» » Текті тұлға және тоқсанның толғауы

Текті тұлға және тоқсанның толғауы

Мемлекет басшысының “Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақа­ла­сын­да Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар екені айтылады. біздің өңірде де жас ұрпақ біліп өсуге тиіс тұлғалар жеткілікті. солардың бірі Үстіміздегі жылы тоқсан жасқа толатын ҚР ІІМ-нің құрметті ардагері, КСРО ІІМ-не еңбегі сіңген қызметкер, отставкадағы ішкі қызмет подполковнигі Шалқар Оразымбетов ағамыз екенін біз мақтанышпен айтамыз.
Торқалы тоқсан жастың төріне озатын Шалқар ағамызды облыс көлеміндегі аға буын өкілдері жақсы білгенімен ел тәуелсіздігінен кейін туған бүгінгі жас ұрпақ өкілдері білмеуі мүмкін. Сондықтан, әуелгі сөзімізді ағамыздың шыққан ортасы мен оны өмірге әкелген жандар жайлы айтудан бастасақ.Өйткені, қандай бір салаға еңбегі сіңген адам болмасын ол адамның нәтижелі жетістіктерге жетуіне оның шыққан ортасы мен ата-ана­сының еткен еңбегінің аз болмайтыны белгілі. Бүгінде тоқсан жасқа толып отырған ағамызбен Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығының қарсаңында өзі­нің майдангер ағасы Тапай Оразымбетұлы жайлы сұрауға бар­ға­нымда ол өздерінің ата-анасы жай­лы айтып берген еді. Сондағы оның өзінен естігендерімнің қағазға түскендері мынадай еді.
...ХХ ғасырдың басында «Қа­ра­көл-Қостам» бо­лыс­ты­ғын­да­ғы елге сыйлы жігіт ағасы Байболат өзінің Оразымбет деген баласына Қышбөгет болысына қарасты «Көк­жи­дедегі» «қара керейт» руын­дағы Тынымбай деген дәулетті ада­мының Тәті атты қызын айттырады. Күндердің күнінде Оразымбет үйленетін жасқа келгенде Байболат қайтыс болып, жастардың тойы сәл кейінге шегеріліпті. Әкесі Байболаттың жылдық асы берілген соң, екі жас Оразымбет пен Тәті үйленбекші болғанда «Қара керейт» Тынымбай мен оның шонжар ағайындары өздеріне күйеу бала болмақшы Оразымбетке:
– Сен біздің қызымызға үйленгің келсе, бұрынғы әкең берген қалың малдың үстіне енді қырық бас қара мал беруің керек. Осыны тездетіп бізге жеткізбесең саған беретін қы­зы­мыз жоқ, – деп мәселені төте­сі­нен қойған оларға Оразымбетте іле-шала:
– Сіздерге керегі қырық бас ірі қара мал болса мен малды таба­мын. Бірақ бұл сіздердің соңғы сөз­­деріңіз болсын. Егер енді тағы да уәделеріңізден тайқы­са­ңыз­дар, сіздермен басқаша есеп айы­ры­­самын, – деген соңғы сөзін айтады ол болашақ қайын атасы мен қайнағаларына. Оның осылай деп қаймықпай сөйлеуінің де мә­нісі бар еді. Ол - сол кездерде пат­шалық Ресейдің ұлықтарынан да кейіннен большевиктерден де әділеттілік жолында қаймықпаған күрескер Зарқұм Қуанышұлының өзі «оң қолым- осы Оразымбет»дейтін оның жауынгер серігі болатын-ды. Сондықтан да, оның бұл сөзі- «Қызыңды берсең – қолыңнан аламын, бермесең жолыңнан – аламын» деген болашақ қайын жұр­тына көрсеткен сесі еді.
