Алматылық жүргізушілерге Назарбаев даңғылында солға бұрылуға тыйым салынды. Полиция себебін түсіндірді
Алматылық полиция қызметкерлері Назарбаев даңғылында неліктен көліктерге солға бұрылуға тыйым салынғанын түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап Stan.kz.
Бұдан былай Назарбаев даңғылының бойымен қозғалған көліктерге Бөгенбай батыр және Райымбек батыр көшелерінің қиылысында солға бұрылуға болмайды.
Тәртіп сақшыларының сөзінше, мұндай өзгертулер қажеттіліктен туындап отыр. Олар мұны Назарбаев даңғылының Жансүгіров көшесіне дейін жалғастырылуы және көлік жолайрығының құрылысымен байланыстырды.
Қазіргі уақытта жүргізушілерге көпір астындағы жолайрық аумағында бұрылуға болады.
"Қақтығыс нүктелері мен екі бағыттағы көліктердің көптігіне талдау жасалғаннан кейін, солтүстік бағытта қозғалған көліктерге Назарбаев даңғылы мен Бөгенбай батыр көшесінің қиылысында солға бұрылуға тыйым салынып отыр", - дейді департаменттегілер.
Жүргізушілерге бұл туралы неліктен ескертілмегені туралы сұраққа жауап берген департамент өкілдері мұндай міндеттің заңда қарастырылмағанын айтты. Жүргізушілер жол белгілерін өздері бақылауы тиіс.