» » Ғибратты ғұмыр

Ғибратты ғұмыр

Жақында өзім жақсы сыйлайтын кезінде қыз­мет­тес болған ауданымыздың абзал азаматы Берік Болтайұлы телефон шалып, «Реке өзіңіз білесіз, әкем Болтай Тасыбаев 2019 жылы 100 жасқа толады. Тоқсанның үстіне шығып өмірден өтті. Ғасырға жуық өмірінде қоғамы мен бірге жасасып, ашаршылықты да, соғысты да одан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіруде, ел басқару ісінде аянбай еңбек етті. Сол әкемнің өмір жолы жайлы естелік кітап жазғалы жүрмін. Сіз әкеммен қызметтес болған кісілердің бірісіз. Кітабыма тарту ретінде әкем туралы естелік жазып берсеңіз» деп өтінішін білдірді. Осы бір салмақты өтініштен кейін ойым сан-саққа жүгіріп, өткеніме көз жүгірттім. Әдетте естелік жазу аты аталып тұрғандай, ол өткен күннің күйбең тіршілігі емес... Тұлғаның қоғамдағы түрлі кезеңдердегі жүріп өткен жолдары мен тарихи оқиғаларды еске түсіріп баяндайтын шығырмашылық еңбек. Сондықтан да, ғасырға жуық өмір кешкен елге танымал қайраткер жайлы естелік жазу үшін көп толғануға тура келді.
Болтай Тасыбаев 1919 жылы бұрынғы Тереңөзек (қазіргі Сырдария) ауданындағы «Болтай» өзенінің жағасында дүниеге келген. 1937 жылы техникумды бітірген соң бір жылдан астам паравоз-машинист болып жұмыс істеп, 1939 жылы әскерге шақырылған. Сол жылдың қараша айында Батыс Беларуссияның Городно қаласында орналасқан II армияның байланыс батальонының морзист-радистер дайындайтын бөлімінде арнайы курстан өтіп, 1940 жылы аға сержант шенінде взвод командирінің көмекшісі. Бұл халықаралық жағдайдың шиеленіскен кезі болатын. Қызыл Армияның Балтық жағалауындағы республикаларды Кеңестер Одағына қосып алу науқаны жүріп жатқан уақыт еді. Батыс шекараларды нығайту науқаны аяқталғаннан кейін II армияның штабы Литва республикасының бұрынғы астанасы Каунас қаласына орналасады. Болтай өз мамандығын жетік меңгергендіктен 1941 жылдың наурыз айында аға фельдгерлікке тағайындалып, армия штабы мен әскери бөлімдер арасындағы құпия құжаттар мен бұйрықтарды тасымалдап отыру міндетін атқарады. Арада екі ай өткенде Болтай неміс фашисі әскерлерінің 1941 жылдың 22 маусымында Кеңестер Одағына тұтқиылдан жасаған шабылуын Шығыс Пруссияның Литва республикасының шекарасындағы Шаулай қаласының аумағында шекара бекетінде алдын ала түсірілген неміс диверсанттарына қарсы кескілескен шайқаспен қарсы алған. Бөкең неміс фашистерімен 1941 жылдың 22 маусымында алғашқы шайқасын былайша айтқан еді: «Кеңестер Одағы ерте ме, кеш пе, Германияның өздеріне соғыс ашатынын сезді де, батыс шекараны нығайтуға күш салды. Уақыт аз болды. Орталықтан армия штабына бұйрықтар мен дерективалар үсті-үстіне келіп жатты. Соларды әскери бөлімдер мен шекара бекеттеріне жеткізетін біздер болатынбыз. 