Күрескер Зарқұмның сенімді серігі болып жүргендігіне қоса пысық, парасатты жігіт аталып жүрген Оразымбет бірден қақтығысқа бармай, өз бетінше мал табу қамына кіріскен. Көзін тауып кәсіп еткендер балығын аулап, түйемен кірелеп тасып базарға сатып мал тауып жүрген «Шаңлы көлге» келген Оразымбетті ешкім де маңайына жолата қоймапты. Содан ол жалғыз өзі бір шанышқы, бір сүйменмен қыс түскенде «Шаңлы көлдің» мұзын ойып, балық аулауға кіріскен екен. Жалғыз өзі осы көлден бір қыс балық аулап сатып, 20 бас ірі қара мал алатын қаражат жинаған Оразымбет күрескер ағасы Зарқұмға келеді. Оған өзінің үйленуі үшін қалың малға енді 20 бас ірі қара мал керек екенін айтқанда күрескер ағасы:
– Оразымбетжан, сөзіңнің сада­ғасы, жалғыз сен үшін емес, мейманасы тасыған байлардан сен сияқты ақысы кететіндердің барлығына да менің көмегім дайын, – дегенді айтып оған бірер күнде 20 бас ірі қара мал тауып беруге жәрдемдесетінін айтқан екен, қараша халық үшін туған күрескер Зарқұм Қуанышұлы.
Сонымен, күрескер ағасының жәрдемі мен табылған ірі қара малды Тынымбайдың әулетіне апарып, Тәті әжемізге үйленген Оразым­бет әкеміз Қаракөл-Қостам болыстығындағы ағайындарының ортасына келіп, өз тірлігіне кіріседі.
Ел болған соң ала-құла адамдар, неше түрлі жағдайлар болады емес пе? «Жетім жігіт Оразымбет «қара керейттің шонжары» Тынымбайдың айдай сұлу Тәті қызын қолына қалай қондырды» – деп, іштеріндегі қызғаныштың қызыл иттері ұлып жүрген елдегі ағайындардың күңкілдері күн өт­кен сайын арта түскен. Жақсыны көре алмайтын күншілдердің қыз­ғанышты әрекеттерінің өрши тү­суіне пысық жігіт Оразымбеттің келіншегі Тәтінің, атасы Байболаттан қалған сән-салтанаты керемет отау үйін бұрынғыдан да жарқырата тігіп отырғаны да себепші болған екен.
Ел ішіндегі күншілдердің әре­кеттеріне мән бермеген жас жұ­байлар Байболаттың отауының түтінін түтетіп, өз қатарластарының алды болып жүре берген. Шамамен, 1902-1903 жылдары кү­рес­кер Зарқұм ағаларын Ресей патшалығының үкімет орындары Иркутскіде жазасын өтеуге түрмеге айдайды. Осыдан кейін-ақ жас жұ­байлардың жақсы тірліктерін көре алмағандардың оларға қар­сы әрекеттері ашық сипат ала бас­таған. «Өзін менің оң қолым осы – Оразымбет» деп бағалаған күрескер Зарқұм ағасын жаладан құтқарып алмақшы болып, «қуғанды – құтқармайтын, қаша қалса – қуғанға жеткізбейтін» астын­дағы қара айғырын да патша ұлықтарына берген әрекетінен де еш нәрсе шықпапты» – дейді Оразымбеттің ортаншы ұлы қадір­менді Шалқар Оразымбетұлы ағамыз.
Міне, осындай батыр тұлғалы еңбексүйгіш, пысық отағасы ­Оразым­бет пен инабатты, таза бекзат жан Тәті ананың екінші ұлы Шалқар ағамыз 1929 жылы қазіргі Жалағаш ауданының Аққұм ауылының аумағында өмірге келген. Ол 1946 жылы ауыл мектебін бітіріп, Қызылорда педагогикалық училищесіне оқуға түскен. Оқуын бітіргеннен кейін аздаған уақыт мұғалім болады. Ал, 1950-1953 жылдары әскери борышын өтеген соң, 1954 жылы Ташкенттегі Орта Азия университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оқу орнын үздік дипломмен бітіріп шыққан.
