Біздің отбасы – есірткіден алыс!
«Қызылорда ОПД ЕБҚҚБ
тарапынан жарияланған сайысына»
Біздің отбасы – есірткіден алыс!Әуелгі байлық – денсаулық,
Екінші байлық – он саулық,
Үшінші байлық – ақ жаулық.
(Халық даналығы)
Отбасы– шағын Отан. «Отан – отбасынан басталады» дегендей, Отанды сүю - отбасынан басталатыны сөзсіз. Өйткені, отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне, жаман әдеттерден аулақ болуына отбасы тәрбиесінің әсері мол. Ата-ана - бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі. «Ата – асқар тау, Ана – бауырындағы бұлақ, Бала – жағасындағы құрақ» деп ата – ана мен баланы табиғаттың тамаша құбылыстарына теңеген халық мақалына қайран қаларсың.«Отбасы-шағын мемлекет» демекші, мен өзімнің айрандай ұйыған, тату-тәтті өмір сүріп жүрген қарапайым отбасымды мақтан тұтамын. Менің отбасымда сегіз адам бар. Ақ жаулықты асыл әжем, қара шаңырағымыздың ақылшысы, арқа сүйеріміз – жан әкешім, бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербеткен, түн ұйқысын төрт бөлген – аяулы анам, әрдайым жанымнан табылатын бауырларым және мен. Мен және менің бауырларым ата-анамыздың көрсеткен тура, адал жолымен жүріп, "үлкенге-құрмет, кішіге-ізет" көрсетіп, қиналған жандарға қол ұшын беруден танбайтын, адамгершілік асыл қасиеттерді бойымызға сіңіріп өсіп келеміз. Осының бәрі "ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің "деген мақалға сай келіп тұр.
Мен өзімді өмірдегі ең бақытты жан санаймын. Өйткені, менің берік те тату-тәтті отбасым бар. Осының арқасында мен жаман әдеттерге жоламай, әрдайым жақсылыққа құмар боламын. Өйткені, менің отбасым – мені әрдайым қолдап, қорғап отырады. Ал, отбасында береке-бірлігі жоқтар әрқашан өздеріне қолдау іздеп жүріп, жаман жолға түседі.Есірткі, алкоголь, шылым секілді зиянды нәрселерге әуестенеді. Қазіргі таңда есірткіні қолданатындардың әлеуметтік сипаты да өзгерді, бүгінгі күні олардың қатарын жақсы қамтамасыздандырылған отбасылардың балалары толтырып отыр. Не ішем, не кием демейтін байшыкештің балалары құмар ойындарға әуестеніп, наша шегіп, бөтелкемен дос болуда. Осының барлығы отбасында тәртіп пен қадағалаудың жоқтығынан деп білемін. Президент өзінің «Қазақстан -2030: Барлық Қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы, қауіпсіздігі және хал-ахуалының жақсаруы» атты халыққа жолдаған жолдауында: «Есірткіні жеткізгені және таратқаны үшін қатаң жазалау қажет.......деп атап көрсетті.
Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу кодекстеріне және Есірткінің заңсыз айналымы аясындағы жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылықтары жөніндегі кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы әзірленіп қабылданды.Осы орайда өздерінің бастарын қатерге тігіп, небір тіс қаққан бұзақыларды ұстау үшін күні-түні дамыл таппайтын ішкі істер саласы қызметкерлерінің еңбектері орасан зор дер едім. Мен де болашақта халыққа адал қызмет ететін полиция қызметкері болғым келеді. Елімізді сыртқы жаулардан, бұзақылардан қорғап, елімнің өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қоссам деймін.
Мадияр АМАНГЕЛДІ,
Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Ақсу ауылындағы
№ 116 орта мектептің 9-сынып оқушысы.