Кәсіптік училищеден колледжге дейін
Үстіміздегі жылдың 20-шы желтоқсанында Жалағаш индустриалды-аграрлық колледж құрылғанына 60 жыл толады. Елуінші жылдардың соңында тың және тыңайған жерлерді игеріп, ауылшаруашылығын дамыту мақсатында үкіметтің арнайы шешімімен құрылған оқу орны бұл күнге дейін ондаған мыңға жуық ауылшаруашылық мамандарын дайындады.
Алғаш тараған машина-трактор жөндеу станциясының ескі ауласындағы босаған екі қабатты үш үйге орналасып, ескі газ автомашинасымен екі «ДТ-54» тракторының негізінде құрылған ауылшаруашылығын механикаландыру училищесі түрлі кезеңдер мен өзгерулерден өтіп, бұл күндері еліміздің өсу өркендеу дәуірімен сабақтаса отырып, жастарға орта біліммен қоса ферма шаруашылығы, тамақтандыруды ұйымдастыру, электр станциялары мен желілерінің электр жабдықтары, дәнекерлеу ісі, үйлер мен ғимараттарды салу және пайдалану мамандықтарын бүгінгі өмір талабымен нарықтың сұранысына сай мамандар дайындауда. Алғашқы жылдары училище қысқа мерзімде тракторист-машинист мамандықтары бойынша механизаторлар дайындады. Оған Украина, Молдавия, Татарстан, Башқұрстан т.б Ресей облыстарынан келген, әскер қатарынан босаған жауынгерлерді оқытып, тың жерлерді игеріп жатқан облыстарға жіберіп отырды. Сонымен бірге, болашақтарына сеніммен қараған, алдарында айқын міндеттері бар ауданымыздың жас жігіттері мен қыздары да оқыды. Олар ел сенімін ақтай білді. Кейіннен құрыш қолды майталман механизаторлар атанды. Егінші, малшы болды. Өздерінің ерен еңбектерімен ел байлығын арттырды. Халқына қалаулы азаматтар бола білді. Олардың көпшілігі бұл күндері үлгілі отбасының басшысы, зейнетке шығып еңбектерінің нәтижесін көруде.
Осыдан 24 жыл бұрын №15 Жалағаш кәсіптік-техникалық училищенің директоры болып жүргенімде «Механизаторлар ордасына-35 жыл» деген «Жалағаш жаршысы» газетіне мақала жазыппын. Содан бері ширек ғасыр өткен уақытта тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде, жаңа дәуір талабына сай ұлы өзгерістер болды. Бұрынғы мемлекеттік, қоғамдық меншіктің түрі мен мағынасы өзгеріп, жоспарлы экономика нарықтық бәсекеге қабілетті өнім өндірудің түрлі деңгейдегі жеке меншік нысандарға берілді. Мемлекетпен жеке әріптестік орнату аясында халықшаруашылығын дамытудың, өркендетудің халықтың әл-ауқатын тұрмыс жағдайын жаңа заман талабына сай жүргізудің тетіктерімен түрлері бүгінгі ғылыми техникалық индустриалды инновациялық үрдістерменен жетіліп, жүргізілуде. Мұның барлығы елімізде ғылымды, мәдениетті, әдебиетті, спортты, үш тілділікті дамыту, латын әрпіне көшу т.б салалардағы өзгерістермен реформалардың кезең-кезеңіменен жүзеге асырылудың нәтижесі деуге болады. Мақсатымыз елімізді дүние жүзіндегі өркениетті дамыған отыз елдің қатарына қосудағы жұмыстарымыз деп айта аламыз. Дегенмен, сол бір өтпелі кезеңде уақыт талабына сай қиындықтар мен тапшылықтарды бастан кешірдік. Тоқсаныншы жылдардың басында әр республика өз алдына тәуелсіз мемлекет болып кеткендіктен, одақтың экономикалық байланыстары үзіліп, завод-фабрикалар, өндіріс орындары тоқтап, дағдарысқа ұшырады. Өндірістің қан тамыры жанар-жағармайлармен тұтыну күн көріс заттарының тапшылығы колхоз, кеңшарлардың тұралауы, жұмыссыздық, жаппай мемлекеттік меншіктегі өндіріс орындарымен ғимараттарды, малды, техникаларды жылжымайтын мүліктерді жекешелендіру «привитизация» науқаны қызу жүргізіліп жатты. Осы жылдары оңтайландыру, қысқарту жұмыстары пәрменді жүргізіле бастады. Осындай науқанның алғашқыларының бірі болып, елдің асыраушысы ауылшаруашылығына орта біліммен қоса кәсіптік-техникалық мамандық беріп отырған. Сонау Ресейде Еуропаға тереземді ашамын деп кәсіптік-техникалық білімнің, мамандықтың негізін қалаған бірінші Петрден бастап, ғасырлар бойы жетіліп келе жатқан. Кеңестер заманында алып индустрияны дамытып, бес жылдықтың көрігін қыздырған кезінде ФЗУ, ЖУ, РУ, УМСХ, ГПТУ, СПТУ, кәсіптік мектеп деп аталған. Еліміздің халық шаруашылығына миллиондаған кәсіби техникалық мамандарды дайындайтын сала алғашқылардың