Өте білімді жас маман Шалқар Оразымбетұлы сол кездерде екі­нің бірінің қолы жете бермейтін жоғары заңгерлік білімімен өзінің ата қоныстары, қазіргі Мәдениет ауы­лының ізіндегі колхоздың мектебінде ұстаздық қызмет ат­қа­рыпты. Ол кездерде бүкіл Орта Азияға ортақ жоғарғы оқу орнынан заңгерлік білім алған мамандардың некен-саяқ кезі. Осыған байланысты көп кешікпей Шәкең ағамызды облыс басшылығы арнайы шақырып, облыстық ат­қа­ру комитетінің ұйымдастыру бө­лі­міне аға нұсқаушы қызметіне та­ғайындайды.
Бүгінде тоқсан жасты толтырып отырған полиция қызметінің абыз ақсақалы, отставкадағы ішкі қыз­мет подполковнигі Шалқар Оразымбетұлы ағамыз ішкі істер органдарындағы қызметін Қы­зыл­орда облыстық ішкі істер бас­қармасы кадр бөлімінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі инспекцияның аға жедел уәкілі лау­­азымынан бастаған. Ал, 1965-1969 жылдары басқармадағы кадр бөлімінің бастығы, 1969-1973 жылдары Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы, 1973-1984 жылдары басқармаға қарасты Одақтық маңыздағы №10 еңбекпен түзеу колониясының бастығы және басқарманың ең­бек­пен түзеу мекмелеріне бас­шы­­лық ететін бөлімнің бастығы қыз­­мет­терін абыроймен атқарған.Айт­пақшы, ағамыздың ішкі істер ор­­­­­­­­­ган­дарындағы қызметінде атап өтер бір ерекше жағдай бар.Ол бастапқы арнаулы әскери шені лейтенанттықтан кейін аға лейтенанттың пагонын тақпай, марапат ретінде капитан шенін алған.Ол кездерде барлық марапаттаулар мен әскери шендер беру және қызметтік жоғарылатулардың барлығы да Мәскеудегі Одақтық министрліктің бақылауында тұр­ған­дықтан оны қызметтес достары «космонавт» деп атаған екен.
Шалқар Оразымбетов аға­мыз­дың еңбек жолына байыппен қарасақ ол бастапқыда жас ұр­паққа білім мен тәрбие беретін мұ­ғалім болса, кейіннен көпшілікті тәртіпке шақыратын сақшылардың қызметтік және жеке бас тәртіптерін қадағалайтын лауазымда қызмет етіпті. Ал, өзі мол тәжірибе жинап, аға офицерлік шен алған кездері Сыр бойының бас шаһары-Қызылорда қаласының ішкі істер бөлімін басқарыпты. Кейіннен қыл­мыс жасап, жаза басқандарды еңбекпен қайта тәрбиелейтін үлкен жабық мекемені басқарған. Осыған қарап ол өзінің саналы өмірінің ширек ғасырдан астам уақытын адам тәрбиесіне арнағанына көз жет­кі­зу­ге болады.
Қай кезде де қызметтік мін­деттерін адал атқарғандарды аяқ­тан шалып, нақақтан көлденең ке­дергі келтіретіндер көп кездес­кен. Осындай кедергілер Шалқар Оразымбетұлына сонау 1973 жылдары Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімін басқарып тұрғанда кездесті. Сол жылдары үлкен лауазымды адамдардың ұйымдасқан қылмыстық топтары облыс орталығында белең алып, оған тұрғындардың наразылығы үдей түседі. Өте тәжірибелі, әрі турашыл милиция бастығы Шалқар Оразымбетовтің басшылығымен ұйымдастырылған опера­тивтік шаралардың арқасында осындай қылмыстық топтың мүшелері топ-тобымен құрықталып, жазаларын алады. Қандай бір ұйымдасқан қылмыстық топтың артында қай кезде де бір мықтының тұратыны жасырын емес. Өңіріміздің бас шаһарында орын алатын қызмыстық әрекеттердің күрт төмендеуі жолында күндіз-түні тынбай жүрген білікті де, турашыл милиция басшысы Шалқар Оразымбетұлын сүріндіргісі келетін ­лауа­­зымды мықтылар да болған. Бірақ, аққа Құдай жақ деген, турашыл офицер Шәкең ағамыз сүрінген жоқ, қайта ширығып, ширай түсіпті.