22 маусым күні таңғы сағат 5-те менің басшылығыммен қарамағымда төбесіне пулемет орнатылған бронтранпатер, пулеметшісі финляндиялық соғысына қатысқан Гайзатулин деген татар жігіті, жүргізуші механик екі автоматпен қаруланған екі жауынгер, барлығымыз бес адам армия штабынан келген құпия пакетті Шаулей қаласы маңындағы шекара бекетіне жеткізуге бұйрық алып, жүріп кеттік. Ешқандай күдік алдырмай тас жолдан түсіп үш шақырым жердегі бекет заставасының бастығына тапсыруымыз керек. Бұрында келіп-кетіп жүрген болатынбыз. Әдеттегідей бекет қақпасына жетпей келіп тоқтадық. Күзетші жоқ. Бекеттің қақпасы ашық, бұл тосын жағдай бір сұмдықтың болғанын сездірді. Дереу екі жауынгерге тапсырма беріп, пулеметті ату дайындығына қойдырдым. Өзімде бронтранспартерден түсіп КПП-ға жақындадым. Екі жауынгер ентігіп жүгіріп келеді. Олардың айтуынша, бекет ішінде үш жауынгер бауыздалған, мүліктер қиратылған, байланыс үзілген, КПП-дан сәл қашықтықта екі жауынгер өліп жатыр. Жағдай түсінікті болды, дереу бронтранспартерді кейін бұрып, жоғары жылдамдықпен тас жолға шықтық. Тас жолда лек-легімен неміс солдаттары шығысқа қарай қарыштап тартып барады. Пулеметші татар жауынгерге атуға дайындал дедім де, екі автоматшы екі бүйірден оқ жаудыруға бұйрық күтіңдер дедім. Немістердің коллоналары топ-тобымен кетіп барады. Олар Кеңестің бронтраспартері осы жерден шыға келеді деп ойламаған болу керек, мән бермеді. Жүйткіп кетіп бара жатқан біздерге жол берді. Кенеттен бізді біліп қалған немістер оқты бората бастады, бізде пулеметтен оқ жаудырып жүйткіп келеміз. Аман-есен тосқауылдан шығып кеттік. Шауляйға жеттік. Қала немістердің қолында, амалсыздан орманға түсіп соқпақ жолмен шығысты бетке алдық. Төбемізде немістердің бомбалаушы ұшақтары. Бауырларына қара свастика. Енді көлікпен жүру қиындады. Соғыс заңы бойынша бронтранспартерді минамен жарып пулеметімізді арқалап шығысқа қарай жүре бердік. Орман арасында біз сияқты шегінген Кеңес жауынгерлеріне қосылып бойымыздағы қорқыныш сейілгендей болды. Бұл соғыстың алғашқы күндеріндегі естен кетпес оқиға болатын», – деді.
Мен 1962-1965 жылдары Литвада стратегиялық мақсаттағы ракета әскері қатарында азаматтық борышымды атқардым. Ол жерлер маған таныс болатын. Әскердегі оқу жаттығу жұмыстарымен өзіме бекітілген МАЗ-502 арнаулы көлікпен ядролық қондырғылар орнатылған тік тұмсықтарды тасымалдаған жерлерім еді. Бөкең тарихшы, болғандықтан ол кісімен саясат, Ұлы Отан соғысы жайлы тарихи әңгімелеріміз жарасып кететін. Бөкеңмен өзі соғыста болған жерлері туралы сол жақтың қалалары мен елді мекендерін еске түсіріп әңгімелесу бір ғанибет еді. Литваның Шауляй қаласында соғыстың алғашқы күндері жаумен бетпе-бет шайқасқан Бөкең одан әрі соғыс жолын жалғастыра берген. 1941 жылдың тамыз айында Новгорд-Старая русь тас жолында неміс фашистерінің жеңіл машиналарымен біздің жерге кіріп шыға алмай жүрген жеті офицерін ұстауға тікелей қатысқаны үшін бірінші рет «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. 1942 жылдың наурыз айында Старая русь маңында тұрған II армияның штабынан Холм қаласындағы әскери бөлімге құпия хатты апаруда немістердің қолына түсе жаздап аман-есен апарып тапсырғаны және машинаның екі жағындағы тепкішінде жармасқан немістің екі солдатының көзін жойғаны үшін «Ерлігі үшін» медалін алған. 