бірі болып қысқарып, жабылып жатты. Сол жылдары біздің облыстағы он жеті кәсіптік-техникалық училищеден Арал ауданындағы №2, Қазалыдағы 1, Қызылорда қаласында 2 училище Сырдариядағы №12, Жалағаштағы №15 училищелер қысқарып, жабылуға жатты. Жоғарының шешімімен Жалағаштағы училищенің оқушылары Тереңөзектегі және Қармақшыдағы оқу орындарының жатақханаларына жатып, оқитын болды. Бұл кезде өтпелі кезеңнің қыспағын жекешелендіру мен қысқартудың бейнетін әркім, әр мекеме әр шаруашылық өздерінше көріп жатқан болатын. Ол кездері жағдайыңды сезініп, қолдайтын сөзімізді сөйлейтіндер жоқ еді. Неғұрлым жұмыс орны қысқарып, мекемелер жабылып жатса, жұмысына оң нәтиже беретін кез. Әрине, жоғары жақ айтса бас шұлғып орындауға үйреніп қалғандарға кінә да артуға болмайтын шақ. Жоғары жақтың Жалағаштағы №15 кәсіптік-техникалық мектепті жабудағы ұстамы – оқу орны типтік жобада салынбаған. Ескі, бұрынғы тараған МТС-тің орнына орналасқан. Зертханалар мен шеберханалары типтік жобада емес, қолдан салынған деген сылтаулар болды. Біздің ауданнан басқа аудандармен қалада КТУ-лар типтік жобада салынған болатын. Жобаға сәйкес, оқытушы қызметкерлеріне арналған 16 пәтер қоса салынатын. Өкініштісі, сол облыстағы күріштің үш тен бірін өндіретін, Қызылорда облысының кезінде Қостанайы аталған ауданның еңбек байлығын жасап, атын асқақтатқан майталман механизаторлар шыққан оқу орнына сол жылдары басына қара бұлт орнаған еді. Мен басқарған жылдары кәсіптік мектепке оқушылар қабылдау жоспары артығымен орындалып тұрды. Оқу-тәрбие, үлгерім, оқушылардың сабаққа қатысуы, түрлі пән сайыстарымен спорттық жарыстарда көркем өнерпаздардың байқауында т.б көпшілік жұмыстарда біздің кәсіптік мектеп облыстағы кәсіптік білім беретін оқу орындарының алдыңғы үштігінен көрініп жүрді. Сол жылдары училище ұжымы Қызылорда қаласында өтетін жәрмеңкеге жиі қатысатын...
Нарық кезінде қолөнер, тұрмыстық бұйымдар жасау цехтары ұйымдастырылып қосымша табыс табу көзіне айналды. Қой жүндері өңделіп, киіз басу, кілем алаша т.б төсеніштер тоықылып сатуға шығарылып тұрды. Тігін цехы жұмыс істеді. Ер-әбзелдер жасауды қолға алған болатынбыз. Шығарылған өнімдер мен бұйымдар сұранысқа ие болған еді. Техникаларды шаруашылықтар мен кәсіпорындарға келісім шартпен жалға бере отырып табыс табу жолға қойылды. Көліктер мен автобустарымыз ақылы қызмет жасады. Оқу шаруашылығында күріш, көкөніс, бақша, картоп егіліп, оқушылардың асханасына беріліп, оқытушы қызметкерлерге арзан бағамен сатылатын. Сол жылдары училищенің арнайы есеп шотында миллионға жуық қаржы болатын. Бұл қаржы училищенің техникалық базасын жақсартуға, қосымша шеберханалармен оқу кабинеттерін жабдықтауға, техникалық күтім жасайтын орын ашуға, қосымша жаңа мамандықтың электр газбен дәнекерлеуші, құрылысшы, электрик пен аспазшы мамандықтарына, шеберханалармен лаборатория және жұмыс орын жасауға, құрылыс жабдықтарын алуға, оқу шаруашылық жұмыстарына, түрлі іс-шараларға алдын ала жасалған сметалық құжаттар негізінде жұмсалатын. Училище кәсіподақ комитетімен бірлесіп, аз қамтамасыз етілген отбасыларынан шыққан оқушылар мен оқу орнының оқытушы қызметкерлеріне материалдық көмек ретінде түрлі мәдени, спорттық іс-шараларға жұмсалатын. Осы тұста мен оқу орнының директорлық қызметінен кеткеннен кейін, кәсіптік мектептің бас есепшісі болған белгілі қаржыгер Бердан Әмитов марқұм бір кездескенде:
«Реке! Сіз жинап кеткен арнайы есеп шоттағы қаржыны өзім қызметтен кеткенімше жұмсауыма жетті. Сізге рақмет деген еді. Бұл да болса азаматтың менің атыма айтылған жылы лебізі болатын. 1987 жылдың шілде айында ауданға іс-сапармен келген облыс басшысы Еркін Әуелбеков аудан басшылары О.Сәпиев, М.Әбдразақов, облыстық кәсіптік техникалық білім беру басқармасының бастығы Кеңес Шәймерденовті ертіп, училищенің тыныс тірішілігімен танысты. Ол кісі аралап көрумен қатар, әр нысанның атқаратын жұмыс мақсатын, жабдықталуын сұрап, кемшіліктерін оны жөндеудегі жұмыстарды өзі атап, көрсетіп менен емтихан алған еді.
