Көпбалалы отбасылардың 900 баласы тегін білім алуда Бұл тек облыс әкімінің гранты ғана

Мемлекет оқимын немесе кәсіп ашамын деген жастарға жан-жақты қолдау жасауда. Жастар жылының мақсаты да осы болса керек. Ал, 3 жылды қатар жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арнаған Қызылордада жастарға жан-жақты қолдау жасалып жатқанын айта кеткен жөн.
Бұған дәлел ретінде Ресейде оқып жатқан түлектерді айтуға болады. Жалпы, 2014 жылдан бастап Мәскеу мен Санкт-Петербургтің озық оқу орындарында 452 қызылордалық студент Ресей федерациясы үкіметінің гранты есебінен білім алуда. Мұны облыстағы айрықша бастамалардың бірі ретінде атап өтуге болады. Өткен жылы 60-тан астам мектеп түлегі Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеулер университетіне, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетіне, Санкт-Петербург мемлекеттік индустриалды технологиялар және дизайн университетіне, Иннополис университетіне және Мәскеу энергетика институтына түсті. Сонымен бірге, сырбойылық жастарға мамандандырылған «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» саласында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетіне жыл сайын 20 грант және Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Парламентаралық Ассамблеясы аясындағы жоғары оқу орындарына грант бөлінеді. Ақпараттандыру мен технологияларды енгізу бойынша Татарстан Республикасындағы Иннополис университетінде ақпараттық және сандық технологиялар бойынша жыл сайын қызылордалық түлектердің білім алуына келісім жасалған. Алдағы уақытта «Сколково» инновациялық орталығымен әріптестік орнату жоспарланғанын атап өткеніміз дұрыс.
Өткен жылы “Сыр медиа” ЖШС-на қарасты редакциялардың журналистері Мәскеуге іс-сапармен барған еді. Сапар барысында Ресейде білім алып жатқан түлектермен кездесу ұйымдастырылды. Делегация құрамында өзім де болғандықтан сол кездесуге қысқаша тоқталғанды жөн көрдім.
Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеулер университетінде (НИТУ МИСиС) өткен кездесуге 80-ге тарта студент келді. Жиында облыс әкімінің кеңесшісі Динара Бисембина мен “Сыр медиа” ЖШС бас директорының орынбасары Қаныбек Әбдуов білім жолында жүрген жастарға табыс тіледі. Студенттер атынан сөз алған Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеулер университетінің магистранты Аслан Қасен мен К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің 4-ші курс студенті Айсана Өрікбай шетелде оқуға жағдай жасаған облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.
Біз өз кезегінде Мәскеуде оқитын жалағаштық жастарды да сөзге тартқан едік. Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеулер университетінің студенті Елеусін Алтынбек білім алуға барлық жағдай жасалғанын жеткізсе, осы оқу орнының тағы бір шәкірті, жерлесіміз Нагида Әбдірейім Ресей астанасында білім алу бала күнгі арманы екенін айтты.
“Негізі, Мәскеуде оқу менің бала күнгі арманым болатын. Бастауыш сыныпта Анастасия Янгулеевна деген мұғалім сабақ берді. Ол кісі біздің сынып жетекшіміз еді. Бір күні Анастасия апайымыз бізге “Кім ұшаққа мінді?” деген сауал қойды. Сонда арамызда бір ғана қыз қол көтерді. Мен сол сәттен бастап ұшаққа мінуді армандадым. Осы апай бір күні “Кім Мәскеуде болды?” деп сұрады. Мен дәптеріме Мәскеу деп жазып қойдым. Үйге барғаннан соң анамнан Мәскеу туралы сұрадым. Ол кісі өзі білетіндерін айтып, Ресей астанасы туралы кітаптарды көрсетті. Мен сол кезден бастап осы қалаға баруды армандадым. Бүгінде сол арманым орындалды. Облыс әкімінің қолдауымен Ресей университеттерінде сол елдің есебінен білім алған түлектердің атынан алғысымды білдіремін”, – деді ол.
Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.