» » ТАҒЫЛЫМДЫ ТУЫНДЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

ТАҒЫЛЫМДЫ ТУЫНДЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген даналық сөз бар. Шынайы ұстаз – шәкірт жүрегіне білім нәрін дарытумен бірге бағыт-бағдар беріп, ғұлама тұлғаларды қалыптастыратын тәрбиеші. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – А.Бисенов атындағы №38 орта мектептің директоры, ұлағатты ұс­таздардың бір Болат Мұстаяпов.
Жалағаш ауданындағы Аққұм ауылында дүниеге келген ол 1972 жылы №38 орта мектепті бітіргеннен кейін қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетінің физика-математика факультетін тәмамдаған. Одан кейін Алматыдағы лектор-методист даярлайтын екі жылдық курста оқып, ұстаздық еңбек жолын Білім министрлігінің жолдамасымен Өзбекстан Республикасындағы білім ордасынан бастаған. 1980-1992 жылдар аралығында Ақсу ауылындағы №116 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, Таң ауылындағы №118 орта мектеп, Аққұм ауылындағы №38 орта мектеп директоры қызметтерін атқарды. Мұнан кейін туған жері Көкжиде ауылдық кеңесінің төрағасы, Аққұм ауылдық округінің әкімі болды. Ал 2002 жылдан бері А.Бисенов атындағы №38 орта мектеп директоры қызметін атқарып келеді. Бірнеше рет аудандық мәслихат депутаты болып сайланып, ауылға байланысты мәселелерді шешуге атсалысты. Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне -25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. «Қазақстан Республикасы Халық ағарту ісінің озық қызметкері» .
Жуырда пайғамбар жас 63-ке толып зей­неткерлікке шыққан Б.Мұстаяповтың «Ғұ­мыр­­намалық ғибраттар» атты кітабы жарық көрді. «Ақмешіт апталығы» қоғамдық қорының демеушілігімен Қызылордадағы «Қызылорда-Қанағаты» баспасынан басылып шыққан бұл еңбек «Ұстаздық еткен жалықпас», «Баспасөз бетінде жарияланған материалдар», «Суреттер сыр шертеді», «Өмірден ойға түйгендерім», «Өлең­дер мен арнаулар» секілді бес бөлімнен тұ­рады.
Бұл кітапта негізінен тәлімгер Б.Мұс­тая­повтың өмір жолы, көзбен көріп, көңілге түй­гендері баяндалады. Бір ерекшелігі ешқандай әсірелеу жоқ, ұстаз өміріндегі болған оқиға, іс-әрекеттері қаз-қалпында бейнеленген және басылымдарда жарияланған материалдар мен пікірлер пайдаланылған. Жоғарғы оқу орнын бітіріп жолдамамен Өзбекстанға барып еңбек жолын бастаған жас маманның өміріндегі алғашқы ізденісі мен еңбектері, қиындықтар мен қажырлылық, түпкі нәтижелер нақты мысалдармен шебер суреттеледі. Сонымен бірге кітапта алтын бесік – ауылы мен мектеп өмірі, ата-ананың тәлім-тәрбиесі, отбасы құндылықтары, отансүйгіштік елге қызметі туралы жан-жақты тарқатып жазылуы құптарлық жайт. Ұрпақ тәрбиелеген ұстаздың мақал-мәтел, диалогтар арқылы публистикалық стилмен жазылған шығармаларын оқи отырып, оның қаламгерлік қабілеті мен шеберлігіне тәнті болдық. Сондай-ақ кітаптың соңғы бөлімінде ұстаздың сыршыл сезімге толы ойлы өлеңдерін оқып, ақындық қырынан да танығандай болдық.
«Өмір жолға түстім мен де адам боп,
Қақым да жоқ қалуға мен жаман боп.
Қас-қағым сәт өте шығар дүниеде,
Қалсам деймін мәңгілікке адам боп»,- деп адалдық пен ізгілікті, еңбек пен ерлікті жырлап, шығармашылықпен айналысып келе жатқан Болат бүгінде шабытты шағында екен.
Бір сөзбен айтқанда, бұл кітапта ұрпақ тәрбие алатындай маңызы зор мағыналы дүниелер көп. Әрине әр адамның өмірі бір тарих, шежіре. Солардың өнегесі жазылып қалса, жаңа өмірге қадам басқан жастарымызға рухани азық болып қалары анық. Ал рухы мықты, өмірі ғибратқа толы ұлағатты ұстаздың өмір жолынан жас ұрпақтың алар тәлім-тәрбиесі мол болары сөзсіз.
Тағылымды туындының тұсаукесер рәсімі Аққұм ауылының мәдениет үйінде болып өтті. Салтанатты рәсімде аудандық мәслихат хатшысы М.Еспанов ұлағатты ұстаздың өнегелі еңбек жолына тоқталды және оны 63 жасқа толып, зейнеткерлікке шығуымен құттықтап, аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың «Алғыс хатын» табыс етті. Салтанатты шарада ұстаздары мен әріптестері, шәкірттері, туған-туыстары мен құда-жекжаттары Б.Мұстаяповты мерейтойымен құттықтады. Ұлы есімге лайық қызмет етіп келе жатқан ардагер ұстаздың ғибратқа толы жаңа кітабының мазмұны мен құндылығы жайлы айтып, ой-пікірлерін ортаға салды. Өз кезегінде мерейтой иесіне ақ тілегін арнаған білім саласы қызметкерлері облыстық көпсалалы кәсіподағы комитетінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Р.Байназарова ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Қызылорда облыстық басқарма басшысының, облыстық мәслихаттың, білім саласы қызметкерлері көп салалы кәсіподақ комитетінің «Алғыс хаттарын» тапсырып, «Еңбек ардагері» медалін кеудесіне тақты. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Қ.Бисенов жүрекжарды тілегін жеткізіп, Б.Мұстаяповқа осы университеттің «Алтын медалін» салтанатты түрде табыс етті. Аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құрманбаева жас ұрпақ ғибрат аларлық жаңа кітаптың тәрбиелік мәні мен маңызына тоқталды. Ауыл ардагері Қ.Жүсіпбеков ардагер ақын-жырау Б.Сәрсеновтар игі тілектерін айтып, баталарын берді. Сол сәтте жаңа кітаптың лентасы қиылып оқырманға жол тартты.
Мерейтой иесі Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің озық қызметкері Б.Мұстаяповқа арналған ақ тілектермен, жаңа кітап жайлы құнды пікірлермен тоғысқан шара соңы Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің көркемөнерпаздарының концертімен жалғасын тапты.

Серік Бертаев.
05 маусым 2018 ж. 827 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930