Сондағы ол кісінің айтқаны: «Жолдас директор! Оқу орнының жұмысын қазіргі уақыттың талабына сай жолға қойыңыз. Аудан басшылығы, облыстық кәсіптік техникалық білім беру басқармасы бастығы К.Шәймерденов көмектесетін болады» деп тапсырма берді. Маған қандай мәселең бар деді? Мен оқу орнына салынуға тиісті көпсалалы оқушыларға тұрмыстық, спорттық қызмет көрсететін асхана, оқу акт залдары, кітапхана, тренажор бөлмелері бар, әмбебап кешенінің көп жылдар бойы жоспарға енгізілмей кейінге қалдырылып, келе жатқанын айтып, осы құрылыстың басталуына көмек сұрадым.
Ертеңіне ПМК-05 мекемесінің бастығы, бас инженері марқұм Ә.Жадақов, аудандық ауылшаруашылық басқармасының құрылыс бөлімінің бастығы Ш.Қабылбаев, аудандық Кеңес Атқару Комитеті төрағасының орынбасары РАПО бастығы С.Әлиев құрылыс жұмысын бастау үшін елу мың сом қаржы бөліп, жұмысқа мұрындық болды. Бірақ, жоспарсыз басталған ірі құрылыс менің жұмысымды ауырлата түсті. Жобалау-сметалық құжаттарын дайындау, оны қорғап өткізу, ақша қаражатын жоғары орындардан сұрап шешу, ең қиыны алдағы жылдың жоспарына енгізу үшін Ф.Фаткульдиновтың келісімін алу өз алдына қиямет болды. Мынандай жағдай болды: Е.Әуелбековтен құрылыс жұмыстың басталуы жайлы тікелей тапсырма алып, Ф.Фаткульдиновтың тресіне бардым. Ол кісіге кірерге дейін өзім білетін күрделі құрылыс бөлімінің бастығы Серік Жүсіпов деген азаматқа барып, тапсырманы көрсетіп, ауданда басталып кеткен жұмысты айтып, жоспарға енгізу, қаржы мәселесін шешудің жолдарын сұрадым. Азамат түсінікті жауап беріп, бастық келіссе бәрі де шешілетіндігін айтып түсіндірді. Сол кездердегі облыстағы құрылыс жұмыстарының басшысы Ф.Фаткульдиновті жиналыстарда көріп, сыртынан білгенім болмаса алдына бармаған едім.