1943 жылдың қараша айында Украинаның астанасы Киевті азат ету шайқасына қатысқаны үшін екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. 1944 жылдың сәуір айының соңында Польшадағы Висла өзені тұсынан батыс жағалауына өтіп, қорғаныс ұйымдастырғаны үшін екінші рет «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. 1945 жылдың сәуір айында Германияның Берслау қаласының шығыс жағынан Одер өзеніне өтіп сол қаланы қоршап ондағы неміс әскерін тұтқындау, берілмесе жойып жіберу шайқасына қатысып ерлік көрсеткені үшін Отан соғысының бірінші дәрежелі орденіне ие болған. Жау жүрек майдангер Прага қаласын азат етуге қатысып, жеңісті сонда тойлаған. Бөкең Украина майданының құрама полкінің қатарында 1945 жылы 24 маусымда өткен жеңіс шеруіне қатысқан. Шеруге дайындық кезінде бірінші Украин майданының қолбасшысы И.С.Коневпен кездесіп қалғанда маршал: «Ұлтың кім?», – дейді. Бөкең: – «Қазақпын» деп жауап береді. Сонда Конев: «Қазақ жауынгер халық», – дейді. Бұл сөз бүкіл майдандағы қазақ жауынгерлеріне рух береді. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін бейбіт өмірдің қиын да жауапты кезеңін бастаған Бөкең соғыс салған қасіреттің ізін жойып халық шаруашылығын қалпына келтіруге құлшына кіріседі. 1945-1946 жылдары облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, партиялық ақпарат секторының меңгерушісі, партия Кеңес және Комсомол орындары бөлімінің меңгерушісінің орынбасары болып қызмет атқарған. 1949-1952 жылдары Арал аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1952-1954 жылдары Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің жанындағы екі жылдық партия мектебінің тыңдаушысы. Оны бітіргеннен кейін Сырдария аудандық партия комитетінің Сырдария МТС-да аймақтық хатшылық қызметін атқарған. Кейіннен КПСС Орталық Партия Комитетінің жанындағы жоғары партия мектебін бітірген. 1954 жылдан 1962 жылдың желтоқсанына дейін Жалағаш аудандық партия комитетінің екінші, кейіннен бірінші хатшы қызметін атқарды. Өмір көріп, қызметте де баспалдақтардан өтіп, тәжірибе жинақтаған Болтай Тасыбаев Жалағаш ауданының басшылығына келіп, ауданды дамытуға қажыр қайратымен іске кіріскен еді.
Бұл кездер алып Кеңестер Одағының халық шаруашылығының барлық саласында ұлы өзгерістер болып жатқан уақыты еді. Тың және тыңайған жерлерді игеру. Майда рентабельділігі төмен колхоздарды ірілендіру, МТС-ді таратып, шаруашылықтарға дербестік беру жұмыстары пәрменді түрде жүзеге асырылып жатты. Алып империяның сол кездегі басшысы Н.С.Хрущевтің волентеристік саясат ұстамы қалыптасқан жүйені бұзып, халық шаруашылығын басқарудың принциптерін өзгертіп, өлкелік басқару жүйесінің халық шаруашылығына еніп жатқан кезі болатын. Бөкең сол кездегі аудан басшылары Б.Сопбеков, Н.Мырзалиев сияқты азаматтармен тіл табысып ортақ мүде үшін аудан халқының сенімінен шығып, уақытпен санаспай аянбай еңбек етті. Сол жылдар Жалағаш ауданы экономикасы мен мәдениетінің өсу-өркендеу жылдары болды.
