425 мың теңгені алудың өз талаптары бар: Денсаулық сақтау министрлігі бұл қаражаттың барлық жүкті әйелге берілмейтінін айтты
Жүкті әйелдерге беріледі деген 425 мың теңгені алудың өз талаптары бар. Денсаулық сақтау министрлігіндегілер бұл қаражат барлық жүкті әйелдің қолына ұстатылмайтынын мәлімдеді.
Соңғы кездері көптің көңілін елеңдеткен жаңа бастама қашан жүзеге асырылады? Қомақты қаражат алуға асыққан болашақ аналар нені білуі тиіс? Евразия арнасы
Мамандардың дерегінше, елімізде жүкті болатын әйелдердің 30 пайызының ғана денсаулығында кінәрат жоқ. Ал қалғандары түрлі патологиямен ауруханаға жатып, ем-дом қабылдауға мәжбүр екен. Өйткені, көбісінде ауыр экстрагениталды және де өзге инфекциялар анықталған екен.
"Өкінішке қарай, қыз-келіншектердің 80-70 пайызына жуығы жүктілікті жоспарламайды. Салдарынан түрлі дертке шалдығады, одан бөлек іштегі сәби жетілмей қалып, түсік жасатуға тура келеді. Сондықтан да жүктілікті алдын ала жоспарлаған жөн. Аяғы ауыр әйелдерден өзге де ауыр сырқаттар кездесіп жатады", - дейді гинеколог Жұлдыз Тайтелиева.
Гинекологтар жүкті әйелдердің шамамен 50 пайызға жуығы дер кезінде тіркеуге тұрмайтынын айтады. Одан бөлек, кейде ай-күні жақындағанда келетін арулар жетерлік. Ал мұндай немқұрайлық болашақ сәбиді түрлі дерттен алдын алу мүмкіндігін шектейді дейді. Сондықтан да министрлік әйелдерді әкімшілік жауапқа тарту мәселесін де қарастыруда.
«Бұл ұсыныстың негізгі мақсаты - ана мен баланың денсаулығын жақсарту. Бүгінде уақытылы тіркеуге тұрмайтын жүкті келіншектер көп. Атап айтсақ, оларды дер кезінде есепке тұруға ынталандырғымыз келеді. Сондай-ақ, дәрігерге қаралмайтын, екпеден бас тартатындар үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсындық», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов
Мәдина Нұрлан жүктліктің 8-9 аптасында емханаға барып тіркеуге тұрған. Оның айтуынша, кез-келген болашақ ана жүктілікке аса мұқият болғаны абзал. Сондықтан да министр ұсынған бір реттік төлемді ойланғаннан гөрі, әйелдер өз денсаулықтарына алаңдаған жөн деп есептейді.
«Жалпы бұл сұрақ көптеген қыз-келіншектерді ойландыруда. Себебі бұл қаражатқа кім қол жеткізеді деген сұрақ туындайды. 425 мың теңгені менің ойымша, өзінің өміріне, ішіндегі баласына үлкен жауапкершілікпен қарайтын анаға беру керек деп ойлаймын», - деді тұрғын Мәдина Нұрлан.
Осылайша, министрлік жүкті қыз-келіншектердің денсаулығына қатысты жауапкершілігін артпақ. Яғни, бір реттік жәрдемақы енгізбек. Шарт бойынша аяғы ауыр әйел жүктілігінің 3 айына дейін жергілікті емханаға тіркелуі тиіс. Одан қалса, уақытылы дәрігерге қаралып, анализдерін өткізуі қажет. Сонда ғана бір реттік көмектен үмітті бола алады.
Осылайша жүкті келіншектерді ынталандыру үшін 425 мың теңгеден төлеу керек деген құжат парламентке маусым айында ғана жетпек. Әзірге бұл ұсыныс тек қоғам талқысына салынады. Бір реттік көмектің қалай төленетіні де белгісіз. Сондықтан да болашақ аналарға қомақты қаржыдан дәмету әзірге ертерек. Шешім депутаттардың қолында.