Қобыз туралы мәліметтер
Қорқыттың қарағайдан қайырып, үйеңкіден үйіріп алған қобызы - дүниежүзіндегі ең көне аспап. Скрипканың арғы атасы саналатын қобыз жайлы дерек көздері бар болғанымен, оның адамзатқа әлі де беймәлім тылсымы жетерлік. Киелі қара қобыз жайлы сіз білуіңіз керек Stan.kz шолуында.
Бір кезеңдерде халықтың жадынан жоғалып кеткен жәдігер қобыз тәуелсіздікпен бірге қазақ өнеріне қайта оралды. Төл шығармалары сақталмағандықтан шанақты аспаптың репертуары бай емес. Қобыз-өте сазды, өте мұңды аспап. Қобыздың пайда болуын, тарихын Қорқытпен байланыстырамыз, "күй атасы Қорқыт" деп атайтынымыз да сондықтан.
Қыл қобыздың үні дала даусындай. Қуыс шанақ қара жердей күңіреніп, қара желдей ысқырады. Боз үнген боп боздап, боз даладай құлпырады. Барлық ыспалы аспаптардың атасы болып саналатын қобызды ежелгі түркі-монғол ұлыстары "хор, хуур" деп те атаған. Осыған қарап ғалымдар арасында "хор құт", яғни, арғы мәні "қобыз құт" деген біріккен сөзден шыққан да шығар деген ой бар.
Ежелден қобыз аспабын кие дарыған адамдар ғана ойнай алған. Екінің бірі ойнап кете алмайтын сыр мен қыры мол аспапты жыраулар мен абыздар, ұзандар мен бақсылар ғана қолданған. Халқымызда қобыз аспабын музыкалық инструмент емес, көбінесе бақсы-шамандардың құралы деген пікір қалыптасқан.
Аққу кейіпті бұл аспаптың ыңыранып шыққандағы үнінің адам бойын баурап, алпыс екі тамырын идіріп әкететін тылсым күші ғалымдардың әлі күнге танданысын тудырып жатыр. Үніндегі ерекшелікті домбырадағы әнді қобызға салғанда байқауға болады. Мүлде басқаша дыбыспен, үнмен шығады. Қобызда созылыңқы дыбыс болған соң, ән өзгеріске ұшырайды.
Қобыздың бізге белгілі нарқобыз, қылқобыз, жезқобыз, сазген деген түрлері бар. Сандай-ақ осы қатарға оркестірлер мен ансамбльдерде ойналып жүрген альт, прима қобыздарын жатқызуға болады. Ішегі жылқының қылынан жасалатын бұл аспаптың екі ішектісімен бірге – үш, төрт ішектілері бар. Бұл қобыздардың барлығы бір-бірінен өзіндік ерекшеліктерімен өзгешеленеді.
Қоңыр дауысты сазды аспаптың үні табиғатқа өте жақын. Оның даусы қасқырдың ұлығанын, адамның даусын, желдің ысқырғанын, жебенің нысанаға тық етіп тигенін, аққу қанатының қағысын, судың сыңғырын бере алады. Табиғаттың қайталанбас дыбыстарын айна қатесіз бере алатын бұл аспаптың ғалымдар үшін жұмбағы көп. Тұтастай бір ағаштан ойып жасау үшін ұзындығы 70 см, ені 22 см, қалыңдығы 20 см ағаш алынады. Дыбыстың жаңғырып шығуы үшін беті жартылай терімен қапталады.
Қобыздың пішіні де ерекше мәнге ие. Оның аққудың тұлғасына ұқсап жасалуын академик Әлкей Марғұлан аққу құстың киелілігмен байланыстырады. Ғалым ежелгі қазақтардың аққуды қастерлеп, оның бейнесін өздерінің тотемі еткендігін негізге алады.
Stan.kz