқа.
“Қазақстанда неге қыздар бетіне қас жасап, кірпік жабыстырады? Және ол сұлулықтың құны қымбат. Неге әдемілікке емес, білімге құштар болмайды? Өйткені қыздарды бойжеткеннен бастап, бір азаматтың етегінен ұстауға үйретеді. 30 жасқа жетпей тұрмыс құру керек дейді. Әйелді адам емес, адамзат бөлшегі ретінде қарайды. Әйтпесе неге оларды ұрып-соғып, кез келген жерде күш көрсетеді. Қазақстанда үш тіл меңгеріп, оқыған қыз жан-жақты, білімді бола тұра қасында күйеуі не ер азаматы жоқ болса, бақытсыз саналады. Тұрмысқа шықпаса кәрі санайды”, – дейді Есболатова.
Айтуынша, америкалық қыздарға қазақ қоғамындағыдай, “25 жасыңда тұрмыс құрасың, жұмыс істейсің, отбасыңның, балаларыңның, күйеуіңнің күтімене қарайсың, қайын жұртыңа қызмет етесің. Сөйте жүріп өзіңе күтім жасауың керек. Бала тууың керек. Үй шаруасымен айналысуың керек. Кейін күйеуің екінші әйел алам деуі де мүмкін” десең, басын ала қашар еді. Өйткені олар тәуелсіз. Елдің сөзі үшін емес, өзі қашан тұрмысқа шыққысы келеді, сол кезде шығады. Өз қадірін біледі. Олар бұған бір күнде келген жоқ. Өз теңдігі үшін қанша жыл күресті. Ақыры қол жеткізді.
Айжан Есболатова қазақстандық қыздардың да америкалық әйелдер секілді еркін болуын қалайды. Сол күнге жетерміз деп сенеді.
Stan.kz