» » Бізді жеген «бөрі» кім?

Бізді жеген «бөрі» кім?

Жалпы, бізде кітап көп. Көптігін айтудан бұрын көңілге қонымдысы аз. Оқысаң бір-біріне айнымайтын естеліктерге жолығасың. Жазғыштардың көбісі бұрын әкім, парторг немесе ауылдық кеңестің төрағасы, жоқ дегенде бір базаның бастығы, не бригадир болған. Авторлардың көбісі қарапайым халыққа тигізген пайдасы мен ұрпаққа қатысты мазмұнды ештеңе айтпаса да, өз әулеті мен шыққан тегін суреттегенде кәдімгідей сүйсініп қаласың. Сырт ағайын оқыса, «әй, бәрекелді, тусаң осындай ұл ту, қазақ!» дейтіндей. Несін айтасың, өз өмірі мен ата-тегін, шежіресін әспеттеп жазушылар көбейіп тұр.
Жақында сондай бір кітап қолыма түсті. Белгілі бір рудың шежіресі мен одан тараған сан ұрпақтар жайлы сөз қозғалып, қалам тербеліпті. Сонда бір байқағаным, сол кітапта аталған ру тарихында 7 би-батыр, 4 жырау, 2 ахун, 2 әнші, берірек келсек, 10 совхоз директоры, 2 аудандық партия комитетінің хатшысы, 20-дан аса мектеп директоры, 4 ұшқыш, 7 ауыл әкімі, 1 ауданның Құрметті азаматы, 3 басқарма басшысы, 40-тан аса кәсіпкер т.б.елге белгілі адамдар шыққан. Апыр-ау, дейсің оқи отырып. Өзге жұрт сонда бұл автордың шыққан руынан бір саты төмен болған-ау деген жаман ой бір сәт санаңда жылтың ете қалады. Бір сөзбен айтқанда, шежіре жазғандар сұлу сөзбен сырлап, өз руын аспандағы айға теңейді. Айтпаса да түсінікті, той-садақада «менің руым пәленше, түгенше жерді жайлағанбыз» немесе «біздің ата-бабамыз пәлен рудан тарайды, бізден шыққан бір бала қазір «міністірлікте», жоғарыда отыр», «жақында ауданға біздің пәленше деген рулас ініміз келеді» деп кергілескен ақсақал-қарасақалдарды көргенде еріксіз бас шайқайсың.
Біз өзі дана халықпыз ғой. Қандай да бір жағдайға болсын, көсіліп кеп ақыл айтқанда, ұлы Абайды да артқа қалдырамыз. Бірақ, сол ақылды өзіміз қолданбайтынымызды қайтерсің. Қолданар болсақ, «бөлінгенді бөрі жейтінін» білсекте, сол «бөріге» әлі жем болып келетінімізді білеміз бе? Өзгеге өзімізді мазақ етіп келе жатқан да осы бөлінушілік, рушылдық емес пе? Тарихты қозғасақ, руға бөлінудің кесірінен, жоңғар кеп бір қапса, Қоқан, Хиуаң бір қысты, ақырында орыс кеп біржола омақастырды. Тәуелсіздік алып, тәубе десек те, бұл бөліну дерті бізге таяқ болып тимеді. Дұрысы, тисе де тимегендей сыңай танытамыз.
Бір қызығы, біз жікшілдік қасиетіміз бар болса бірлік, ұйымшылдық жайында ұрандарды көп айтамыз да, жеме-жемге келгенде тайғанақтап кетеміз. Ойлап отырсақ, руға бөлінушілік қазақ қанына сіңген. Қанға сіңгенді қалай жоя аламыз? Рас, руын біліп, жеті атаға дейін жаттату, қыз алыспай, қан бұзылмау жағынан келгенде ата-баба жолын нық ұстанып келеміз. Біздегі ру мәселесіндегі жағымдысы осы. Жағымсызы – рудың оқшаулануы. Мысалы, қайбір жылдары кейбір ру белсенділері жиналып өз көсемдерін сайлаған деген қауесет тарады. Жоғарыда айтып өткенімдей, өз аталастарынан шыққан атақтыларын, жұрт білсін-білмесін, әулие, би, батырларын насихаттауға келгенде көзге көрінбейтін бәсеке жүріп жатыр. Тағы бір ерекше тоқталатын жағдай, бұл – жұмыс барысындағы ағайыншылдық. Әгәрәки, сіз өмір сүретін аумақта не жұмыс істейтін мекемеде лауазымды қызметке бір адам отыра қалса, сол азамат туралы «өзі қай жүз, руы қандай?» деген сұраққа жауапты жанталаса іздей бастаймыз. Неге екені белгісіз, басшылыққа келген қандай да бір кісінің «жұмыс жүргізу сапасы мен іскерлігі» жайында бір ауыз сөз айтпаймыз. Ақын Темірбек Медетбектің мына жазбасы еріксіз таң қалдырады. «Қазақты бір-біріне алакөз қып қойғысы, бүтін іргемізге бүлік кіргізгісі келетін тағы бір іріткі ол – рушылдық. Бұл біздің қоғамымызда ойды да, бойды да білдірмей алып бара жатқан дертті құбылыс. Бүгінде ру десек, өзгені былай қойғанда, әлгі «прогрессивті қазақтар – мәңгүрттердің» өзі ішкен асын жерге қояды. Тілін білмейді, бірақ руын біледі». Тарихы мен тілін білмесе де, ру арқылы руласын жағалау орыстілділерге де жат емес.
Бізде «әй, ағайын, руға бөлінбейік» деп үгіт-насихат айтқанмен, естір құлақ әзірше естімеген сыңай танытып тұр. Тіпті солай түсіністік танытқанның өзінде ми түпкірінде сондай ой қашалып қалған сияқты ма, қалай?!
Руға бөлінуді ата-бабамыз тек халық денсаулығына аса мән беріп, халықтың денсаулығын сақтап қалу жолында жасаған шарасы деп түсінетін уақыт жетті. Отбасы құратын әр азамат басты құндылық – денсаулыққа мән берер болса, кем дегенде жеті атасын білу керектігі бұрыннан айтылып та, жазылып та келді. Қан тазалығын сақтау, сау ұрпақты дүниеге әкелу жолында бұдан асқан маңызды ештеңе жоқ. Ал, ру таласы мен жікшілдік, жалған атақ пен қу мақтангершілік ұлттың дамуына тежеу екені айдан анық. Өзіміздің «бөрі» өзімізге шапшыса, оңа коюың екіталай...

Е.БЕКМЫРЗАҰЛЫ.

29 қаңтар 2019 ж. 1 220 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 724

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031