Жалағаш кентінің аумағы ұлғайтылып, мәдени тұрмыстық нысандар мен мектептер салынып, жаңа жобадағы кент орталығы бой көтере бастады. Кент орталығындағы көшелер тәртіпке келтіріліп аяқсу беріліп, жаппай тал егу жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі жаңарған Жалағаштың негізі қаланды. Бұл салада Бөкең замандастары Төлеген Қыстаубаев, Мәдібай Байтөреев, Мөрәлі Шәменов секілді басқа да ел ағаларымен тізе қосып еңбек етті. Аудан колхоздарында бүкілхалықтық асармен құрылыс салу бастамасы көтеріліп, шаруашылықтарда өз күштерімен тұрғын үй, өндірістік нысандар салу етек алды. Осындай инициетивалы бастамалардың басында Болтай Тасыбаев жүрген еді. Елдің, халықтың тіршілігі партия ұйымдарының көз алдында болатын. Кадрге монополия болған компартия, істің тетігін шешетін кадрлар деген саясатты берік ұстады және осы принципте жұмыс жасады. Осы тұрғыда Бөкеңнің мына әңгімесін еске алуды жөн көрдім.
«1956 жылдың тамыз айында ауданда алдыңғы қатардағы Калинин атындағы колхоздың төрағасы, көрнекті ұйымдастырушы Пак Дон Сек Сырдария өзеніндегі паром үстінде суға кетіп, қайғылы қазаға ұшырайды. Колхоздың экономикалық-өндірістік көрсеткіші облыста жоғары деңгейде болатын. Біраз уақыт колхоз басқармасы төрағасыз жұмыс істеуге тура келді. Осындай күндердің бірінде мені Бөкеңді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Б.Сопбеков шақырып алып: «Болтай сен Калинин колхозына бар. Шаруашылықтың белсенділерімен сөйлесіп колхоздың басқарма төрағасына кімдерді сайлауға ойлары бар екендігін біл» деп тапсырма берді. Мен ертеңіне колхозға барып, белсенділерді жинап төраға сайлау жөніндегі ойларын білдім.
Аудандық партия комитетінің номенклатурасында Калинин колхозының төрағасына үміткер, колхоз төрағасының орынбасары Шегай Ен-фир, бас агроном Ким Александр тұратын. Мәселе қызу талқыланды. Тоқтам сөзді Қиыр шығыста ғылыми қызметте болған сол жақта бірнеше көкөніс тұқымының селекционері болған, ауылдың беделді ақсақалы, әлі де колхозда көкөніс-бақша бригадирі болып жұмыс істеп жүріп, картоптың «Жалағаш» сортын шығарып өндіріске енгізген Лян Сун-ир айытты. Ол кісі сөзді Калинин колхозының құрылу тарихынан бастады. «Біз бес колхоздан тұрамыз. Халық саны да, жұмыс күші жетерлік. Жаңағы сіз аттарын атаған азаматтар іскер де, қабілетті жігіттер. Біздің колхоз басқармасының төрағасына осы Жалағаш ауданы 1939 жылы өз алдына шаңырақ құрғанда ауданды ұйымдастырудың оргбюросына енген, аудандық жер бөлімінің бастығы болған кейіннен Қаракеткен, Жалағаш МТС-нің директоры, қазір облыс аралық «Ленин Кичи» газетінің меншікті тілшісі болып жүрген Ким Яков Яковлевичті колхоз басқармасының төрағалық қызметіне шақыртамыз, – деді. Сөз осымен бітті. Мен осы ұсынысты Б.Сопбековке жеткіздім. Б.Сопбеков «Ленин Кичи» газетінің рекдакторы мен сөйлесіп, Ким Яковты, Калинин колхозының төрағалығына халық сұрап жатқанын айтып, келісім беруін сұрады. Редактор Б.Сопбековке «Бәке, өзіңіз Яковты шақыртып сөйлесіп, ойын біліңіз. Қазір отызмыңдықтардың қозғалысы жүріп жатыр ғой өз ауданына баруға қарсылық жасамайтын шығар», – депті. Қарбалас жұмыс күнінің бірінде мені Б.Сопбеков өзіне шақырды. Кабинетінде орта бойлы, ақ шашты, шымыр денелі жігіт ағасы Байболмен емін-еркін қазақша сөйлесіп отыр екен. Байбол Сопбеков: «Болтай, осы Калинин колхозының басқарма төрағасына құда түсіп жүрген Ким Яков Яковлевич ағаң осы, – деп әзіл-шынды араластырып таныстырды. Яков Яковлевич ізетпен орнынан тұрып өзінің аты-жөнін айтып қолымды қайтадан алды. Мен осылай алғаш рет ел ағасымен танысқан едім. Ким Яков Яковлевич Калинин атындағы шаруашылықты 17 жыл басқарып 1969 жылы бесжылдықтың қорытындысымен «Ленин» орденімен марапатталды. Калинин кеншарының директоры қызметін атқарып 1973 жылы Республикалық дәрежедегі зейнетке шықты. Үкімет Шымкент қаласынан оған үй берді, соңғы өмірін сол жақта өткізді», – деп Бөкең әңгімесін аяқтаған еді.
