» » ОҒЛАНЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТКЕН АУЫЛ

ОҒЛАНЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТКЕН АУЫЛ

Бейбіт өмірде шетелде екі-ақ мақсатпен көк туы­­мыз көтеріліп, әнұранымыз шырқалады. Оның бірі Мемлекет басшысының сапарына қатысты екені белгілі. Ел намысын қорғайтын спортшылар топ жарып, жеңімпаз атанғанда да осындай құрмет көрсетіледі.
Өткен сенбіде Аламесек ауылдық округінде жүзден жүйрік шығып, мыңнан тұлпар болған жас спортшылар құрметтелді. Олардың қатарында ауыр атлетикадан АҚШ-та өткен әлем біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей, зілтемірді бұйым көрмеген Есенкелді Сәпи мен республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпазы Сымбат Мұханбетқали сынды болашағынан зор үміт күттіретін жастар бар. Бұлармен бірге Ақерке Оразбек секілді спортшы да болуы керек еді. Бұл қызымыз Қостанай қаласында жарыста болғандықтан аталған шараға қатыса алмады. Дегенмен, үшеуінің аты қатар аталып, ауыл тұрғындары барлығына бірдей құрмет көрсетті.
Мектептен бастау алған шара ауылдық мәдениет үйінде жалғасты. Жұртшылық экран арқылы Есенкелдінің АҚШ-та қалай зілтемір көтергенін тамашалады. Мұхиттың арғы жағында жерлесіңнің аты аталып, көк байрағымыз биіктен желбіреп жатқанда еріксіз көзге жас келеді екен. Залдағылардың барлығы орындарынан тұрып қол соғып, “Жарайсың, Есенкелді!”, “Осы бетіңнен қайтпа” деп қошемет білдірді. Біруақ назарымды айналаға салсам мәдениет үйіндегі концерт залында ине шаншар орын жоқ екен. Тіпті, орта мен екі қапталда да тікеден тұрған адамдар. Барлығының көзіне қуаныштан жас келген. Мұндайда көзден су сығып алатын мен ғанамын ба десем, айналамдағы жұрт та менің күйімді кешіп тұр екен. Олай болмағанда ше, кеше ғана көз алдарында жүрген бала бүкіл әлемді мойындатқан оғланға айналды. Ал, оның ауылдастары жерлестерінің жеңісіне сүйсініп, қажыр-қайратына тәнті болды.
Бұл кездесуге Есенкелді Сәпиден бөлек таеквондошы қыз Сымбат Мұхамбетқалидың да келгенін айтқан болатынбыз. Осы уақытқа дейін республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпазы болып үлгерген ол Иорданияда өтетін Азия біріншілігіне жолдама алған. Жарыста жүріп, аталған шараға қатыса алмаған Ақерке Оразбектей балуан күзде Қытайда өтетін жарысқа қатысады екен. Шағын ғана ауылдан бұлардан басқа да түрлі деңгейдегі жарыстарда жеңімпаз атанып жүрген жастар бар екенін айта кеткен жөн.
Бір өкініштісі, бір кездері аудан орталығы болған Аламесекте спорт мектебі жоқ екен. Республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы, тіпті, әлем чемпионы шыққан елді мекенде спорт мектебі жоқ деген сөз атымызға сын. Мұны аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен осы ауылдан шыққан қалталы азаматтар назарда ұстаса екен. Тұрғындардың айтуынша, мұндағы өрендер спортпен шұғылдану үшін Қызылорда қаласына немесе өзге ауылдар қызыға қарайтын Мәдениетке баратын көрінеді.
Аталған шарада ауыл әкімі Нұрлан Опабеков жылы лебіз білдірсе, жастар ресурстық орталығының басшысы Ерхан Бақбергенұлы Есенкелдіге аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдеш Әйтімов пен “Қорқыт ата” атындағы ҚМУ проректоры Абайбек Жүнісов құттықтау сөз сөйлеп, “бұдан да биік белестерді бағындырыңдар” деген тілектерін жеткізді. Ауылда титтей де қуаныш болса соның басынан табылатын Хамит Түктібаев ыстық ықылас білдіріп, спортшыларға қаржылай сый-сияпат жасады.
Спортшыларын төрге шығарып құрмет­теген шарада ауыл тұрғындарының ын­тымағы мен бірлігі көрінді. Ақсақалдар бұл елді мекенге Есет батырдың атын бергелі жастар байрақты бәсекелерде топ жарып жатқанын айтты. Ауыл өнерпаздары шараны әнмен әрлеп, бимен көркемдеді. Ақын Мұхтар Ниязов бастап келген ­Мамыр Байдәулетов, Бекарыс Нұриманов, Ержеңіс Әбдиевтей сөз шеберлері жыр додасына түсті. “Құлмамбет” айтысының тамаша үлгісін көрсеткен олар жиылған жұртқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Тұрғындар “елімізден мықтылар көптеп шықса екен” деген тілекпен тарқасты. Біз болсақ іштей “әумин” деп қайтуға бет алдық.

Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.

02 сәуір 2019 ж. 900 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 726

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031