АТАНҒАН СЕЙІТНӘБИІ СЫР ЕЛІНІҢ
Артта қалған біраз жылдардағы оқиғалар, түрлі адамдар мен кездесулерім ойға оралғанда маңдайы жарқыраған, кең иықты ағамыздың бейнесі еске түсті. Ол Сырда туып, Сырда өскен балаң жігіт, келе-келе Сыр елінің Сейітнәбиі атанған Мұқашев еді.
1955-1956 жылдардың бірінде түрі келісті, сөзі де жүйелі жігітті «Жаңаталап» жетіжылдық мектебінің бесінші-алтыншы класында оқып жүргенімде көрген екенмін. Міне, содан бері алпыс жылдан асыпты-ау.
С.Мұқашев 1930 жылдың 4 қаңтарында Жалағаш ауданындағы Ақсай елді мекенінде қазіргі Бұқарбай батыр ауылында дүниеге келген. Әкесі мен шешесі Нағима колхозшы болыпты. Олар тағдыр тауқыметімен бірде Тереңөзек енді бірде Жалағаш өңірінде тұрыпты. Ата-анасы баланың жоғары білім алуына ықыласты болады. Ол 1948 жылы орта мектепті бітірген соң Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың тарих факультетіне түсіп, оны 1952 жылы бітірісімен арнайы жолдамамен қазіргі Атырау облысындағы Бақсай ауданындағы Жаманқала орта мектебінде мұғалім болады.
1953 жылдан Ленин атындағы орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, кейіннен Жалағаш аудандық комсомол комитетінің хатшысы қызметін, «Күрішшілер» газеті редакторының орынбасары, аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарған. Осы тұста жас кадрларды өсіру сияқты жұмыстарға белсене араласады.
1963 жылы Жалағаш ауданы Қармақшы өндіріс басқармасына қосылған тұста Қармақшы аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1964-1967 жылдары Жамбыл атындағы колхоз төрағасына сайланады. Артта қалған шаруашылықтың экономикасын арттыру жолында еңбек етті. Оның ұйымдастыру қабілеті ескерілсе керек, 1967 жылы Жалағаш аудандық атқару комитетінің төрағасына сайланады. Жалпы 1967-1982 жылдары аралығында Жалағаш, Тереңөзек аудандық атқару комитетін басқарды. Осы бір жылдары жұртшылықтың есінде қалған ерекше іс ол орталық алаңнан 1941-1945 жылғы соғыстан оралмаған боздақтардың есімін жаздырып,ескерткіш орнатуы еді. Жүректері жаралы отбасылар мұны жасатқан азаматтарға талай рет алғыстарын білдірген-ді.
Облыс басшылығы оны 1982 жылдың ортасында Аққұм совхозына директорлыққа тағайындады. Бұл жылдары өзінің қолынан келген қызметтерін атқарған. Әрине, үнемі басшылықта, халықтың көз алдында жүрген адамның қателескен кездері де болады. Алайда, С.Мұқашевтың 20 жылға жуық басшылық кезінде Жалағаш, Тереңөзек аудандарының экономикасы мен мәдениеті, өнер-білімінің дамуына басшылық жасап тер төкті. Республикаға кеңінен танылған жалағаштық «Алтын-арай» ансамблінің жұмыс істеуінде Секеңнің қолтаңбасы бар.
Әңгімеге арқау болған Сейітнәби Мұқашев 1966-1982 жылдарда бірнеше рет облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңес депутаты болды. Секеңнің көп жылғы жемісті еңбегі бағаланып, ол үкіметтің 2 рет «Еңбек Қызыл ту» және «Халықтар достығы» орденімен, «Еңбектегі ерекше еңбегі үшін» және соғыс жылдарындағы тылдағы еңбегі де ескеріліп, медальмен де марапатталған. Сондай-ақ, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің «Құрмет» грамотасының иегері болды.
Жалпы ол жұртшылық сеніп тапсырған аманаттарды орындап, әрдайым халық сенімінен шыға білді. Ел-халық бұл кісіні тек лауазымды қызметі ғана емес, биік адамгершілігі, бауырмалдығы, жүрек жылуы мен мейірім-шуағы үшін де ерекше қадірлеген.
Тереңөзектік қария Әлімбай Нұртазин өзінің бір әңгімесінде: «С.Мұқашевтің қабылдауында болып шыққанның өзі бір мектеп» деген-ді.