Бөкең 1963-1975 жылдары Жалағаш қыстағындағы №3 кәсіптік-техникалық учили­щенің директоры болып қызмет атқарды. Тарап кеткен МТС-тің ескі орнында бой көтерген типтік жобада салынбаған оқу орнының материалдық-техникалық базасын жақсартуда Бөкең аянбай тер төкті. Халықтың құрылыс асарымен бірнеше оқу ғимараттарын, шеберханаларды, клуб, асхана т.б. нысандарды салуға басшылық жасады. Оқу шаруашылығында күріш, бақша егу, өнім өндіру жұмыстарын жолға қойды. Аудан шаруашылықтарына, тың өлкесіне механизатор мамандарын дайындап жіберіп отырды. Кезінде Болтай Тасыбаев басқарған аудандағы оқу орнында білім алған ұстаздардың, қызметте болған азаматтар аудан шаруашылықтарының түрлі саласында жемісті еңбек етіп өздерін көрсете білді. Бұл да болса өмірін адам тәрбиесіне арнаған ұстаз Болтай Тасыбаевтың өмірінің бір қыры болатын. 1975-1989 жылдары өзі басқарған оқу орнында ұстаз болып еңбек етті. 1975 жылы Републикалық маңызы бар зейнетке шығып, оқу орнында ақылшы ардагері болып қоғамдық негізде жастар тәрбиесімен айналысып өзінің іс-тәжірибесін жастарға үйретумен болды. Осы жолдардың авторы 1986-1998 жылдары осы оқу орнының директоры болып, Бөкеңнің ісін жалғастырған азамат болатын. Сондықтанда менің ісім мен сөзім Бөкеңмен жарасып еңбек еткен жылдарым өмірімнің елеулі жылдары деп айта аламын. 1946 жылы көңілдері жарасқан Мінәш апаймен отау құрған Бөкең төрт бала өсіріп, тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып еңбектерінің жемістерін көріп, бақытты өмір сүрді. Балаларының барлығы да өз алдына шаңырақ құрып, үйлі-баранды болған азаматтар. Өмірін ұстаздық жолға арнаған Мінәш апайдың еңбегі бағаланып «Құрмет белгісі», «Ленин» ордендерімен марапатталды. Бұл күндері Бөкеңнің шаңырағын ұстап отырған кенже ұлы Берік туған жерінің топырағын түлетуде, ел және ұжым басқаруда тер төгіп еңбек етіп жүрген ауданның абзал азаматы. Бөкеңнің немере-шөберелері де өмірден өз орындарын тапқан. Осындай бірлігі мен берекесі жарасқан отбасын көріп ұрпағымен мың жасаған осы екен-ау деймін.

Рысбай Кәрімов,
Ауданның құрметті азаматы.
12 наурыз 2019 ж. 733 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 725

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031