1987 жылы Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімінің бастығының көмекші-оперативтік кезекшісі лауазымынан ішкі қызмет под­пол­ковнигі шенімен отставкаға шыққан Шалқар Оразымбетұлының ел тыныштығы жо­лындағы еңбегі әр кез бағаланып отырған. «КСРО ішкі істер министрлігіне еңбегі сіңген қызметкер» атағын иеленген ол, КСРО және Қазақ КСР жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлықтарымен «Қоғамдық тәртіп сақтаудағы үздік қызметі үшін», «Кеңес милициясына 50 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 20 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.Сондай-ақ КСРО ІІМ-нің 1,2,3 дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен және «ІІМ-нің үздік қызметкері», «Қазақ КСР-на 50 жыл» төсбелгілерімен де марапатталған.
Ішкі істер органдарынан зейнеткерлікке шыққан отставкадағы подполковник ағамыз өзінің ата қонысы Мәдениет ауылына көшіп келіп, елде де белсенді өмір сүрді.Зейнеткермін деп үйінде қарап жатқан жоқ. Ауылдың көркейіп, өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты. Істің көзін тапқандар қашанда жетістіктерге жетеді ғой. Шәкең ағамыз ауылда бір беті бұрын мал түнейтін шаңлақ болған төбешіктен жер алып үй салған-ды. Кезінде оның бұнысына күле қарағандар да болды. Сол шаңлақ төбешіктің орны қазір жайқалған жеміс ағаштары мен саялы ағаштар сыңси өскен саялы баққа айналған. Ол ұзақ жылдар Мәдениет ауылындағы бастауыш ардагерлер ұйымын басқарды. Бүгінгідей емес,сонау 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында ауылда соғыс және тыл,еңбек ардагерлері мен соғыс жесірлерінің қарасы молдау тұғын. Осындай топтағы сый құрметке ерекше лайықты ардагерлер мен ауылдағы әлжуаз топқа жататын жандарға қажетті қамқорлықтар жасау жолында тиісті орындарды үнемі жұмылдырып отырды. Сонымен қатар өзі ұзақ жылдар қызмет еткен облыстық полиция департаментінің ардагерлер кеңесінде өтетін игілікті іс-шаралардан да шет қалып көрген емес. Оның осындай белсенді қоғамдық жұмыстары да жоғары дәрежеде бағаланды. Ол бірнеше рет аудан, облыс әкімдері мен облыстық ардагерлер кеңесінің және полиция департаментінің Құрмет Грамотасы, Алғыс хаттармен де марапатталып, ҚР ІІМ-нің «Құрметті ардагері» атағын иеленіп, арнайы медальға да ие болды.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл кісінің еңбегі ерекше бағаланып, әскери үлгідегі киімді өмірбойы киіп жүруіне рұқсат етілген. Бұл да болса азаматтың еңбегіне берілген лайықты баға деп білген жөн.
Бүгінгі мақаламызға арқау болған Шалқар Оразымбетов секілді ағалар қашан да тұлғалық тұрпаттың биігінде жүріп, кісілік келбеттің қандай болатынын көрсетіп келеді. Өскелең ұрпақ осындай азаматтарға қарап бой түзері анық.

Болатбек НҰРЖАНОВ.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

23 ақпан 2019 ж. 584 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 725

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031