Секең білікті басшы ғана емес, қаламы жүйрік қаламгер де еді. Ол кісінің тарихи, ауыз-әдеби мұраларын жинаумен оны жарыққа шығарудағы еңбегі зор. Оның Әз Тәукенің бас пірі болған Мүсірәлі сопы Әзиздің, Сәрке, Бұқарбай батырлар мен Шынар ана және Өмірқұл аталығының шежіресін тарқатуының өзі үлкен бір дүние, тарих болатын. Ол республикамызға белгілі журналистер Байжігіт Әбдіразақов, Ахат Жанаев, көрнекті ақындар Әбділдә Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетовтермен нағыз достық қарым-қатынаста болды десем, артық айтқандығым болмас.
Ал, 1960-1965 жылдары Жалағаш ауданын басқарған, Байбол Сопбеков жайындағы естеліктерінің өзі бір ерекше тағлымы мол дүние. Әсіресе, Кенесары ханның қолбасшыларының бірі болған, азаттық жолында күресіп өткен Бұқарбай батыр бабасының бейітін іздеп тауып, басына белгі қоюшылардың басы болуымен қатар батырдың 180 жылдық мерейтойының өтуіне белсене араласқан-ды. Алайда, Алланың әмірімен өмірден өтіп, өзі армандап, бастаған игілікті істің жемісін көре алмай кетуі ғана өкінішті-ақ.
Атам қазақ «Жақсының жүрген жері Мысыр шаһары» дейді ғой. Қызметі қаншама жауапты болса да асып-саспайтын, кездескен қиыншылықтардан қорықпай, одан шығу жолдарын қарастыратын, қарамағындағыларға дауыс көтермейтін кісі еді. Ал отбасында, дастархан басында жұмсақ әзілімен жанындағылардың көңілін жадыратып отыратын. Әлі күнге дейін «Секең айтты» деген қуақы қалжыңы, ойнақы сөздері ел аузында жүр.
Секең қоғам қайраткері ғана емес, адал жар, мейірімді, қамқор әке де бола білді. Зайыбы Бәтай Жүндібаева жоғары білімді маман. Отыз жылдан астам ұстаздық қызмет атқарып, алдынан талай танымал шәкірттерді өсірді. Ерлі-зайыпты екеуі 6 бала, 8 немере сүйген бақытты жандар. Балаларының үлкені Динадан бастап, Нұрлан, Нұржан, Гүлнәр, Жанарлар өз қатарларының алды болған азаматтар.
1980-1982 жылдары Тереңөзек ауданында қызмет атқарған тұста күріш орағы кезінде совхоздарға өкіл жіберерде мені өзі баратын шаруашылыққа жаздыратын.
Ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовпен сапарлас болғанда шаруашылық мәселелерімен қатар ел мен жер тарихына, облыс көлеміндегі асар-қорғандар, ел қорғаған батырлар, парасатты Шынар ана туралы тебірене сыр шеткен. Сол бір әңгіме үстінде Сәкең сырын терең сезінген ақын Асекең «Өтеді күндер» (1981 ж.) кітабында: «...Сейітнәби Мұқашев Жалағаш аудандық атқару комитетінің төрағасы – бойшаң келген сымбатты жігіт. Өзінің сырбаздығы аз сөйлейтіндігі, сыпайылығы, тәртіптілігі маған қатты ұнайды. Сондықтан да, мен оның мінезіне қарап, құрметтеп сыйлайтын едім. Оның үстіне әңгімесі де көп әсер етті. Ол әңгіме айтқанда асырып та айтпайды, жасырып та қалмайды. Бір сырлы, сегіз қырлы, оқыған әрі тоқыған жігіт» (103-104 бет).
Асекеңнің бұл әңгімесіне менің қосарым егер Секең ХІХ ғасырда өмірге келген болса, нағыз сал-сері болар еді деп ойлаймын.
«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп Абай хәкім айтқандай, Секеңнің өмірден өткеніне ширек ғасыр толса да ағамыз өзімізбен бірге жасасып келе жатқандай. Биылғы жылы қоғам қайраткері Сейітнәби Мұқашевтың туғанына 90 жыл толмақ. Осы орайда жалағаштық азаматтар белгілі кезеңнің белгілі тұлғасын, Сыр елінің Сейітнәбиін еске алып, оған лайықты құрмет көрсетеді деген сенімдемін.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, жазушы,
ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет орденінің иегері»,
Алматы қаласы.