Не керек, мәселе осы жерде шешілді. Құрылыс жұмысы қарқынмен жүре бастады. Құрылысты сапалы жүргізу үшін бақылауға арнайы маман бөлінді. Мен де адам мен техникадан көмек беріп отырдым. Келер жылдың жаз айында құрылыс жұмысы аяқталуға жақындады. Ірі құрылыс жұмысының жазылмаған заңында, жұмыс жүріп жатқан кезде ішкі құрылыс жабдықтары бірге орнатылып, қоса жүреді екен. Ал, бізде жоспардан тыс басталған тұрмыстық, спорттық кешеннің асхана, спорт, акт, кітапхана т.б нысандардың жабдықтары әкелінбеген. Алдын ала сұраныс жасалмаған болатын. Бұл мәселе тек қана Республика үкіметінің тарапынан шешілетіндігі төбемізден жай түсіргендей болды. Бұл мәселені ауданымыздың сол кездегі іскер басшысы, парасатты азамат, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Биғали Қаюпов мырзаның тікелей араласуына тура келді. Б.Қаюпов осы және басқа да мәселелерді шешу үшін сол жылдың шілде айында ауданның бір топ ел басқарып жүрген азаматтарын ертіп, Алматыға өзімен бірге алып барды. Б.Қаюпов біздерді Республикалық Агроөндірістік кешенінің төрағасы Есимов мырзаға алып кірді. Ол кісі Биғалимен Мәскеудегі жоғары қоғамдық академияда бірге тыңдаушы кездерінен жақын таныс екен. Біздерді ол кісі жақсы қарсы алды. Биекең бәрімізді тантыстырып, келген жұмыстарымыздың шешілуіне көмек сұрады. Сол жерде Өмекеңнің Әулие Ата тұқымды қашар алуға жерлесі Алматы обкомының ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі марқұм Қаһарман Бабағұлов, Өмірбек Шәменовтің шаруашылығына жем алу Үштөбедегі жем комбинатының директоры жерлес ініміз марқұм Сұлтанмұрат Тәйтіков арқылы шешімін тапты. Менің жоспарсыз басталған кешенге жабдықтар алуға шамасының келмейтіндігін айтты. Есимов мұндай құрылыстарға жабдықтар жоспарға сәйкес екі-үш жыл бұрын одақтың көлеміндегі заводтарға тапсырыс беріліп қоятындығын түсіндірумен болды. Биғали болса Есимовке өзінің құзырындағы Республикалық Госкомсельхозтехниканың бастығына біздің көзімізше телефон шалдырды. Әңгіме бітпейтін жағдайға қарай ұзаққа созылды. Қысқасы, аудан басшысы Республикаға Жоғары Кеңесінің депутаты ретінде ертең өзіңе барып, депутаттық сауал жасаймын деп ескертті. Есимовтен шыққаннан кейін Биғали Республика министрлер Кеңесінің ауруханасында жатқан Қонекеңе жағдайын білуге кетті. Ол кісіге біздердің атымыздан сәлем айтуды өтіндік. Ертеңіне Биғали Кенжеғара мен үшеуміз Республикалық Госкомсельхозтехника кешеніне бардық. Алып ауланы алып жаткан кешенді аралап келеміз. Қызу жұмыс жүріп жатыр. Республиканың техникалық базасында жұмыс істеп жатқан қаракөздерді көре алмадық. Құтты бір бөтен елде болғандай болдық. Осындай оймен зәулім ғимараттың жоғарғы қабатындағы басқарушының қабылдауына келіп отырдық. Бастық бос емес екен. Күтуге тура келді. Шыдамы таусылған Биғали визиткасын көрсетіп, депутаттық сауалмен келіп тұрғанын хабардар етті. Бастық үшеумізді де қабылдады. Қысқасы, базада ондай жабдықтардың жоқ екенін, алынып кеткендігін, біздерге келесі жылы алатындығын айтып маңайына жуытпады. Жұмыстың орындалмайтынын білген Биғали ертең Жоғары Кеңестің кезекті сессиясында арнайы қоятындығын айтып, өзінің депутаттық құзырын пайдалануға кірісіп, басқарушының мысын баса бастады. Атам қазақ айтқандай «өзіңнен күшті шықса, екі көзің сонда шығады» дегендей еврей басқарушы сабасына түсіп, депутат үшін нарушениеге баруыма тура келді деп Солтүстік Қазақстан облысындағы дайындау министрлігінің құзырына қарайтын салынып жатқан училищенің жабдығын беруге тапсырма берді. Кенжеғара екеуміз товаровед көккөз сары қыздың соңына еріп, қуанғандығымыздан гүлімізді тарту етіп, «наряд» қағазымызды алып, көлік жіберіп жабдықтарды алуға, тасымалдауға облыстық Госкомсельхозтехникаға хабарлап, мен ауылға қайттым. Облыстың, ауданның бірінші басшыларымен Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутатынан бастап, тайлы-таяғымызға дейін шапқылап, Кеңес дәуірінің ыдырау кезінде ауданда салынған кешенді құрылысты училищенің ұжымы үш ақ жыл пайдаланды. Кәсіптік-техникалық мамандар дайындайтын, оқу орнының техникаларымен жылжымайтын мүліктері жекешелендіруге жатпайды деген заңды кешегі аласапыран өтпелі кезеңде белден басып, жекеге болмашы ақшаға сатылып кеткендігі өкінішті. Заман жақсарып, қоғам көтерілген кезде Елбасының осы саланы дамытудағы «Агробизнес 2020» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынып жатыр.
Агротехникалық салаға мамандар даярлап жатқан ауданның аға оқу орнының бұрынғы меншігінде болған осы кешенді салуға ел басқарған атпал азаматтардың күшіменен салынған ғимарат 60 жылдықтың қарсаңында қайта қайтарылады деген үміттеміз.
Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.